Жұма, 06 желтоқсан, 21:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№96-2106
03.12.2024
PDF мұрағаты

Экономикалық патриотизм: Өзгені емес, өзімізді қолдау

02.11.2024

835 0

Фото: kapital.kz

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ құрылымындағы машина жасау үлесі 1,9%-ға жеткен.  Елде өндіріс көлемі артып, инвестиция тартуда оң серпін байқалады. Биылғы 9 айда қазақстандық жобаларға шамамен 108,2 млрд теңге бөлінген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,2 есеге артық. Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов экономиканы әртараптандыру мақсатында отандық машина жасау  өндірісін дамыта түсіп, салаға жаңа технологияларды енгізу қажеттігін айтты.

Саладағы өзекті мәселелердің бірі – жабдықты жаңғырту. Үкімет басшысы ма­шина жасауда техниканың тозуы 40%-ға жуық­тайтынын атап өтті. Тек теміржол сала­сында 2030 жылға дейін елімізде тозығы жеткен 800-ден астам жолаушылар вагоны пайдалануға жарамайды. Қазақстанның өнеркәсіптік инвесторлар одағы дерегіне сүйенсек, ауыл шаруашылығы техникасының 76%-ы жаңартуды қажет етеді.

– Мемлекет басшысы экономиканы әр­тараптандыру ісінің негізгі өзегі – индуст­рияландыру екенін атап көрсетті. Өңдеу секторын, бірінші кезекте машина жасау саласын серпінді дамыту өзімізді экономи­калық жағынан толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жетуде қозғаушы күш болуы қажет. Мемлекет отандық өндірушілерді белсенді қолдайды. Біздің алдымызда локализациялау үлесі жоғары өндіріс циклін құру міндеті тұр. Бұл ретте, жұмыс тиімділігін арттыру үшін өндірісті дер кезінде жаңғыртып отыру маңызды», – деді Премьер-министр.

Өндірісті роботтандыру мен автомат­тандырудың жаһандық үрдістеріне сәйкес кәсіпорындарда цифрлық технологияларды енгізу қажеттілігі атап өтілді.

Бүгінде автомобиль өнеркәсібінде клас­терлік өндірісті қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл тәсіл еншілес салалардың дамуын ынталандырады, бүкіл сектор үшін жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар ашады.

– Біздің зауыттар әлемдік стандарттарға сай келетін өнімдер шығара алады. Отандық аккумуляторлар, трансформаторлар мен кабельдер, локомотивтер, автомобильдер мен автобустар – осының айқын мысалы. Аталған өнімдер сыртқы нарыққа да шығып жатыр. Біз қай кезде де өзіміздің отандық өндірушілерді қолдаймыз. Бұл ретте экономикалық патриотизм басты қағидатқа айналуға тиіс. Біз қазақстандық өнімдерді сатып алып, сыртқы нарықтарда белсенді түрде дәріптеуіміз қажет, – деді Үкімет басшысы.

Мұнай-газ машина жасау саласында 50-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Өндіріс көлемі $160 млн-ға жетеді, ал импорт көлемі $1,6 млрд-тан асады. Премьер-министр он есе айырмашылыққа және алшақтықты төмендету қажеттігіне назар аударды.

Жаңадан отандық өндірістерді құруға жәрдемдесу үшін халықаралық мұнай-газ машинасын жасау орталығы құрылды. Honeywell, PetrolValves, Wika сияқты халықаралық компаниялардың өнімдерін локализациялау жобалары сәтті жүзеге асты. Олжас Бектенов халықаралық операторлардың қазақстандық кәсіпорындармен ұзақмерзімді шарттар жасасуға кепілдік беру жөніндегі орталықтың өкілеттіктерін кеңейту қажеттігін атап өтті.

Премьер-министр Өнеркәсіп және құрылыс, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктеріне, «Бәйтерек» холдингіне мақұлданған қаржы-экономикалық негіздемелер шеңберінде машина жасаудағы жобаларды қосымша қаржыландыруды тапсырды. Үкімет басшысы машина жасау кәсіпорындары өндірісті жаңғыртып, тауарлардың жаңа түрлерін шығару үшін жеңілдетілген несиелермен қамтамасыз етуге тиіс екенін атап өтті.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, бүгінде елімізде өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесі тау-кен саласынан асып, тұрақты өсім көрсетуде. Өз кезегінде, машина жасау саласы шамамен 20% үлесімен өңдеу өнеркәсібінде жетекші орыннан көрінуде.

Саладағы 4 мыңға жуық компанияда 120 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Мәселен, халықаралық тәжірибеге сәйкес, бір жұмыс орнын құру аралас салаларда шамамен жеті-сегіз жұмыс орнының пайда болуын ынталандырады. 2024 жылдың 9 айында шамамен 124 млрд теңгеге инвестиция тартылып, яғни 2 есеге өскен. Өндіріс көлемі 3 трлн теңгені құраған. Нақты көлем индексі – 104,2%. Машина жасау құрылымында ең үлкен үлесті автомобиль жасау, теміржол және электр техникасы машинасын жасау алады.

– 9 айдың қорытындысы бойынша елімізде 82 мыңнан астам жеңіл автокөлік шығарды. Біз отандық автокөліктердің өндірісін нығайтуға баса назар аударамыз. Бұл дегеніміз елімізде шығарылатын автокөліктерде отандық компоненттердің үлесін арттыру. Осы бағытта шетелдік және отандық инвесторлар ел аумағында жаңа зауыттар салуға өз қаражатын құюға дайын», – дейді министр Қанат Шарлапаев.

Бүгінде Changan, HAVAL, Chery автомобильдерін шығаратын зауыттың құрылысы аяқталуға жақын, оның қуаты 90 мың бірлікті құрайтын шағын торапты құрастыруға толығымен негізделген. Сонымен қатар теміржол машинасын жасауда кәсіпорындар 423 млрд теңге сомасына өнім өндірді, былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда өсім 1,5 есе көп. Жыл қорытындысы бойынша жүк вагондарының өндірісін 4 есеге – 2 000 бірлікке дейін жеткізуді жоспарланған. Жолаушылар вагондарын 122 бірлікке дейін және локомотивтерді 130 бірлікке дейін жеткізу міндеттелді. Әлемдік Wabtec және Alstom компанияларының технологиялары бойынша локомотивтер, сондай-ақ жүк және жолаушылар вагондарының өндірісі жолға қойылған. Жалпы, теміржол машинасын жасау саласының өсу әлеуеті зор. Мәселен, елдегі теміржол паркі шамамен 139 мың бірлікті құрайды. Оның орташа тозу деңгейі – 55%.

Ауыл шаруашылығы машиналарын жасауда соңғы 5 жылда өндіріс көлемі 4 есеге өскен. 9 айдың қорытындысы бойынша 5 мыңнан астам трактор мен комбайн өндірілді. Қазақстан­дық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер отандық өндірістің, оның ішінде CLAAS, Horsch, Deutz Fahr әлемдік брендтерінің заманауи техникасымен қамтамасыз етілген. Биыл әлемдік нарық көшбасшылары, жаңа ірі инвесторлар – Amazone және Zoomlion елімізге келді.

Сонымен қатар трактор кабиналары мен комбайн бункерлері сияқты ірі бөлшектердің өндірісі іске қосылды.

– Тоғыз айдың қорытындысы бойынша біз электр техникалық машина жасау өнімдері өндірісінің шамамен 23%-ға, қорғасын аккумуляторлары мен кабель-өткізгіш өнімдері өндірісінің орта есеппен 17%-ға өскенін байқап отырмыз. Отандық өндірушілер көптеген ірі электроника, сауда үйлерінде сатылатын асүй тұрмыстық плиталары, шағын пеш, кір жуғыш машиналар, теледидарлар, су жылытқыш, шаңсорғыш шығарады. Біз өзімізге халықаралық инвесторларды тарту арқылы халық тұтынатын тауарлар өндірісін кеңейту міндетін қоямыз», – деп мәлімдеді министр.

 Қазақстан машина жасаушылар одағының төрағасы Мейрам Пішембаев машина жасау саласы қалыпты қарқынмен дамып келе жатқанын айта келе, мемлекет тарапынан назар аударуды талап ететін кейбір көрсеткіштер мен жүйелі мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, 2023 жылы Қазақстанға тауарлар импортының жалпы көлемі $61 млрд-ды құраған, оның ішінде $25 млрд немесе машина жасау өнімдері 41% болды. Мұнай-газ өнеркәсібі мен тау-кен металлургия кешені үшін машина жасау сияқты маңызды секторлар үлесі Қазақстанның жалпы шығарылымында 2%-дан аспайды.

Сонымен қатар машина жасау саласын отандық шикізатпен және білікті мамандармен қамтамасыз етуге, ұлттық өнеркәсіптік ақпараттық жүйе құруға қатысты мәселелер толық шешімін таппады.

– Біз қазіргі уақытта осы мәселелер бойынша Үкімет пен Сенаттың жобалық кеңсесі құрамында жұмыс істеп жатырмыз. Биылғы маусым айында Үкімет Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану кодексіне ішкі құнды дамыту бағдарламаларын бекіту мен іске асыруды және оффтейк келісімшарттарын жасауды талап ететін түзетулер әзірленіп, Мәжіліс қарауына енгізілді. Алайда Мәжіліс заң жобасын қарауға әлі кіріскен жоқ, – деді ол.

Аталған нормаларды тезірек қабылдау Мемлекет басшысының тапсырмасын толық орындауға және оффтейк келісімшарттары үлесін 10%-ға дейін, қазақстандық қамтуды 60%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

«Қазақстанның автокөлік одағы» ЗТБ президенті Анар Мақашева­ның мәлімдеуінше, 2024 жылдың 9 айында Қазақстанда 91 мың бірлік автокөлік құралдары өндірілді, бұл ретте өнеркәсіптік өндіріс индексі 86,7%-ды құрады. Жалпы машина жасау саласындағы автомобиль жасау үлесі 39,4%-ды құраса, ал жаңа машиналарды сату­дың жалпы көлеміндегі отандық автомобиль­дердің үлесі 63%-ға жетті.

– Біздің алдымызда салада қосым­ша жұмыс орындарын ұйымдастыру бойын­ша үлкен міндет тұр. Келесі жылы шамамен 5000 жұмыс орны ашыл­мақ. Президент салалық мамандар тапшылығының өткір проблемасын атап өтті. Біздің сала әсі­ресе инженерлер мен жұ­мысшылар жетіспеушілігі се­зінуде. Тек бір ғана кәсіпорында 2025 жыл­дың мамырына дейін бір ауысымды қамтамасыз ету үшін 2500 жұмысшы даярлау қажет», – деді А. Мақашева.

Оның айтуынша, барлық өндірушілер Қазақстан бойынша колледждермен және жоғары оқу орындарымен тығыз жұмыс істейді. Бірақ жұмысшы мамандықтары әзірге онша танымал емес және қызығушылық танытқан студенттер саны шектеулі.

Қазақстан машина жасаушылар одағы төрағасының айтуынша, бүгінде ел экономикасының нақты секторында 6,9 млн адам еңбек етуде. Еңбекке қабілетті жастағы адамдардың жалпы санын ескере отырып, елімізде өнімді көбейту үшін көп адамды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік жоқ. Осыған байланысты өндірісте робототехникалық жүйелерді қолдану арқылы 2029 жылға қарай жоғары өнімділікке қол жеткізуге болады, бұл экономикасы дамыған елдердің тәжірибесімен айқын дәлелденген. Мысалы, Сингапурда 10 мың қызметкерге шаққанда 1 мыңнан астам робот бар, Оңтүстік Кореяда 800-ден астам, ал Германия мен Жапонияда 400-ден астам робот бар. Қазақстанда небәрі 7 робот жұмыс істейді. Робототехникалық жүйелерді өндіріске енгізу қарқыны да өте төмен қалпында қалып отыр. Мәселен, 2023 жылы Қазақстанда тек 100 роботтандырылған жүйе енгізілді, ал Қытайда – 290 мың.

2025 жылы ауыл шаруашылығы тех­никасын өндіруде 300 млрд теңгеге дейін өсім болжануда. Сатып алынатын 10 трактор мен комбайнның 9-ы Қазақстанда жинақталған. Өнеркәсіптік инвесторлар одағының президенті Қайрат Еламанов осылай дейді.

– Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы маши­наларын жасау саласында 8 кәсіп­орында тракторлар мен астық жинайтын комбайндар шығарылады, олар фермер­лердің осы техникаға жыл сайынғы қажет­тілігін толық қамтамасыз етеді. Сондай-ақ 20-дан астам кәсіпорын тіркеме және аспалы ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын шығарумен айна­лысады, – деп мәлімдеді ол.

Соңғы жылдары Қазақстанда алғаш рет жаңа өндірістер ашу және аспалы және тіркемелі ауыл шаруашылығы техникалары бойынша импортқа тәуелділік жыл сайын төмендеуде.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: