Бейсенбі, 25 сәуiр, 17:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Көп күттірген квота, жетпейтін жолдама

14.09.2021

820 0

«Бірінші байлық – денсаулық». Бұл сөздің мағынасын дәл қазіргі уақыт қатты ұғындырды. Онкологиялық аурулар адамның алқымына жабысып, коронавирус қос бүйірден қысып тұр. Сондай-ақ балалар арасындағы церебралды сал ауруы жаныңды жеп барады. Бір өкініштісі, мұндай дерттер жыл өткен сайын көбейіп, жасарып отыр.

Аурудың көптігі сонша қай ауруханаға, қай емханаға барсаң да адам лық толы. Үлкені де, кішісі де сонда. Бұрын әжеміз «жас кезімізде ауру дегенді білмеуші едік» деп жиі айтып отырушы еді. Алайда қазір дауасыз дерттің алдында кез келген адам дәрменсіз күйде. Әсіресе жыл өткен сайын мүмкіндігі шектеулі балалардың көбейіп отырғаны қынжылтады.

Бүгінде күттірген квота, жетпейтін жолдама жырымен емхана есігін тоздырып жүргендер көп. Тіпті «кезегіміз келгенше қай жеріміздің ауырғанын да ұмытып қалдық» деген сөзді жиі естиміз. Денсаулық саласындағы бітпейтін қағазбастылық ауру адамды қажытып жібереді. Әрине, ауруханаға ешкім еріккеннен бармайды. Дерті жанына батқаннан соң ғана дәрігердің көмегіне жүгінеді.

Шиелі ауданының тұрғыны Ажар Болатқызының (аты-жөні өзгертілді) церебралды сал ауруына шалдыққан баласын балаларды оңалту орталығынан ақысыз ем алу үшін кезекке қойғанына үш жыл болған. Көп күттірген квотасы қолына енді ғана тиіп, жақында ем алып шықты. Оның айтуынша, емнен кейін баланың денсаулығында оң нәтиже байқалған. Қай ата-ана болсын баласының көз алдында жүрігіп жүргенін көргісі келеді ғой. Одан асқан бақыт жоқ шығар, сірә?! Ажардың да басты арманы баласының аяқтан тұрып кетуі. Ол үшін жыл сайын осылай оңалту орталығына квота берілсе дейді. Әрине, үш жыл аз уақыт емес. Сонда ауру баласын тегін емдету үшін сонша уақыт күту қажет пе?.. Өйткені ақылы емдетуге қарапайым халықтың қалтасы көтермесі белгілі. Қаржысы барлар онсыз да отандық емге телмірмей, шетелдік медицинаға жүгінуде.

Емханаға барсаң, бір жолдаманың соңында құжат дайындап, сандалып, табанынан таусылып жүргендердің айқай шығарып жатқанын көресің. Әрине, өзің айлап жүріп әрең дайындаған құжатың дұрыс емес болып, қанша күткен жолдамаң берілмесе, кім-кімнің де жүйкесі жұқарары анық. Осы орайда арнайы сала мамандарынан көп күттірген квота мен жетпейтін жолдаманың мән-жайын сұраған едік.

– Жалпы медициналық көмектің екі түрі бар – шұғыл және жоспарланған. Шұғыл медициналық көмек кезінде ешқандай да кезек болмайды. Себебі ондай жағдайда әрбір сағат, тіпті әр минут маңызды. Ал жоспарлы медициналық көмек «Емдеуге жатқызу бюросы» порталы арқылы реттеледі. Көрсеткіштер болған жағдайда дәрігер ауруханаға жатқызу үшін жолдама беріліп, емделушінің аты-жөні мен диагнозын ақпараттық жүйеге – «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына енгізеді. Осылайша науқастың ауруының түріне сәйкес медициналық қызмет көрсетілетін аурухана анықталады. Одан кейін, төсек орнының босауына, оның өткізу мүмкіндігіне қарай жатқызу күні белгіленеді. Сондықтан да ол жоспарлы деп аталады. Бүгінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы неврологиялық аурулары бар мүгедек балалар Нұр-Сұлтан, Алматы қаласындағы «Балбұлақ» және Қызылордадағы «UMC» корпоротивтік қоры «Балаларды оңалту орталығына» жолданады. Сондай-ақ «Бронхиалды демікпесі» және «Созылмалы бронхитпен» ауыратын балалар Алматы қаласындағы «Алатау» балалар шипажайына жіберіледі. Ал оңалту орталықтарының жолдамасының шектелуіне байланысты кезекке алынған балалар кезегі келген уақытта жолданады. Қазіргі кезде Нұр-Сұлтан қаласындағы оңалту орталығына 841 бала кезекте тұр. Облыс бойынша бұл орталыққа айына 8 жолдама беріледі. Жыл басынан бері 64 бала ем алып келді. Ал Алматыдағы «Балбұлақ» орталығына 405 бала кезегін күтіп отыр. Ол орталыққа айына 3 немесе 5 жолдама ғана бөлінеді. Биыл 37 бала емделіп шықты. Сонымен бірге облыстағы «UMC» корпоративтік қоры «Балаларды оңалту орталығына» айына 55 жолдама беріліп, кезекке емхана арқылы тұрады. Сегіз ай ішінде 429 бала ем қабылдады. Бұл оңалту орталығына кезекте 1071 бала тұр, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық көмекті ұйымдастыру бөлімінің басшысы Раушан Бақтыберлина.

Осыған қарап-ақ квотаның неге кешігіп берілетінін аңғаруға болады. Себебі бір квотаны телміріп күтіп отырған ауру бала мен баласының дертіне шипа іздеп, жақсылықтан үміттенген ата-ана көп.

Бүгінде осы квотадағы көп күттірген кезек мәселесін шешу үшін түрлі жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қоры жанындағы «Қамқорлық қоры» корпоративті қоры көмегі аясында аймақтағы «Көпбейінді облыстық балалар ауруханасында» «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылмақ. Сондай-ақ «Қамқорлық» қорымен қаржыландырылатын 2 жастан 14 жасқа дейінгі балаларға арналған оңалту орталығын ашу жоспарлануда. Бұл игі бастамалар қолға алынса, қаншама баланың үміті оянып, бала бақыты еселенер еді-ау.

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: