Сенбі, 18 сәуiр, 01:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№28 (2240)
18.04.2026
PDF мұрағаты

Дәстүрлі БАҚ цифрлық дәуірге қалай бейімделуде?

18.04.2026

38 0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Әлемді ғылым құт­қарады – IV» ғылым айлығы аясында «Өңірлік медианың трансформациясы: дәстүрлі БАҚ пен цифрлық медиа» тақырыбында ғылыми-прак­тикалық конференция өтті.

Іс-шара өңірлік медианың қазіргі даму бағытын айқындауға, дәстүрлі баспа­сөздің цифрлық ортаға бейім­делуін талқылауға және жаңа медиа құралдарының мүмкіндіктерін саралауға арналған маңызды ғылыми-тәжірибелік алаңға айналды. Конферен­цияның басты мақсаты – аймақтық журналистиканың заман талабына сай жаңаруына ықпал ету, цифрлық кеңіс­тіктегі ұлттық және өңірлік контенттің сапасын арттыру, дәстүрлі БАҚ-тың цифрлық жүйеге көшу жолдарын ғылыми-практикалық тұрғыда негіздеу болды. Жиында жасанды интеллект, әлеу­меттік желі­лер, фактчекинг, мульти­­медиялық журна­листика, дата-жур­на­листика және жас­тардың ақпарат тұ­тыну мәдениеті секілді өзекті мәселе­лер кеңінен талқыланды.

Конференцияда «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаев өз ойын ортаға салды. Ол қазіргі ақпараттық кеңістіктегі ең өзекті мәселелердің бірі фактчекинг мәдениеті туралы айтты.

– Дәстүрлі журналистикада қалып­тас­қан негізгі қағидалар – нақтылық, шынайылық, бейтараптық және жауап­кершілік цифрлық дәуірде де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Керісінше, әлеуметтік желілер мен онлайн платформалар кеңейген сайын кәсіби журналистикаға деген сұраныс арта түсті. Себебі ақпарат көп болғанымен, сенімді мәлі­метті ажырата білу қиындап барады. Сондықтан фактчекинг – тек жалған ақпаратты жоққа шығару құралы ғана емес, ол журналистің кәсіби этикасының ажырамас бөлігі. Журналист кез келген мәліметті жарияламас бұрын бірнеше дереккөзден тексеріп, ресми ақпаратпен салыстырып, қажет болса мамандардың пікіріне жүгінуі тиіс. Әсіресе, аймақтық медиада бұл мәселе өте өзекті, өйткені өңірлік БАҚ жергілікті халықтың күн­делікті өміріне, әлеуметтік мәселелеріне және қоғамдық пікірге тікелей әсер етеді, – дейді ол.

Университеттің фило­логия ғы­лымда­рының кандидаты, қауымдас­ты­­рылған профессор Зухра Ермағанбетова өз сөзінде медианың цифрлануы мен әлеуметтік желілердің ақпарат таратудағы рөліне тоқталды. Ол қазіргі қоғамда медианың тек газет, радио немесе теледидар­мен шек­телмейтінін, ақпа­раттық кеңістіктің негізгі бөлігі әлеуметтік желілерге ауысқанын айтты.

– Әлеуметтік желілер ақпараттық кеңістікті жылдамдыққа, қысқалыққа және визуалды сипатқа бейімдеп үлгерді. Бүгінгі оқырман көлемді мақаладан гөрі қысқа видео, инфо­графика мен подкаст форматтарын жиі тұтынады. Сондықтан дәстүрлі БАҚ осы өзгерістерге бейімделмесе, өз оқырманынан көз жазып қалуы әбден мүмкін. Цифрландыруды тек техникалық жаңғыру деп түсіну үлкен қателік. Бұл медианың ойлау жүйесін, жұмыс тәсілі мен аудито­риямен байланыс формасын транс­формациялайтын ауқымды үдеріс, – дейді Зухра Ермағанбетова.

Сондай-ақ ол болашақ журналис­тердің медиа сауатын арт­тыру мәселесін көтерді. Бүгінгі студент SMM, мультимедиялық сторител­линг, подкаст жасау мен фактчекинг негіздерін университет қабырғасында жүріп-ақ терең меңгеруі тиіс екенін жеткізді.

Аға оқытушы, PhD Ақерке Жолмаханова өз баяндамасында жас­тар аудиториясының ақпарат тұтыну ерекшеліктері туралы сөз қозғады. Ол қазіргі жастардың жаңалықты дәстүрлі газет немесе теледидардан емес, көбіне әлеуметтік желілерден алатынын атап өтті. Зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, жастар арасында Instagram, TikTok, Telegram, YouTube секілді платформалардың ақпарат көзі ретінде кеңінен қолданылатынын айтты. Әсі­ресе қысқа видеолар мен визуалды форматтағы ақпарат жастардың наза­рын тез аударады. Бұл қазіргі медианың жаңа талаптарын көрсетеді.

«Kyzylordа News» ақпарат­тық агенттігінің ре­дакторы Айжан Абдуллаева өз баяндамасында өңірлік медианың цифрлық трансформациясы туралы тәжірибелік тұрғыдан ой бөлісіп, аймақтағы газет редакцияларының, жаңалық сайттарының және әлеуметтік желідегі ақпараттық парақшалардың қазіргі даму бағытына тоқталды.

Айжан Абдуллаеваның айтуынша, өңірлік БАҚ үшін цифрландыру – уақыт талабы. Бұрын газет негізгі ақпарат көзі болса, қазір оқырман ақпаратты сайттан, әлеуметтік желі­ден, мессенджерден, қысқа видеодан алғысы келеді. Сондықтан редакциялар тек қағаз басылыммен шектелмей, цифрлық платформаларға белсенді шығуы қажет.

Конференция аясында «Ақмешіт апталығы» газетінің өңірлік медианы цифрландыру бағытындағы тәжі­рибесі атап айтылды. Басылым тілшісі, жоба жетекшісі София Темірболаттың айтуынша, «Media x AI: өңірлік медиа­ның трансформациясы. Мәтінбек Сырұлы жобасы» – дәстүрлі медиа мен жасанды интеллект мүм­кіндіктерін ұш­тастырған тың бастама.

Оның сөзінше, жоба газет­тегі мазмұнды заманауи цифрлық форматқа бейімдеуді мақсат етеді. Яғни газет бетінде жарияланған салмақты мақалалар қысқа бейнешолу түрінде әлеуметтік желілерге ұсы­нылып, оқырман толық материалды сайттан немесе басылымнан оқуға қызығады. Осылайша «Ақмешіт апта­лығы» дәстүрлі журналистиканың мазмұнын сақтай отырып, оны ауди­торияға түсінікті әрі тиімді фор­матта жеткізуді қолға алған. Бұл тәсіл аудитория қызығушылығын арттырып, әлеуметтік желідегі қаралымдардың өсуіне ықпал еткен.

Конференция қорытындысында бір­қатар ұсыныс айтылды. Атап айт­қанда, Қазақ тілі мен әдебиеті және жур­налистика білім беру бағ­дарлама­сы мен өңір­лік БАҚ редакциялары ара­сындағы байланысты күшейту қажеттігі ұсынылды. Студенттердің өндірістік практикасын нақты цифр­лық жобалармен байланыстыру, подкаст, дата-журналистика, SMM, мобилография бағыттарына бейімдеу маңызды екені айтылды.

Сонымен қатар болашақ журна­листердің оқу бағдарламасына жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеу, фактчекинг әдістемесі, цифрлық этика, әлеуметтік желіге арналған контент әзірлеу дағдыларын енгізу қажеттігін атап айтты.

С.Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: