Сенбі, 27 сәуiр, 23:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

Қызылша дендеп барады

14.11.2023

806 0

Сурет: tehcollege.kz

1954 жылы Нобель сыйлығының лауреаты, танымал вирусолог Джон Эндерс пен дәрігер Томас Пиблз қызылшамен ауырған адамдардың қан құрамы мен ауыз қуысындағы микроэлементтерді жинақтап, зерттеген. Содан 1963 жылы Джон Эндерс өндіріп алған штаммнан қызылшаға қарсы тұңғыш вакцина жасап шығарған. Яғни зерттеулер нәтижесінде кімнен бастау алғаны анықталып, бұл вирустың атауы 13 жасар жасөспірім баланың атына берілген. Алайда ол кезде бұл дәрі-дәрмекті жаппай қолданудың мүмкіндігі болмаған. Араға бес жыл салғаннан кейін әріптесі  1968 жылы америкалық микробиолог Моррис Хиллеман тағы бір вакцина жасап шығарады және ол вакцина тарихтағы ең сәтті вакцина деп саналған.           

Биыл елімізде  қызылша ауруы өршіп тұр. Әсіресе балалар арасында күннен-күнге көбеюде. Бұл вирусқа бей-жай қарауға болмайды, себебі ол да қауіпті инфекция саналады. Өйткені бұл вирустың емі жоқ. Мұнымен ауырған адамның дене қызуы көтеріле бастайды. Одан кейін денеге қызыл түсті бөртпелер қаптап шығады. Жалпы қызылша ауруының жазылуы бұл адамның иммунитетіне байланысты әртүрлі болмақ.  Статистика бойынша бұл вирусты он адамның тоғызы жұқтырады екен. Сондықтан ол жұқпалы әрі өкпенің тыныс алу жолының инфекциясы қатарына жатады. Яғни оның жұғу көрсеткіші тым жоғары болғандықтан ол коронавирус тәрізді жылдам әрі тез таралатын вирус түрі.

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қыз­метінде берген брифингте қызылша ауруының эпидемиологиялық ахуалының күрделі екенін әрі оның жоғары деңгейі Шымкент қала­сында, Жамбыл және Алматы облыстарында және Алматы қаласында тіркелгенін айтты.

–  Вакцинация алмаған балалар 71% құрайды. Бұл ретте, 60%  балалар екпе егуден бас тартуға байланысты, 18%  медициналық қарсы көрсетілім бойынша, 21%  егу жасына жетпеген балалар, – деді вице-министр.

Облыстағы ахуал қалай?

Лабораториялық зерттеу нәтижесіне сәйкес Қызыл­орда облысында 876 қызылша ауруы тіркелген. Оның  ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 767 жағдай анықталса, оның 198-і  1 жасқа толмаған сәби­лер. Ал ересек адамдардың арасында 109 науқас анық­талған.

– Қызылша індетіне шалдық­қандардың басым бөлігі ауру­ға қарсы екпе алмаған, олар­дың саны жалпы сыр­қат­танушылықтың 79%-ын құрайды. Оның ішінде медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты екпе ал­мағандар-16% бол­са, екпе алатын жасқа жетпегендер 34% болып отыр. Вакцинациядан бас тартқандар 48% болса, сондай-ақ жоспарлы вакцина алуға тиісті мерзімде негізсіз се­беп­термен (жол жүріп кету, тұрғылықты мекен-жайынан тыс жерде болу, т.б.) екпе алмай жүр­гендер көрсеткіші 2%-ды құрайды. Бұдан бөлек, 102 нау­қастың қызылшаға қарсы им­мундық көрсеткіші белгісіз екені анықталды. Ауырғандардың ішінде екпе алған науқастар да бар, алайда олар қызылшаға қарсы екпенің толық курсын алмаған, тек 1 дозасын алған. Яғни ағзада толық иммунитет қалыптаспағандықтан, олардың арасында қазір ауруды жұқтырып алу дерегі орын алып отыр, – дейді Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық ба­қылау де­партаменті бас­шысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Сонымен қатар эпидемиологиялық ахуал тек біздің елде емес, бүкіл әлемде күрделенуінің себебін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус пандемиясы сал­дарынан халық арасында қызылша ауруына қарсы вакцинациялау төмендеп, екпеден бас тартушылардың артуымен байланыстырады. Себебі ұжымдық иммунитет бәсеңдеген сайын, ауру жұқтырып алу қаупі күшейе түседі. Сондықтан  қауіп тобында екпе алмаған, иммунитеті төмен адамдар бар.

Бүгінгі күні қызылша ауруының эпидемио­логиялық ахуалын тұрақтандыру бойынша алдын алу шаралары тұрақты жүргізілуде. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық ба­қылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова айтты.

– Атап айтқанда еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2023 жылғы 14 наурыздағы №1 қаулысына сәйкес шетелдік азаматтарды қоса алғанда ақпараттандырылған келісімді алғаннан кейін қызылшамен ауыратын  науқаспен соңғы байланыста болған сәттен бастап 72 сағаттан кешіктірмей байланыста болған 30 жасқа дейінгі адамдарға шұғыл вакцинация жүргізілуде. Бұдан бөлек аурудың соңғы жағдайы анықталған сәтінен бастап 21 тәуліктің ішінде байланыста болған адам күнделікті медициналық бақылауға алынуда, – дейді  Әлия Әбдіқайымова

Маманның сөзінше вакцинациялаумен төмен қамтылған, халықтың әлжуаз топтары бар және көшіп-қонушылардың, тіркелмеген адамдардың саны жоғары аумақтарға аса назар аудара отырып,  өңір бойынша 30 жасқа дейінгі адамдардың екпе алуына талдау жүргізу, Қазақстан Республикасының азаматтары ара­сында қызылшаға қарсы егілмеген және екпе алу туралы деректері жоқ адамдар анықталған кезде ақпараттандырылған келісімді алғаннан кейін оларды бір рет иммундау бойынша шаралар қабылдануда. Сондай-ақ ақ­параттандырылған келісімді алғаннан кейін бұрын қызылшаға қарсы екпе алмаған 55 жасқа дейінгі медицина қызметкерлерін вакцинациялау жүргізілуде. Мұнымен қоса вакцинамен бас­қарылатын инфекциялардың профилактикасы және иммундаудан бас тартулар салдары бойынша халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысы күшейтілген.

Тағы бір айта кетерлігі ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 1 қа­ра­шадағы №7 қаулысына сәйкес Республика кө­ле­мінде қызылша ауруының 11 мыңнан астам жағдайына жетіп, оның 70%-дан аста­мын егілмеген ба­ла­лар құрайтын, қы­­зыл­шамен сыр­қат­тану­­шылықтың одан әрі таралуының алдын алу мақсатында биыл­ғы жылдың 6 қа­ра­шасынан бастап 6-10 айға дейінгі балаларды қызылшаға қарсы қосымша иммундау басталды. Ал 2 мен 4 жас және 11 ай мен 29 күнге дейінгі балаларды ауруға қарсы қосымша егу ҚҚП-ға қарсы вакцина партиясы түскеннен кейін осы жылдың 5 желтоқсанынан бастау алмақ. Сонымен қатар қызылшаға қарсы профилактикалық екпелері жоқ, сондай-ақ 2019-2020 жылдары және 2019 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі кезеңде эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша жүр­гізілген осы инфекцияға қарсы алдыңғы қосымша жаппай иммундау барысында қызылшаға қарсы егілмеген медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері де қосымша иммундауға жатады.

Бұл ретте 6 айлық балаларды қызылшаға қарсы ҚЖИ қызылшамен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанға дейін 2-4 жас аралығындағы мен 11 ай – 29 күнге дейінгі балалар және медицина қыз­меткерлеріне 2023 жылдың желтоқсанынан бас­тап 2024 жылдың қаңтар аралығында екпе салу жүргізіледі.

Мамандар қызылшадан ең тиімді қорғану жолы – уақытылы вакцинациялау деп отыр. Ол Ұлттық екпелер күнтізбесіне енгізілген екпе тегін жіргізіледі. Вакцинация үшін қызылшаға қарсы қауіпсіз және тиімді вакцина қызамық пен паротитке (ҚҚП) қарсы компонентпен қоса қолданылады.

Бұл жөнінде Қызылорда облыстық сани­тариялық-эпидемиологиялық бақылау депар­та­менті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова айтқан болатын.

Қызылшаның шығу себебі мен белгілері қандай?

Қызылша – бұл қызба, интоксикация, дақты-папулалы бөртпе, энантема, конъюнктива және жоғарғы тыныс жолдарының зақымдалуымен сипатталатын жедел вирустық инфекциялық ауру. Ол адамнан келесі адамға ауа тамшыларымен жөтелгенде, түшкіргенде және сөйлескенде жұғады. Бұл аурумен ауыратын адаммен тіпті қысқа уақыт қарым-қатынаста болған жағдайда да екпе алмаған адамдардың қызылшаны жұқтыру қаупі жоғары.

Егер адамдар бұл вирустың алдын алмаса пневмония мен бронхит және энцефалит сияқты ауруларға шалдығады. Тіпті медициналық көмекке кеш жүгінсе немесе қызылшамен қатар басқа аурулар болған жағдайда бұл асқынулар өлімге әкелуі мүмкін. Сондықтан ауру белгілері байқалғанда сау адамдарға жұқтырмас үшін қарым-қатынасты дереу тоқтатып, дәрігерге қаралуы керек.

Бұл ауруды жұқтырған адамның бойында он күннен соң суық тиюдің белгілері байқалады. Ашып айтатын болсақ, адамда әлсіздік, тәбет тартпау мен құрғақ жөтел және мұрыннан су ағу сынды белгілері болады. Одан кейін адамның қызуы кө­теріліп, көздің қа­бынуымен қатар жө­тел, тұмау дендеуі мүмкін. Уақыт өткен сайын ауру асқынып ауыз қуысы ісініп, қабына бастайды. Тіпті кейбір адамдарда іш өтуі де мүмкін. Арада екі үш күн өткен соң ауыздың шырышты қабығында кішкентай ақ дақтар пайда болады. Одан кейін құлақ пен мойында, сосын денеге және ең соңында қол мен аяққа бөртпелер шығады. 5 күннің ішінде денеге қаптап бөртпелер толық шыққаннан кейін адамның қызуы түсіп жағдайы  жақсара түспек.

Вируспен ауырған балаларда қандай

белгі болды?

– Менің қызым 4-сыныпқа барады. Біз барлық екпені толық алып жүрміз. Алмай қалған кезіміз болмады. Осы екпені толық алғандықтан болар қызылша ауруы жеңіл өтті десем болады.

Кезінде мен де балалық шақ­та қызылшамен ауыр­дым. Ол кез­­де вакцина бол­мағандықтан ба, әйтеуір ауыр өтті. Қатты ауыр­ғаным әлі есімнен кетпейді. Ол заманда анам қызыл көйлек кигізіп, көрпеге орап пештің түбіне отырғызып қоятын. Терлегенде қызылша қаптап төгіледі дейтін. Ал қазіргі таңда қызымды орамадым, бірден дәрігер шақырдым.

Алғашында қызымның мазасы болмай  өзімен-өзі жүретін. Сосын демалғым келеді деп жататын. Не болды екен деп  маңдайын ұстағанымда дене қызуы бар екен. Бірақ қатты көтерілген жоқ. Содан 3-4 күннен кейін денесінің әр жеріне қызыл бөртпелер шыға бастады. Дереу үйге педиатр шақырттым. Келе сала қызымды тексеріп денесіндегі бөртпенің қызылша екенін айтты. Сондай-ақ үй жағдайында не істеу керегін, толық жазылғанша үйден шығармай, желден қорғанумен қатар баланы жылы ұстап және денесіне су тигізбеу керегін түсіндірді.

Жалпы біз қазақ болған соң ырымға сенеміз ғой, қызыма қызылша шықты деп қызыл көйлек кигізіп қойдым. Осылайша үй жағдайында қызым жазылғанша дәрігердің бақылауында болдық.

Менің ойымша бұл екпені толық алғандықтан жеңіл өтті, – дейді анасы Закира Серікбайқызы.

Қызылшаның алдын алу үшін не істеу керек?

Вирустың алдын алу үшін бөлмені жиі желдетіп, ылғалды тазалау жұмыстарын жасаған дұрыс. Науқас адамның үйіне, ауру өршіп тұрғанда адам көп жерлерге бармауға кеңес беріледі. Халық көп шоғырланған орындарда маска киіп жүрген жөн. Сондай-ақ екпені уақытылы алуы керек.

Айта кетейік, екпе алған адамның қызылша ауруымен ауырмайды деген негіз жоқ. Екпе тек адамның белгілі бір аурудан жеңіл өтуіне көмектеседі. Сондықтан ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеп, уақытылы екпе алған жөн дейді мамандар.

Нәзира МҰҚАТАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: