Жұма, 27 желтоқсан, 01:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қайда барсаң да, жол жөндеу: Қала көшелері жаңа кейіпке енуде

06.08.2024

277 0

Кеше жүрген жолыңмен бүгін жүре қалсаң, алдыңда тас бұғау. Ар жағында жол компанияларының қызметкерлері қызу тірлікті бастап кеткен. Қызылордадағы бұл көрініске қазір үйренісіп те қалдық. Әдепкі кезде күйгелектеніп, «Ай, қап!» деп жататын жүргізушілер қазір «Е, мына көшені де жөндеп жатыр екен» деп кері айналып кете береді. Жаңарып жатқан жолдардың жайын зерттеп, қаладағы осы бағыттағы жұмыстарға бір сәт көз жіберген едік.

Биыл облыстың бас шаһарында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағыты бойынша 34,8 миллиард теңге қаражат бөлінді. Былтыр бұл көрсеткіш 12 миллиард теңге болатын. Енді биылғы қаржыға 97 көшеге жол құрылысын салу, қайта жаңғырту, күрделі және орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

– Тұрғындар мен қала қонақтарының жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау үшін қалаға кіре беріс жолдарға, оның келбетіне аса мән беріп жатырмыз. Ол үшін әуежай жолы мен Шиелі ауданынан қалаға кіреберіс жолдарды кеңейту жұмыстары жүргізілсе, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ арқылы «Қызылорда-Құмкөл» автомобиль жолын қайта жаңғырту үшін техникалық-экономикалық негіздеме дайындалуда. Сонымен қатар Астана қаласынан кіреберіс – Сағымбаев кө­шесін қайта жаңғырту үшін жоба-сметалық құжаттама әзірленуде. Қала­ның магистралды Яссауи мен Жаппасбай батыр көшелері кеңейтілуде, – дейді қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай.

Әрине, жол құрылысы қаланың өзек­ті мәселелерінің бірі болатын. Әйтсе де алты айда атқарылып, ел игілігіне берілген жұмыстар жұртшылықтың оң бағасын алып үлгерген.

– Осы кезеңге дейінгі жұмысты айтсақ, Елеу Көшербаев көшесі қайта жаңғыртылды, ал Н.Назарбаев даң­ғылынан Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылына дейінгі жаңадан жол құры­лысының жұмысы да өздеріңіздің көз алдарыңызда. Жалпы айтқанда, 96 көшеге күрделі және 34 көшеге орташа жол жөнделеді. Мақсат та, мүдде де – тұрғындардың сапалы өмір сүруіне қолайлы жағдай туғызу, – дейді әкім орынбасары.

Тақтайдай тегіс асфальтта зырғыған көліктер күні кешегі шаңы бұрқырап, айналасы айран-асыр болып жатқан көріністің жемісі екені анық. Әйтсе де жаяу жүргіншілер жолына келгенде көп жерде сын садағына ілінген тұс­тар бар. Бүгінде халықтың жүріп-тұруына сапалы жағдай жасауды ойға алған қала басшылығы мұны да ескеріп, мердігерлердің жауапкершілігіне сал­ғаны да есімізде. Қайткен күнде де жаяу жүргіншілер жолы жаңарып, қаланың сәнін келтіріп тұрғанын айту керек.

– Биыл құны 2,3 млрд теңге болатын 54 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Оның ішінде 40 көше қала аумағында болса, Тасбөгет кентіне 6 көше, Белкөл кентіне 1 көше, ал Қарауылтөбе ауылына 7 көше қаралған. Жарықтандыру жайы да назардан тыс қалған жоқ. Биыл 81 көшені жа­рықтандыруға 1,4 млрд теңге бөлінді. Оның 54 көшесі Қызылорда қаласына бағытталса, Тасбөгеттегі 6 көшеге, Сабалақтағы 15 көшеге, Белкөлдегі 5 көшеге және Ақжарма ауылдық ок­ругіндегі 1 көшеге де жарық шамдары орнатылады, – дейді Ғ.Еркебай.

Көрікті қала, келбетті өңірге айна­лып келе жатқан сұлу Сырдың төріндегі – Қызылорда да алдағы уақытта саябақ­тар да көбейе бермек. Бұрын-соңды назар­дан тыс қалған сверлер мен аллеялар да қайта жаңғыртылып, тұрғындарға сая болмақ. Мұндай үлгідегі жасыл алаңқайлар қаланың барлық аумағында қолға алынады.

Дәулет ҚЫРДАН,

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: