Бала тілі былдырлап шығып, оның алғаш айтқан сөзін есту – ата-ана үшін үлкен қуаныш. Себебі былдырлап сөйлей бастаған балаға түрлі сөз үйретіп, қызықтап жүрудің өзі ең бақытты сәттердің бірі. Алайда соңғы жылдары көптеген ата-ана осы сәтті ұзақ күтуге мәжбүр болып жүр. Себебі жан-жағымыздан-ақ байқасақ, баланың кеш сөйлеуі көбеюде. Бұрынғыдай «сөйлеп кетеді» деп жүре беріп, уақыт жоғалтып алғандар да бар. Сондықтан бұл мәселені кейінге қалдыруға болмайды. Қазіргі кезде бала тілінің кеш шығуы алаңдататып тұр. Осы мәселе төңірегінде көкейдегі сұрақтарға жауап алу мақсатында көпбейінді облыстық балалар ауруханасының логопед маманы Арайлым Шымпатқызымен сұхбасқан едік.

– Бұрын логопед-дефектолог маманы туралы жиі айтыла бермейтін. Қазір бұл мамандық сұранысқа ие. Бұл сала несімен қызықтырды?
– Балалардың дамуына үлес қосу, олардың анық әрі еркін сөйлеуіне көмектесу бала кездегі арманым болған еді. Сондықтан осы логопедия саласын таңдадым. Логопедияда біз баланы жан-жақты дамытамыз. Бұл – сөйлеу тілін, сөйлеудегі кемшіліктерді түзетіп, баланың қоғаммен еркін қарым-қатынас жасауына көмектесетін негізгі мамандықтардың бірі. Дұрыс сөйлеуді үйрету – баланың тұлғалық дамуына жол ашу деген сөз. Сондықтан әр баланың дамуына көмегім тиіп жатқан болса, мен үшін үлкен қуаныш. Бүлдіршіннің таза сөйлеуіне үлесімді қосу – басты мақсатым. Кәсіптік міндетімді мінсіз атқару үшін үнемі өзімді жетілдіріп, жаңа дағдыларды меңгеруге талпынамын. Жалпы, баламен жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ал оның нәтижесі әр маманға қуаныш сыйлайды.
– Логопед – тек тілдегі мүкістікті түзетумен айналысатын маман деп білеміз. Бұдан бөлек, оның қандай міндеттері бар?
– Логопед мамандығы тек дыбыстарды дұрыс айтқызып қана қоймай, тұтығу жағдайларында, дыбыстарды бұрмалау немесе кейбір әріптерді дұрыс айтпағанда, солардың барлығын жөнге келтірумен айналысады. Баланың жасы, темпераменті, даму деңгейі ескеріліп, әр балаға жеке тәсіл таңдалады. Сондықтан логопедтің бірінші міндеті – баланың ішкі әлемін түсіну, оның мүмкіндіктерін анықтау. Ал одан кейін тіл кемістігін жан-жақты диагностикалау басталады. Ата-анамен өте тығыз байланыста боламыз. Үй жағдайында орындау үшін арнайы тапсырма береміз. Мұнан соң ол жаттығулардың сапалы орындалуын қадағалаймыз. Әрбір жаттығу баланың жасына, қажеттілігіне сай таңдалады. Жұмыс барысында ойын әдістерін кеңінен пайдаланамыз. Себебі бала ойын арқылы тез қабылдайды және белсенді әрекет етеді. Біздің жұмысымыз тек техникалық жаттығулармен шектелмейді. Әрбір маман баланың бойындағы сенімсіздікті жоюға, сөйлеуге деген қызығушылығын ояту, өзін еркін сезінуге жағдай жасауға күш салады.

– Жалпы, ата-ана баласын логопедке қай кезде апарған дұрыс? Балаға қандай жағдайда маманның көмегі қажет?
– Негізінен бала 2-3 жасқа келгенде көмекке жүгінгені өте ыңғайлы. Кішкентай кезінде, ерте басталған диагностика тиімді әрі нәтижелі жұмыс көрсетеді. Сондықтан ата-ана сол шағында ерекшеліктерді байқаса, бірден маманға қаралуды ұсынамыз. Мысалы, кейбір балалар шақырса қарамайды, атын айтқан кезде анасын танымайды немесе дыбыстарға реакция білдірмейді. Сондай кезде невропатологқа көрінуге кеңес береміз. Ата-ана невропатологқа барып, тиісті диагнозды анықтаған соң, бізге келеді де, біз ары қарай түзету жұмыстарын жүргіземіз.
– Логопедпен бірге дефектолог мамандығы қатар айтылады. Дефектологтың көмегі қандай?
– Дефектология – бұл ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істетін сала. Бұл мамандар баланың дамуындағы ерекшеліктерді анықтап, дамыту жұмыстарын жүргізеді. Ал логопедия – осы дефектология саласының бір бөлігі. Айырмашылығын қарапайым мысалмен түсіндіріп өтейін. Дефектолог баланың түсінігімен жұмыс істейді. Мысалы, балаға «есікті жауып келші» деп қарапайым тапсырма бергенде, ол түсінбесе, анасының кім екенін қолымен көрсете алмаса, мұндай түсінікті дамытумен дефектолог айналысады. Логопед баланың сөйлеуімен және сөздік қорымен жұмыс істейді. Бала алғаш келгенде, онда қарапайым түсінік болмаса, біз оны логопедиялық сабаққа қабылдамаймыз. Өйткені бала әлі дайын емес. Ал егер бала бәрін түсініп, ата-анасын танып, бірақ екі сөздің басын қосып сөйлей алмаса, онда оны логопед ретінде қабылдап, қысқа сөйлемдер құрауды үйретеміз.

– Нәтижеге жету үшін қанша уақыт қажет?
– Дәл осы тұста нәтиже шығару тікелей бізге байланысты деп айту қате пікір. Бұл баланың өзіне және ата-ананың жауапкершілігіне байланысты. Аутизм белгілері бар балалар болса, 6 айдан 1 жылға дейін уақыт кетуі мүмкін. Ал қарапайым, түсінігі бар, тек сөздік қоры аз балалар 10-15 күннің ішінде-ақ сөздік қорын көбейте бастайды. Сонымен қатар баланың нәтиже көрсетуі ата-анасына да байланысты. Ата-ана берілген тапсырмаларды үйде үздіксіз қайталап отырса, нәтиже өте жылдам болады. Егерде дамуына қатысты берілген тапсырмалар үйде уақытылы орындалмаса, көп күтуге тура келеді. Қазіргі таңда баласының анық сөйлемей жүргенін тез байқап, уақытылы мамандарға әкелетін ата-аналар көп. Бұл баланың дамуына ата-ана тарапынан назар аударылып отырғанын көрсетеді.
– Балалардың мектепке дейін немесе 1-сыныпқа барған кезде дыбыстарды дұрыс айта алмауы қаншалықты қалыпты?
– Мектеп табалдырығын аттаған балалардың көпшілігі айналасындағыларды жақсы түсінеді, бірақ ойын жеткізе алмайды. Кейбір дыбыстарды мысалы, «с», «ш» немесе «з»-ны дұрыс айтпауы немесе шатастыруы мүмкін. Сондай балаларды да қабылдаймыз. Ал «р»дыбысына келетін болсақ, 5 жасқа дейін бұл дыбысты айта алмау қалыпты болып саналады. Егер бала 5 жастан асқаннан кейінде «р» дыбысын дұрыс айта алмаса, логопед маманына қаралып, арнайы артикуляциялық жаттығу арқылы дыбысты қалыптастыру жұмыстарын жүргізген жөн.

– Сіздің қабылдауыңызға келетін балалардың көбі неше жаста?
– Қазіргі кезде қабылдауға 2 жастан бастап келеді. Маман ретінде айтарым, тілдегі ақауларды ерте жастан түзеткен әлдеқайда нәтижелі. Дегенмен, кез келген жаста түзетуге болады. Ол үшін уақыт пен жүйелі еңбек керек. Баланың сөйлеуінде ақау байқалса, уақыт созбай бірден невропатолог, логопед, дефектолог мамандарына көрсеткен жөн. Әсіресе, 3 жас өте маңызды кезең. Осы жаста бала сөздерді байланыстырып сөйлей алмаса немесе сөздік қоры жас ерекшелігіне сай болмаса, бұл логопедтің көмегіне жүгінетін уақыт келгенін білдіреді. Кейбір ата-аналар «өзі сөйлеп кетеді» деп 4-5 жасқа дейін күтеді. Алайда уақыт өткізіп алу салдарынан түзету жұмысы ұзарып, күрделене түсу мүмкін.
– Жыл айырмашылығына салсақ, кейінгі жылдары сіздерге жүгінетін ата-аналар көп пе? Салыстырмалы түрде қарағанда бала тілінің кеш шығуы бұрынғыдай ма?
– Кейінгі жылдары бізге жүгінетін ата-аналардың саны артты. 2019-2024 жылдар аралығындағы көрсеткіштерді салыстырсақ, бала тілінің кеш шығуы жылдан-жылға артып келеді. Негізгі себептердің бірі – 8-9 айлығынан бастап телефонға телміріп, дайын анимация көруі. Бұл баланың ойлау қабілетін төмендетіп, сөйлеуге деген ынтасын жояды және ашушаңдық пен агрессия тудырады. Қазір көптеген ата-ана балаларына көңіл бөлмейді. Ең бастысы, «балам мазаламаса болды» деп ойлайды. Осының салдарынан бала мен ата-ананың арасындағы байланыс ажырап, диалог үзіледі. Міне, дәл осы тұста баланың бойында даму үрдісі кешіге бастайды.
– Өзіміз баланың дамуына кері әсер етіп жүрген жоқпыз ба? Айтайын дегенім көп жағдайда телефоннан деп естіп жүрміз…
– Бала тілінің кеш шығуы баланың дамуына байланысты. Негізгі себебі анасының жағдайы мен дүниеге келгеннен кейінгі анамен қарым-қатынасы тікелей маңызды. Көп жағдайда нақты бір немесе бірнеше себепті айта алмаймыз. Себебі қазіргі таңда балалардың сөйлеу қабілеті әр түрлі дамиды. Жүкті кездегі ауыр жағдайлар, денсаулық мәселелері, экология, анемия немесе телефон мен гаджеттердің кері әсері себеп болуы мүмкін. Қазіргі балалар мультфильмдерді көп көреді. Ондағы кейіпкерлер тез-тез сөйлейді. Сонымен қатар ағылшын, орыс тілінде тыңдау салдарынан баланың сөздік қоры араласып кетеді. Сондықтан ата-аналарға гаджетті шектеуді ұсынамыз. Мүлдем тыйып тастау қиын, бірақ белгілі бір уақытпен мысалы, күніне 20 минуттан 1 сағатқа дейін баланың жасына қарай мөлшерлеп және белгілі бір талаппен беру қажет. Егер баланың 3 жасқа дейін тілі анық шықпаса, логопед маманына апарып, диагностика жасату қажет. Егер мінез-құлқында ерекшелік болмаса, логопедиялық сабақтар тез нәтиже көрсетеді. Сондықтан баланың сөйлеуін дамытуды кейінге ысырып, өкініп қалмаған жөн.
– Ал дыбыстарды дұрыс айтуға қалай дағдыландыруға болады?
– Баланың сөйлеуін дамытуға үйде де көмектесуге болады. Бала сөйлесе де, сөйлемесе де артикуляциялық және тыныс алу жаттығулары өте пайдалы. Үй жағдайындағы жаттығуларға тоқталып өтсем, «футбол» жаттығуы тілді оң және сол ұртына қою арқылы жасалады. Бұл әсіресе «р» және «ң» дыбыстарын ажырата алмай жүрген балаларға тиімді. Сондай-ақ тыныс алу жаттығулары да маңызды. Мұндай жаттығуларды күніне кемінде 5 минут орындауды ұсынамыз.
– Маман ретінде ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз? Балада тіл кемістігі болмаса да күнделікті қандай жаттығу жасау керек?
– Баланы анық сөйлетудің жолы – баламен жиі сөйлесу. Балаға үйдегі, даладағы немесе басқа да жерлерде болып жатқан құбылыстарды түсіндіріп отыру қажет. Ата-ана әр оқиғаны қызықты етіп баяндап, оның ойын сұрау қажет. Сондай-ақ баламен жиі ойнау керек. Дәл осындай әдістерге күнделікті 10-15 минут арнасада жеткілікті. Үйде отырып сөйлеуді дамытудың қарапайым жолдары көп. Баланың сөйлеуі ең қарапайым дыбыстардан, бір буынды сөздерден және тұрмыстағы әрекеттерден басталады. Қазіргі таңда көптеген ата-ана уақыттың жоқтығынан немесе еріншектіктен балаға жеткілікті көңіл бөлмейді. Баланың орнына барлығын өзі жасап беруі оның дербестігі мен сөйлеу, ойлау дағдыларының кешігуіне әкеледі. Қазіргі балалар өз сезімдері мен талаптарын ашық білдіреді, кейде манипуляцияға да барады. Оларға көбірек көңіл мен ерекше тәсіл қажет. Балаға дер кезінде өз бетінше әрекет етуге мүмкіндік бермеу оның өз қатарластарынан кейін қалуына, сөйлеудің кешігуі және ойын толық жеткізе алмауы себеп болуы мүмкін. Сондықтан ата-анадан дұрыс бағыт-бағдар беру талап етіледі. Баланың сөйлеуі мен дамуы үйдегі қарапайым қарым-қатынастан басталады. Балаға дайын дүниені ұсына бермей, оған өз бетінше әрекет етуге мүмкіндік беру керек. Бала ата-ана арқылы ғана өз ойын анық жеткізуге үйренеді. Сәби өмірге келгеннен 3 жасқа дейінгі кезеңінде ата-ана үлкен жауапкершілікпен қараса, дер кезінде үлкен мәселенің алдын алады.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!