Сенбі, 20 сәуiр, 15:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Әмір сарайындағы келіссөз

17.02.2024

316 0

Сурет: aqorda

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қатарға ресми сапармен барады деген хабар шығысымен екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа деңгейі туралы әңгіме өрбіді. Мамандар Президенттің бұл сапары елге келетін инвестиция көлемін арттырады деген болжам жасады. Қазақстан үшін Қатарды ислам әлеміндегі ең сенімді бизнес серіктес болады деген де долбар бар. Шынында солай ма? Қатар үшін Қазақстанмен байланысты нығайту маңызды ма?

Ақорданың баспасөз қыз­метінің хабарлауынша, Қатар Мемлекеті­нің Әмірі Қазақстан Президентін «Diwan Amiri» сарайында қарсы алған. Дәл осы «Diwan Amiri» сарайында Қазақстан Президенті мен Қатар Мем­лекетінің Әмірі келіссөз жүргізген.

Қазақстан Президенті Қатар Әмірінің шақыруын зор риза­шылықпен қабыл алғанын жеткізіп, осы елге алғаш рет мемлекеттік сапар­мен келіп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қатарды жақын болашақта Қазақстандағы ең ірі инвесторлардың ондығына кіреді деп есептейтінін жеткізді.

Ең ірі инвесторлардың қатарына кіре­тіндей Қазақстан Қатарға несімен қызық? Басқа жұрт аузы­ның суы құрып айта­тын­­дай мұнай ма? Араб ел­дерінде мұнай онсыз да жетеді. Мүмкін газ шығар? Жоқ, Қатардың өзінде газ жетіп артылады. Бұл ел газ қоры жөнінен де, оны экспорт­тау бойынша да әлемде үздік үштіктің қатарында тұр. Сонда не? Шындығында, Қатар инвестициялық қаражатты өзге елдерге, өзге нарықтарға салу арқылы экономикасын дамытқысы келеді. Дәл қазіргі ұстанымы да, саясаты да осы болып тұр десек, қателеспейміз. Қазақстанға керегі де осы. Оның үстіне футболдан әлем чемпионатын өзкізгеннен кейін бұл елге келушілер кө­бейген. Яғни туризмі де дамып келеді. Одан бөлек білім мен медицинаға, органикалық тағамдар нарығына, құрылыс пен жылжымайтын мүлікке, IT саласына инвестиция салып, экономикасын әртараптандырып отырған жайы бар.

Жалпы Қазақстанның Қатармен байланыс орнатқаны кеше емес. Екі ел арасында мәдени байланыс та, іскерлік қатынас та, сауда-саттық та бар. Сапар қарсаңында «Егемен Қазақстан» газетіндегі әріптесіміз Қамбар Ахмет еліміздің Қатар мемлекетіндегі төтенше және өкілетті елшісі Арман Исағалиевпен сұхбаттасқан екен. Осы сұхбаттағы елші сөзін мақалаға тұздық ретінде пайдаланғанды жөн көрдік. Біз жоғарыда Қатардың білім мен медицинаға, органикалық тағамдар нарығына, құрылыс пен жылжымайтын мүлікке, IT саласына инвестиция салып, эко­номикасын әртараптандырып отырғанын жаздық. Алдымен медицинаға келейік.

– Қатар мемлекетін Қазақстанға инвестиция салуға шақыра отырып, еліміздегі әлеуметтік маңызды нысандарға да назар аударуын талап етеміз. Осы орайда Астана қаласында озық технологиялармен жабдықталған, заманауи көпбейінді медициналық орталықтың құрылысын жүзеге асыру туралы уағдаластық бар. Аталған медициналық хаб бірнеше бағыт бойынша, оның ішінде жедел жәрдем, диагностикалық және оңалту блоктарынан құралады, – деді елші «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатында.

Негізі Қатар даму қоры Алматы облысында 120 орындық перинаталды орталықтың құрылы­сын бастаудың қажетті шараларын қолға алған. Бұл екі жақты инвестициялық серіктестік әлеумет­тік маңызға ие жобаларды да қамтитынын көрсе­тіп отыр. Оның үстіне Қатардың «Hassad Food» компаниясы Астанада астық өңдеу зауытын салуға ниеті бар. Мамандар бұл зауыттың негізгі өнімдері глютен мен крахмал екенін айтуда.

Қатардың ауыл шаруашылығы саласына да қызығып отырғанын айта кеткен жөн. Сарап­шылар Қатардың азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше назар аударатынын алға тартып отыр. Олар өз нарығын сапалы әрі экологиялық таза өнімдермен үздіксіз қамтамасыз етуге мүдделі. Бұл жағынан келгенде Қазақстанда барлық мүмкіндік бар. Қатарлықтар біздің елдің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін жақсы біледі. Қазақстан Президенті келіссөз барысында осы саланың артықшылына ден қойды. Нақтырақ айтсақ, 2030 жылға қарай суармалы жер көлемін 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырған еліміз қазір бидай мен ұн өндіру бойынша әлемде алғашқы ондыққа кіреді. Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы сала­сындағы ынтымақтастықты арттыруға негіз бар екеніне назар аударды. Қазақстанның Қатар­дағы төтенше және өкілетті елшісі Арман Исағалиев Қатармен аграрлық салада бірлескен тікелей инвестициялар қорын құру мәселесі қарастырылып жатқанын мәлім етті. Елшінің айтуынша, бұл қордың негізгі міндеті ретінде тараптар еліміздегі сүт өңдеу саласын дамытуды көздеп отыр. Жоба сүт өнімдері нарығының бәсекелестігін арттырып қана қоймай, дайын өнімді алыс-жақын елдерге экспорттауға да мүмкіндік беретін көрінеді. Қатарлықтар тіпті осы саладағы үздік технологияларды алып келуге дайын.

Инвестициялық дөңгелек үстелде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қатар нарығына халал және табиғи таза ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізетін сенімді серіктес бола алатынын мәлім етті.

– Қазақстан территориясы жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын әрі жерінің 70 пайызы ауыл шаруашылығына жарамды ел ретінде Орталық Азиядағы астықты өлке саналады. Елі­міздің ауыл шаруашылығы өнімдері 80-нен астам мемлекетке экспортталады. Аталған саладағы өнімділікті үш есе арттыру арқылы экспортты екі есе ұлғайтуды көздеп отырмыз. Қазақстан Қатар нарығына халал және табиғи таза ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізетін сенімді серіктес бола алады, – Қазақстан басшысы.

Демек, Қатар қызығатын негізгі саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Бұл елдің ІТ саласына да ерекше назар аударып отырғанын тілге тиек еткенбіз. 24.kz-тің тілшісі Бибігүл Нысанбаева сол елде дайындаған хабарында Қатарды әлем­дегі ең бай, ең дәулетті елдің бірі екенін атап өткен. Ол, «Snoonu» компаниясының бас дирек­торы Хамад Әл-Хаджриді сөзге тартқан екен. ІТ саласындағы компания директорының сөзін біз де бергенді жөн санадық.

– Біздің компанияда 80-ге жуық қазақстандық маман қызмет етеді. Бәрі де мықты IT-мамандары. Қазақстанмен бірлесе отырып, инновациялық жобаны іске асырғымыз келіп отыр. Қатар дәл қазір технологияны дамытуға небәрі 1,2 пайыз ин­вес­тиция салып отыр, бірақ 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 8 пайызға жеткізуді жоспарладық. Қазақстанмен ынтымақтастығымыздың әлеуетіне сенімдімін және жақын болашақта серіктестігіміз кеңейе түсетініне сенімдімін, – дейді Хамад Әл-Хаджри.

Әмір сарайында өткен келіссөзде Президент Қазақстанның Қатар нарығына жалпы құны 250 миллион доллар болатын 60 шикізаттық емес тауар түрі бойынша экспортты ұлғайтуға дайын екенін айтты. Сонымен қатар жақын арада тауар айналымын 500 миллион долларға дейін арттыру жайы да сөз болды. Келіссөз барысында ауыл шаруашылығы, көлік-логис­тика, туризм мәселелері талқыланды. Атап айт­қанда, Мемлекет басшысы Қатарды Шығанақ пен Орталық Азияны байланыстыратын интер­модальді көлік желісін дамыту үшін күш-жігер біріктіруге шақырды. Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселесі талқыланды. Мемлекет басшысы 2025 жылы екі ел астаналарында Қазақстан мен Қатардың мәдениет күндерін ұйымдастыруды ұсынды. Бұл шаралар мәдени мұрасы бай халықтарымызды жақындата түсетініне сенім білдірді.

Бар-жоғы 3 млн ғана халқы бар Қатардың әлеуеті мықты ел екенін бүкіл әлем мойындап отыр. Осыдан 53 жыл бұрын тәуелсіздігін алған бұл елдегі 3 миллион тұрғынның 12 пайызы Қатар жұрты болса, халықтың 88 пайызын Иран, Үндістан, Бангладеш, Непал, Пәкістан, Филлипин, және Египет азаматтары құрайды.

Сөз соңында Қатар мемлекетінің инвестор­ларымен газ өңдеу зауытының, магистралды газ құбырларының құрылысы, сондай-ақ қаржы, телекоммуникация салаларындағы инвести­циялық серіктестікке қатысты келіссөздер жүр­гізіліп келе жатқанын айрықша атап өткенді жөн санадық. Келешегі зор бағыттар ретінде тау-кен және баламалы энергетиканы да қосуға болады. Осы жерде Қатар сапарының бір нәтижесі ретінде Қызылордада бу-газ станциясы салынатынын да сүйіншілей жеткізе кетейік. Жалпы Президенттің Қатарға сапары Қазақстанды басқа елдермен қатар дамуға мүмкіндік беретін қадамның бірі екенін атап өткен абзал. Астана халықаралық қаржы орталығы Қатардың Орталық банкімен, Қатар қаржы орталығымен және Қатар қор биржасымен берік іскерлік байланыс орнатқанын ұмытпау керек. Қазақстан Президенті айтқандай, Астана халықаралық қаржы орталығында Қазақстан-Қатар тікелей инвестициялар қоры құрылатын болса, Қатар сапарының 100 пайыз жемісті болғаны. 

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: