Сенбі, 27 сәуiр, 00:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Баға неге өсе береді?

23.07.2022

1150 0

Инфляция, бағаның өсуі – әлемдік экономикадағы жағдай. Қоғамда баға неге қымбаттай береді деген сұрақ бар. Шынында баға неге өседі?

Тәуелсіз сарапшылар баға мәселесіне қатысты сараптамаларын жариялауда. Сарапшылардлың айтуынша, әлемде баға мен инфляцияның өсуін төрткүл дүниедегі ешбір ел бағындыра алмады. Бұл Қазақстанға да қатысты. Мәселенің мәнісі – тапшылық. Бағаны уақытша ұстау көп қаржыны талап етеді, алайда бұл тәсіл ел экономикасын сауықтыруға кері әсерін тигізеді. Әлемдік экономика пандемиядан кейін еңсесін тіктеп үлгермеді, 2022 жылдың салмағы да жеңіл болмады. Украинадағы соғыстан логистикалық тізбектер үзіліп, көлік қатынасы бұзылды. Бұл инфляцияның жаһандық өсуіне, баға өзгерісіне алып келді.

Сәуір айында дүниежүзілік банк азық-түліктің әлемдік бағасы шикізат бағасынан да асып түсіп, 20%-ке өседі деп болжады. Энергия ресурс­тарының бағасы 50 процентке өсті. Ресей мен Украинадан тасымалданатын азық-түлік тауарлары мен тыңайтқыш бағасы 2008 жылы қымбаттаған деңгейден де асып түсті. Мәсе­лен, тыңайтқыш бағасы 100 про­центке қымбаттады, бұл ­ауыл шаруашылығында тыңайт­қыш қолдану деңгейін азайтып, өнім сапасын төмендететіні белгілі. Энергия тасымалдаушылардың баға өсімі өткен ғасырдың 1970 жылдарындағы мұнай дағдарысынан да асып түсті.

Өткен жылы әлемде энер­гия ресурстары екі есеге, тамақ өнімдері 31 процентке, жалпы азық-түлік бағасы 50 процентке қымбаттады. Қазіргі кезде Қазақстанда бағаның өсуіне базалық мөлшерлеме емес, теңге бағамы, сондай-ақ азық-түлік пен оны дайындауға арналған шикізат бағасының әлемдік өсу үрдісі әсер етуде. Қазақстандағы базалық мөл­шерлеме 14%, бұл әлемдегі ең жоғары мөлшерлемелердің бірі екені жасырын емес. Осы­ған орай коммерциялық несие­лер­­дің мөл­шерлемесі 18-20%, Үкі­­мет­тің капитал тарту мөл­шерлеме­­­сі – 14%, квази­мем­лекеттік сек­тор үшін – 16%. Баға өсімінің негізгі үлесін Ресейден импортта­ған өнімдер құрайтындық­тан, бір Ресей рублі үшін 9 теңге­ге дейін қым­баттауы бағаға әсер етті. База­лық мөлшерлеме Ресей им­портының бағасына мүл­дем әсер етпейді. Бірақ бұл айна­лым капиталына әсер етеді. Бір айта кетерлігі, елде бір шыныаяқ кофе, бір келі май немесе еттің өзіндік құны туралы есептеулер жоқ. Бір кездері агрохолдингтер бір литр сүттің өзіндік құнын есептеді. Сонда 1 литр сүт үшін шикізат – 10-25% (Жем – 8-29%, отын мен энергия – 2-7%, қосалқы бөлшектер мен жаб­дықтарды жөндеу – 0,4-2,5%), орау материалы – 10-25%, жа­ла­қы мен салықтар – 5-10%, мар­кетинг – 2-20% шығын жұм­салады екен.

Бағаны ұстап тұруға әсер ететін жалғыз нәрсе – айналым схемасы және тұрақтандыру қорлары. Айналым схемасы өндірушілерді арзан қаржы­ландыру үшін белгілі бір шарттарға міндеттейді. Тұрақ­тандыру қорлары тауарларды жинақтау схемасына сәйкес жұмыс істейді және сұраныс туындағанда оларды нарыққа «шығарады». Сауда және ин­теграция министрлігінің мә­лімдемесі бойынша әлеумет­тік маңызы бар өнімдердің жалпы тауар айналымындағы «айналым схемасын» қаржыландыру кө­­лемі бар болғаны 4%-ті құ­райды. Тұрақтандыру қорла­рының тиімді жұмыс істей алмай отырғанын Президент те сынға алған еді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел экономикасындағы өзгерістерге орай Мемлекет басшысы кей­бір олқылықтарды атап айт­ты. «Қазір инфляцияның шарықтап кетуі ең күрделі мәселе болып отыр. Бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер етті. Оның деңгейі 19,2 пайызға жетті. Жалпы азық-түлік бірден 80 пайызға қым­баттады. Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шық­ты. Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы ке­леді. Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр. Яғни қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр. Ал шын мәнінде, керісінше болуы керек.

Үкімет бар жауапкершілікті өңірлерге артып қойды. Олар әкімшілік ресурсты пайда­ланып, дүкендерді аралап жүр, басқа тәсілдер және жаңа идея­лар жоқ. Мұндай жұмыс ешқашан тиімді болған емес. Бір сөзбен айтқанда, нарық заңдылығына сай келетін жаңа ұстаным жоқ», – деді Президент.

Демек, ел экономикасына сер­пін берер жаңа көзқарас қажет. Әйтпесе баға дүкен аралаған шенеунікке бағын­байды.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: