Сенбі, 27 сәуiр, 01:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

«Омикрон» штамы қайдан шықты?

09.12.2021

790 0

Соңғы кезде жер-жаһанға жайылып, адамзатты көктей солдырған коронавирус індетінің беті бері қарап,  халық мамыражай өмірін қайта бастағандай күй кешіп еді. Алайда соңғы ақпарат бойынша, шетелдіктерге вирустың жаңа түрі қайта қауіп төндіре бастады.

Әлемді «Омикрон» штамы толғандырып отыр

Экономикасы бізден әлдеқайда қуатты, медицинасы әлдеқайда мығым елдердің де талайын тізе бүктірген бұл індеттің мысы қайтар емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың тағы бір штамын қауіпті деп таныды. Бұл жаңалық қаржы биржаларындағы бағаны түсіріп, көптеген мемлекет шетел азаматтарының елге кіру шарттарын өзгертіп жатыр. Оның ішінде Қазақстан да бар. «Омикрон» деп аталған бұл штамм туралы дерек аз, бірақ мамандар мутацияның ауқымы елеулі дейді. Бұл штамм адам ағзасы үшін қаншалық қауіпті? Әзірге белгілі ақпаратты түсіндіріп көрелік.

Бүгінде АҚШ, Канада, Израиль, Австралия, Ұлыбритания, Сингапур, Малайзия Индонезия, Морокко, Жаңа Зеландия және Еуроодақ елдері халықаралық әуе рейстерін тежеді. Ал Жапония 30 қарашадан бастап шетелден келетін рейстерді мүлдем тыйып тастады. Себебі шетелдік ғалымдар бұрынғы штамдарға қарағанда мұның қаупі бес есеге дейін жоғары болуы мүмкін деп отыр. Соған қарағанда «Омикрон» штамы «Дельтаға» қарағанда әлдеқайда жұқпалы.

Штамм қашан және қайдан шықты?

Оңтүстік Африка республикасының Инновациялар және эпидемиямен күрес орталығының ғалымдары жеке зертханалармен бірлесе 9 қарашада алынған сынамадан SARS-CoV-2 жаңа нұсқасын анықтады. Ал 24 қарашада ОАР үкіметі бұл туралы ресми түрде хабарлады. Жаңа штамның техникалық атауы – «B.1.1.529». Алғашқы анықталған үлгілерді GISAID базасына жүктегенде ұқсас вирус Оңтүстік Африкадан келген Гонконгтегі науқастан табылған. Оның құрамында алпыстан астам мутация бар. Мәселен, 32-сі – S ақуызда. Басқа нұсқаларға қарағанда мутация көп болғандықтан адамдар «Омикронның» тез таралуынан қауіптенуде. Осының әсерінен оның жұқпалылығы мен антиденелерге қарсыласу қабілеті жоғары болуы мүмкін. Көбінесе 20-30 жас аралығындағы азаматтарға жұғады. Одан бөлек осы штаммен ауырып шыққан азаматтарға қайта жұғу қаупі бар.

Жаңа штамды ПТР-тест анықтай ма?

Зертханаға жіберілетін ПТР-тест инфекция туды­ратын вирустың «Омикрон», «Дельта» және басқа да нұсқаларға ұқсастығын көрсетуі мүмкін. Алайда зертханалардың бәрінде мұндай мүмкіндік жоқ. Мәселен, Ұлыбританияның өзінде зертханалардың кейбірінде «Омикронды» анықтайтын қажет технология жоқ екен. Сондықтан басқа елдер диагностикалауда қатты қиналуы мүмкін. «Омикрон» екенін растау үшін бірнеше аптаға созылатын толық генетикалық анализ қажет.

«Омикронның» белгілері қандай?

Оңтүстік африкалық дәрігер Анжелика Кутзи науқастардың арасында жастар және де тамыр соғысы өте жиі алты жасар бала болғанын айтады. Бірақ ешбірінде иіс пен дәм сезбеу болмаған. Тағы бір дәрігер Рудо Матива ауруханаға ауырлығы орта және ауыр дәрежедегі 20-30 жастағы жастар түсіп жатқанын, олардың кейбіріне интенсивті терапия қажет екенін мәлімдеді. Вакциналау және иммунизациялау комитетінің мүшесі және профессор Адам Финн оңтүстік африкалық науқастардың белгілерін талдай отырып дәм мен иіс сезу жоғалмайтынын, бірақ шаршау, жүрек қағысының жиілеуі байқалатынын атап өтті. «Дельтаға» қарағанда «Омикрон» басқа да белгілер тудыруы мүмкін деген болжам бар. Қазіргі таңда ДДСҰ омикрон симптомдары басқа нұсқалардан ерекшеленеді дегенге ешқандай дәлел жоқ екенін айтуда. Сондықтан жөтел, дене қызуы, дәм мен иіс сезбеу назар аударатын әдеттегі белгілер болып қала береді.

Елдегі шекТеу қандай?

Бұл штамм Қазақстанда әзір анықталған жоқ. Коронавирустық инфекцияның «Омикрон» штамының пайда болуына байланысты оны республика аумағына әкелуге жол бермеу мақсатында ведомствоаралық комиссияда 3 желтоқсаннан бастап келесі шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылданды. Атап айтсақ, Ботсвана, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Мадагаскар, Эсватини, Малави, Онтүстік Африка, Танзания және Гонконгтан шетел азаматтарының Қазақстанға келуін шектейді. «Омикрон» штамы анықталған Израиль, Чехия, Нидерланды, Бельгия, Ұлыбритания, Италия, Германия, Австралия, Канада және Египеттен келетін адамдар үшін екпесі бар-жоғына қарамастан міндетті ПТР тестілеудің бар болуын талап етеді. Сонымен қатар «Омикрон» штамы анықталған елден келген адамдар ПТР нәтижесіне қарамастан 7 күнге үй карантиніне оқшаулануы тиіс. Сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық комитет департаменті шетелден келген азаматтар туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органдарға уақытылы беруі керек. Египетпен әуе қатынасы уақытша тоқтайды. Сондай-ақ короновирустық инфекция штамдарын зерттеу жұмыстары жүргізіледі.

«Омикронға» вакциналар төтеп бере ала ма?

Бұл – көптің көкейіндегі сұрақ. Жаңа штамм болғандықтан қолда бар вакциналардың қалай әсер ететіні жайлы зерттеу жоқ. Еурокомиссия мәліметінше, коронавирустың жаңа нұсқасын зерттеу үшін ғалымдарға шамамен үш апта уақыт қажет. Алайда «Moderna» компаниясы жаңа штаммға қарсы қуатты вакцина әзірлеуді бастап кетті. Компания сарапшыларының пікірінше, «Омикрон» мутацияларының комбинациясы вакцинадан кейін қалыптасқан иммунитетті айтарлықтай тез әлсіретеді. «Pfizer» және «BioNTech» жаңа штамм «қауіпті» деп танылса, коронавирус инфекциясына қарсы «Comirnaty» вацинасын 100 күн ішінде «Омикронға» бейімдейді. Ал «Sinovac» компаниясы өз мамандарының «Омикрон» үлгілерін зерттеп жатқанын, қажет болса вакцина әзірлеуге дайын екенін мәлімдеді. Гамалеи атындағы орталық «Спутник V» және «Спутник Лайт» вакциналарын «Омикрон» штамына бейімдеуде.

Оңтүстік Африкада ауруханалар белгілері қауіпті жастарды көптеп қабылдап жатыр. Бірақ олардың басым бөлігі вакцина алмаған, не бір дозасын ғана алғандар. Яғни ревакциналау мен екі дозасын алу Covid-19 нұсқаларынан туатын аурулардан қорғанудың жақсы әдісі болып қала береді.

Қарап отырсаңыз, коронавирус індеті халықты қандай нәрсеге де дайын болуға үйретті. Осы кезге дейін коронавирус елді әбігерге түсіріп, қаншама жанды жақынынан айырды. Тіпті «Үйден шықпа», «Қонаққа барма», «Той жасама», «Науқастың көңілін сұрама», «Жаназаға барма», «Қол алып, құшақтасып амандаспа» деген сөздер күнделікті күйбең тіршіліктің шындығына айналды. Ықылым заманнан қойы қоралас, ауылы аралас күн кешіп, шаңырағынан мейман үзілмеген қонақжай халқымыз үшін мұндай талапты бұлжытпай орындап, темірдей тәртіпке бас ию оңайға соқпады. Алдағы уақытта да карантин талабы артса, «Шақырған жерге барма» деген бүгінгінің «мәтелі» қайта күшіне енуі мүмін. Себебі жау жағадан алып, жаңа штамм қос өкпені қыса түспесіне ешкім кепіл бола алмайды. Сондықтан «Сақтансаң сақтайды» деген сөзді жадымыздан шығармағанымыз абзал.

А.ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: