Бейсенбі, 02 мамыр, 06:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Тырысқақ қандай ауру?

28.08.2023

617 0

Қызылорда облысы тырысқақ ауруынан Республика бойынша қауіптілігі бойынша жоғары І типті аумаққа жатады. Облысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі және өзге де тиісті салалар  бірігіп, жыл көлемінде тырысқақ ауруының алдын алу мақсатында жұмыс жасайды.

Жыл сайын мамыр-қазан айлары аралығында обаға қарсы күрес станциясның және санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының  мамандары ашық су көздеріндегі бақылау нүктелерiнен су сынамаларын алып, тырысқаққа зерттеу жүргізеді.   Бақылау нүктелерінен тырысқақ қоздырғыштары бөлінген жағдайда  жедел түрде індетке қарсы шаралар жүргізіледі. Ауыз су жүйелеріне гиперхлорлау жұмыстары жүргізіліп, сынама алу нүктелерінің саны көбейтіліп, алу жиілігі – үш реттік теріс нәтиже алғанға дейін аптасына 2-3 ретке дейін алынады. Стационарға келіп түскен жедел ішек ауруларымен ауыратын науқастарды бір рет тырысқаққа бактериологиялық тексеру жүзеге асырылады. Сонымен қатар халық арасында аурудың алдын алу бағытында санитариялық ағарту жұмыстары  тұрақты жүргізіледі. 

Қызылорда облысында жыл басынан бері тырысқақпен ауырған науқастар тіркелген жоқ.  

Тырысқақ ауруы – гастроэнтеритпен немесе энтеритпен, жалпы интоксикациямен, су-түз алмасуының бұзылыстарымен организмнің сусызданып, жүрек қан-тамырлар қызметінің қарқынды төмендеуімен сипатталатын жедел жұқпалы ауру. Басқа жедел ішек ауруларынан ағымының ауырлығымен, өлім-жітім қаупінің жоғарлығымен, қысқа мерзім ішінде кең аймақтағы тұрғындардың үлкен континентін зақымдау қасиетімен ерекшеленеді.

Аурудың жұғу жолдары барлық жедел ішек аурулары сияқты ауыз арқылы ластанған су, тағам, лас қолдар арқылы жұғады.

Тырысқақтың инкубациялық жасырын кезеңі бірнеше сағаттан 6 күнге дейін созылуы мүмкін.

Аурудың алғашқы белгілері кәдімгі тамақтан улану белгілеріне өте ұқсас, адамның жүрегі айнып, құсуы мүмкін. Тамаққа тәбеті нашарлап, әлсірейді. 4-5 рет кейде одан да көп іші өте бастайды. Бастапқы кезеңде ішінің өтуі кезінде нәжісінің түсі сарғыш, қоңыр болса, кейіннен еріксіз ішінің өтуі салдарынан нәжісі қайнатылған күріштің суына ұқсас түссіз, сұйық болып өтеді. Бұл аурудың қауіптілігі сол- адам ағзасын тез арада сусыздандырып, жүрек, бүйрек, қан айналымында судың жетіспеушілігі әсерінен белгілі бір органның функциясының бұзылуы байқалады. Мысалы, ағзаның тез сусыздануы салдарынан кіші дәрет шықпай қалып, бүйрек жұмысы тоқтап қалуы мүмкін.

Тырысқақтың қоздырғышы өте тез қимылдайтын, мутацияға тез түсетін, яғни өзгергіштігі өте жоғары микробтар қатарына жатады. Ауа-райының ыстық болуы ауру қоздырғыштарының көбеюіне «қолайлы» жағдай тудырады. Ауру қоздырғышы 16 ͦС –тан жоғары болатын жылы, ақпайтын суларда жақсы көбейеді. Адам көбіне ақпайтын суға түскен кездерде су жұтып қою арқылы, қайнамаған суды ішу арқылы және лас қол арқылы ауру жұқтырады. Сол сияқты орталықтандырылған ауыз су құбырларында апаттық жағдайлар орын алған кезде кәріз суларымен араласып, судың құбырға қайта сорылуы арқылы ауыз су ластануы мүмкін. Сол себепті апаттық жағдайларды жою жұмыстарынан кейін су құбырларында гиперхлорлау немесе қышқылдау арқылы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуі керек.

Тырысқақтың таралуына трансшекаралық, яғни бірнеше мемлекеттің шекарасын кесіп өтетін су қоймаларының, өзендердің ластануы нәтижесінде таралуы мүмкін. Сонымен қатар Қазақстанның басқа да мемлекеттермен сауда-саттық, іскерлік, басқа да қатынастарының дамуы нәтижесінде тырысқақты сырттан әкелу мүмкіндігі артады. Мысалы, 1993-2008 жылдар аралығында Қазақстан аумағына 22 рет сырттан әкелу жағдайлары тіркелген, оның ішінде көршілес мемлекеттерден 10 рет әкелінген. Тырысқақ ауруы сырттан автотранспорттар арқылы 12 рет әкелінген, 1 рет Ираннан теңіз арқылы Қазақстанға әкелінген. Жалпы дүние жүзіндегі ахуалға келсек 2023 жылдың 4 айында 86294 тырысқақ ауруы (негізінен Азия, Африка, Солтүстік Америка елдерінен) тіркеліп, оның 1693 өлім жағдайымен аяқталған, оның ішінде 14-і көршілес мемлекеттерден әкелінген.

Сондықтан жазғы еңбек демалысы кезеңінің басталуына орай, Қазақстан азаматтарының шет елдерге демалысқа шығу жағдайдары көбейіп, аурудың елімізге әкелінуі қауіпі артады. Жаз мерзімінің басталуына орай тұрғындарға аурудың алдын алуда кеңес және алдын алу шараларын ұсынамыз:

– жеке гигиена мен тамақты дұрыс дайындаудың ережелерін орындау;

     – қолды мұқият жуу, әсіресе, тамақ дайындар және тамақтанар алдында;

    – тек қайнатылған суды ғана ішу.

    – егер қауіпсіз судан жасалғанына күмәніңіз болса, мұзды пайдаланудан бас тартыңыз.

     – термиялық өңдеуден мұқият өткізілген өнімдерді пайдалану (қайнатылған, пісірілген/қуырылған, ыстық сумен жуылған (жеміс, көкөніс) немесе қабығынан аршылған, т.б.).

  –  шикі теңіз өнімдерін пайдаланбау.

     – алдын ала дайындалған тамақты жақсылап ысыту.

     – пастерленбеген сүтті ішер алдында оны қайнату.

     – егер диарея (іш өтуі, сусыздану) болса, әсіресе, ауыр түрі немесе жиі құссаңыз шұғыл арада медициналық көмекке жүгіну.

Әсіресе тырысқақ ауруынан қолайсыз болып саналатын елдерге саяхаттағанда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау.

Ауруды асқындырып алған жағдайда өлімге әкеп соғуы мүмкін.  Қазір емдеу сауықтыру мекемелерінде науқастарды емдеуге қажетті дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Аурудан толық жазылып кетуіңіз дер кезінде дәрігерге қаралуыңызға  тікелей байланысты екенін есте сақтаңыз.

Әлия Әбдіқайымова

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: