Дәрігер кеңесі
Жаз мезгілінде ауа температурасының күрт көтерілуі адам ағзасына елеулі салмақ түсіреді. Әсіресе балалар, қарттар, жүкті әйелдер және созылмалы аурулары бар адамдар аптап ыстықтың әсерін көбірек сезінеді. Осыған орай, аптап ыстықтан сақтану жолдары туралы №3 қалалық емханасының дәрігері Хасанова Нилуфар Шайдулақызымен сұхбаттасқан едік.
– Аптап ыстық адам денсаулығына қалай әсер етеді?
– Ауа температурасының шамадан тыс көтерілуі ағзаның жылу алмасу жүйесіне күш түсіреді. Соның салдарынан адам тез шаршайды, әлсіздік, бас айналу, бас ауруы, жүрек қағуы байқалуы мүмкін. Кейбір жағдайларда күн өту немесе ыстықтан естен тану қаупі де бар. Сондықтан ыстық күндері денсаулыққа ерекше мән берген жөн.
– Аптап ыстық кімдер үшін аса қауіпті?
– Ең алдымен нәрестелер мен балалар, егде жастағы адамдар, жүкті әйелдер, сондай-ақ жүрек-қан тамырлары, қант диабеті, тыныс алу жүйесі аурулары бар науқастар қауіп тобына жатады. Бұл азаматтар күннің ең ыстық уақытында далада ұзақ жүрмегені дұрыс.
– Ыстықтан сақтану үшін қандай кеңес бересіз?
– Күннің ең ыстық мезгілі – сағат 11:00 мен 17:00 аралығында мүмкіндігінше көлеңкеде немесе салқын жерде болған дұрыс. Күні бойы жеткілікті мөлшерде таза су ішіп, жеңіл әрі ашық түсті киім киген жөн. Бас киім тағуды ұмытпау керек. Майлы әрі ауыр тағамдарды азайтып, көкөніс пен жеміс-жидекті көбірек тұтынуға кеңес беремін.
– Күн өткенін қалай байқауға болады?
– Күн өткен кезде дене қызуы көтеріледі, қатты бас ауырады, жүрек айнуы, құсу, әлсіздік, бас айналу байқалады. Кейде адам есінен тануы мүмкін. Мұндай жағдайда науқасты дереу көлеңкеге немесе салқын жерге апарып, киімін жеңілдетіп, су беріп, денесін салқындату қажет. Егер жағдайы жақсармаса, міндетті түрде жедел медициналық көмекке жүгіну керек.
– Созылмалы ауруы бар адамдар нені ескеруі тиіс?
– Мұндай азаматтар дәрігер тағайындаған ем-домын үзбей қабылдап, қан қысымы мен жалпы жағдайын бақылап жүргені маңызды. Қажет болған жағдайда емдеуші дәрігердің кеңесіне жүгінген дұрыс. Сондай-ақ ыстық күндері ағзаға артық күш түсіретін жұмыстардан аулақ болған жөн.
– Оқырмандарға айтар негізгі кеңесіңіз қандай?
– Аптап ыстықтың алдын алу – әр адамның өз қолында. Денсаулыққа жауапкершілікпен қарап, қарапайым сақтық шараларын сақтасаңыздар, жаз мезгілін қауіпсіз әрі жайлы өткізуге болады. Өздеріңізді ғана емес, жақындарыңызды, әсіресе балалар мен қарттарды да назардан тыс қалдырмаңыздар.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
