Дүйсенбі, 20 мамыр, 03:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№39-2049
18.05.2024
PDF мұрағаты

Апатты үйлер азая ма?

30.01.2024

425 0

Сурет: Қызылорда қаласы әкімдігі

Таң атып келеді. Түні бойы Айғаным апа көз ілген жоқ. Төсегінен тұрып, үй қабырғаларына үреймен көз тастады. Қаншама жыл бұрын салынған баспананың қабырғалары ашылып, төбесі ажырап тұр. Кез келген сәтте құлауы ықтимал. Тасбөгет кентінің тұрғыны, зейнеткер Айғаным Аймұратованың апаттық жағдайдағы үйде тұрғанына 25 жылға жуықтапты.

Иә, тозығы жеткен үйдің мәселесі жетерлік. Жел болса бірінші жарығы жиі сөнетін, жауын жауса төбесінен су кететін, қабырғаларын қоспағанда есік пен терезелері ескірген екі қабатты үйде тұратын Айғаным апа секілді тұрғындарды тек бір үміт қана алға жетелеп келеді. Ол ‒ ескі үйлерінің орнына жаңа баспанаға көшу.

Халықтың өмір сүру деңгейін айқындайтын бір өлшем болса, ол – қауіпсіз де жайлы ортаны қалыптастыру болса керек. Алайда апатты және тозығы жеткен үйлер проблемасы жұртшылықты талайдан толғандырып келеді. Қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігі күмәнді үйлерде бірнеше мың адам тұратынын ескерсек, тұрғындардың тынышын қашырған мәселені тездетіп шешу қажет.

Тұрғын үйді жөндеу ‒ біреудің қалауы емес, кезек күттірмейтін қажеттілік. Тірек құрылымның, іргетастың, қабырғалардың елеулі деформациясы пайда болған сәттен үй апатты жағдайда және тұруға жарамсыз. Мұны тек апатты үйлерде тұратын тұрғындар ғана біледі.

Қалада қанша апатты үй бар?

Қалада апатты деп танылған көпқабатты 51 үй болса, ондағы 628 тұрғын пәтер кезегінде тұр. Ал Тасбөгет кентінде барлығы 77 көпқабатты үй тіркелген. Қазіргі уақытта оның 24 үйі апатты деп танылып, 356 пәтер апатты үй кезегіне қойылған.

Былтыр ауа райының қолайсыздығына байланысты шатыры ұшқан 34 көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры демеушілер тарапынан қалпына келтірілді. Сарапшылардың қорытындысы негізінде Әлия Молдағұлова көшесі №2 үй иелері ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес, «Жалғыз тұрғын үйі апаттық жағдайда» деп танылған азаматтар санатына тұрғын үй кезегіне толықтай тіркеліп, 9 пәтер тұрғыны жаңа пәтерге қоныстанды.

Сондай-ақ кенттегі үйлердің бірқатары ескірген. Өжірелері, ауыз су және кәріз жүйелері мен қасбеттері, шатырлары жөндеуді қажет етеді. Осыған орай қала әкімі Серік Қожаниязов биыл жөнделетін 19 үйдің тізімін бекітіп, жобасметалық құжаттарын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар техникалық паспорты жоқ кейбір үйлердің құжаттарын рәсімдеуді жүктеген болатын.

 Әкім уәде берді

Мамандардың айтуынша, негізі мұндай ескі үйлер Титов ауданы мен Бөкейхан көшесінің бойынан кездестіруге болады. Бірақ біз Тасбөгет кентіндегі апатты деп танылған үйлерге тоқталған себебіміз, қала басшысы шаһарды аралау барысында осы ескі үйлерге барып, тұрғындармен кездескен еді. Сол кезде қала әкімі олардың өтініштері назардан тыс қалмайтындығын жеткізіп, жаңадан салынатын көпқабатты үйлерден аталған санаттағы азаматтарға кезектілік тәртібімен жыл сайын 100ден астам пәтер табысталатындығын мәлім етті.

 ‒ Біздің қаладағы өзекті мәселелердің бірі ‒ апатты үйлердің ахуалы. Кезінде 19501960 жылдары салынған. Содан бері қаншама халық тұрып келеді. Жалпы қаладағы көпқабатты үйлердің 50-ден астамы апатты деп танылса, оның 24-і Тасбөгетте екені белгілі.

Негізі бұл үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Бірақ осы кезде үйдің тозығы жетіп, шаршады. Әр нәрсенің өз уақыты болады. Демек бұл үйлердің де орнына тұрғын үй салынатын кез келді.

Бүгінде 628 адам кезекте тұр. Міне, осы тұрғындар арнайы бағдарлама бойынша жыл сайын салынып жатқан үйлерден кезегімен баспаналы болады. Айталық, жылына 100-ден астам пәтер табысталса, алдағы 5-6 жылдың көлемінде қаладағы апатты тұрғын үй мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік бар, ‒ деді қала әкімі.

Қала басшысының айтуынша, бұл мәселе бойынша жоспар құрылып, жұмыс қолға алынды.

Айғаным апа неге алаңдап отыр?

Кенттегі Әлия Молдағұлова көшесінде орналасқан екі қабатты үйдің тұрғыны Айғаным апа алаңдаушылығын жасырмады.

 ‒ Мен тұрып жатқан үй 1991 жылы салыныпты. Ал апатты деп 2020 танылды. Біраз жылдан бері осы жерде мекен еткен соң үйреніп қалады екенсің. Ескі үйің болса да өз үйің ғой. Бірақ бізді алаңдататын бір мәселе, жаңа үй салынып, дайын болғанша қайда тұрамыз? Әлде уақытша пәтер жалдаймыз ба немесе осы үйде лаждап тұра береміз бе деген сұрақтар санаға тыныштық берер емес, ‒ деді Айғаным апа.

Маман жауап берді

Расында, тұрғындар арасында сан алуан сұрақ жүр. Бірі қай жақта тұрамыз, екіншісі шынымен үй беріле ме – деген сауалдар. Осыған орай біз мамандарға жолығып, тұрғындар сұрағына жауап алдық.

Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің маманы Гүлсінай Ахметова нақты жауап берді.

‒ 2019 жылдан бастап қала бойынша 51 көппәтерлі тұрғын үй белгілі бір мөлшерде өзінің бастапқы конструктивтік беріктігімен төзімділігін жоғалтты.

Қазіргі күні тұрғын үй алу кезегіне апаттық үйлер санаты бойынша «Kezekte.kz» сайтында 630 отбасы тіркелген. Жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтарға 2021 жылы сол жағалау ауданында салынған көппәтерлі тұрғын үйлерден 93 отбасына, 2022 жылы ‒ 60 отбасыға, 2023 жылдың наурызында 40 отбасыға жаңа пәтер табысталды. Бұл науқан биылда жүзеге асырылады. Бірақ уақыты енді белгілі болады.

Сонымен қатар тұрғындар жаңа баспаналары дайын болғанша сол ескі үйлерінде тұра береді. Оларды ешкім бірден шығарып тастамайды, ‒ деді инспекция маманы.

Оған қоса маман тұрғындардың қалай, қайда өтініш беру керектігін айтып өтті.

‒ Меншік иелері «Kezekte.kz» сайты арқылы тұрғын үй кезегіне тіркелуі үшін өтініш бере алады. Тұрғын үй кезектілігі электронды түрде жүргізіледі. Кезекке тұру үшін ЭЦҚ (Эцп)-мен қол қою арқылы электронды өтініш береді, кезектілік толықтай автоматтандырылған.

Заңға сәйкес, кезекте тұрған азаматтарға пәтерлер кезектілік тәртібімен беріледі. Тұрғын үйлердің техникалық жағдайын зерттеу, оған баға беру меншік иелерінің өтініші бойынша ғана жүзеге асырылады. Қолданыстағы «Тұрғын үй қатынастары» туралы заңына сәйкес, кезек ретімен коммуналдық тұрғынжай пайдалануға берілген уақытта апаттық деп танылып, өзінің техникалық жай-күйін жоғалтқан тұрғынжайлар коммуналдық меншікке қабылданып, апаттық тұрғын үйді сүру жұмыстары жүргізіледі, ‒ деді Гүлсінай Ахметова.

«Үйімді арзанға сатамын»

Бұл ‒ Марал есімді қала тұрғынының «Krisha kz» сайтына берген хабарландыруы. Айта кетейік, мақала дайындау барысында біз апатты жағдайдағы тұрғын үйлер сатыла ма, бағалары қанша екенін сұрастырып көрдік. Арнайы сайттан іздегенімізді таптық.

«Krisha kz» сайтындағы бір хабарландыруға көзіміз түсіп, хабарласып сөйлестік. Тасбөгет кентіндегі Тасарық көшесінен екі қабатты үйлердің бірінде бір бөлмелі пәтер 4.5 миллион теңгеге сатылады деп тұр.

‒ Иә, үйімді арзанға сатамын. Есесіне ол адам жаңа үйлі болады. Ал өзіме отбасылық жағдайға байланысты басқа жаққа көшу керек болып тұр. Негізі бұл үйді сатпас та едім. Өйткені үйдің орнына жаңа пәтер беріледі. Тіпті көршілерім құжаттарын дайындап, өткізіп қойды. Олардың айтуынша, жаңа үйлер сол жағалаудан берілетін көрінеді. Өзім көшетін болған соң құжат тапсырмадым. Сатып алған адам өзі реттер деп отырмын. Бірақ үйдің барлық құжаты түгел.

Жалпы ескі үйді ешкім ала бермейді ғой. Тек алдағы уақытта жаңа үйге қол жеткіземін деп үйіме қызығушылар көбейіп тұр. Ал бағасына келісеміз, ‒ деді Марал.

Мұндай хабарландырулар «Оlx.kz» сайтында да тұр. Ол жақтағы үй теміржол вокзалы маңындағы ескі үйлердің бірі. Екі бөлмелі пәтерге үй иесі 8 миллион теңге сұрап отыр.

‒ Бұл үй әлі апатты деп танылған жоқ. Алайда 1-2 жылдың көлемінде бізге де сондай санат беріледі. Себебі үй өте ескірген. Мұны алған адам алдағы уақытта жаңа үйге қол жеткізе алады. Сол себептен бағасы да аса қымбат емес деп ойлаймын. Өзіңіз қараңызшы, 8 млн теңгеге ешкім су жаңа баспана ала алмайды ғой, ‒ деді Зина апай.

Бұлар ескі үйлерін сатып отырғандар. Арасында апатты үйлердің кейбір иелері «осы жақын арада үй беріледі» деп құжаттарын сатып жібергендер де бар. Ал құжатын сатып алғандар кезегі келгенше амалсыз пәтер жалдап тұрған жайы тағы бар. Сондықтан пәтер сатып аларда асығыстық танытпай, мамандармен де ақылдасып алған жөн болар.

Тілші түйіні Сонымен, апатты үйлер азая ма? Иә, ескінің орнын жаңа басады. Бәрі бірден жойылмаса да жыл сайын азаяды, ағайын. Жоғарыда атап өткендей, Айғаным апа секілді алаңдап отырған тұрғындардың жаңа баспаналы болатын сәті де жақын. Қала әкімі уәде берді. Енді бәрі уақыт еншісінде.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: