Жұма, 27 желтоқсан, 02:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Жол жөндеу жұмысы қарқын алды

16.04.2024

774 0

Сурет: Қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Биыл қалада жалпы ұзындығы 46,234 шақырымды құрайтын 35 көшеге орташа жол жөндеу жұмысы жүргізілуде. Қазіргі таңда аталған 35 көшенің ішінде С.Мұқанов көшесіне орташа жол жөндеу жүргізіліп, пайдалануға берілсе, Қазақстан көшесі де жөндеуден өтуде.

Яссауи көшесі жаңа кейіпке енеді

Аймақ басшысының қолдауымен қалада ауқымды жұмыстар басталды. Соның бірі – Қожа Ахмет Яссауи көшесін қайта жаңғыртуға арналады. Яғни ұзындығы 3 шақырымға жуықтайтын көше 4 жолақты болып өзгертіледі. Жаяу жүргіншілер жолы түсіп, толығымен жарықтандырылады.

Аталған жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 6 наурыздан бастап «Қыран» ЖШС-мен жүргізілуде. Жоспар бойынша қайта жаңғырту жұмысы күз айларына дейін аяқталады. Айта кету керек, қайта жаңғыртудан өтетін көшенің бойы қосымша абаттандырылады.

Мұнан бөлек, көшені абаттандыру жұмыстарына 725 млн теңге бөлінді. Мердігер мекеме «BSG Инжиниринг» ЖШС жұмысты жуық арада бастап, қараша айында аяқтамақ. Жоба бойынша теміржолдың екі бетіне тұрғындардың серуендеуіне ыңғайлы аллеялар, жаяу жүргіншілер жолы салынады. Бұл көше халыққа қолайлы болуымен қатар, Қызылордаға жеткен пойыз жолаушыларының қаланың көркі, тазалығы туралы алғашқы пікір қалыптастырады. Осылайша қаланың орталық көшелері ғана емес, шет аймақтағы көшелер де кеңейтіліп, көркейтіледі.

Қос даңғылды байланыстыратын жаңа көше

Н.Назарбаев даңғылынан («Сыр самалы» кешенінің жанынан) Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылына дейінгі аралыққа жол салынуда. Ол көше Сыр самалы деп аталады. Жақында қала әкімі аралау барысында осы көшенің жұмыс барысымен танысқан болатын.

– Қазір қалада 35 көшеге орташа жөндеу, 15 көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстары қолға алынды. Сонымен қатар арасында төрт жолақты етіп, қайта жөндеуден өтетін көшелер де бар. Оған қоса бір көше жаңадан салынуда. Ал Сыр самалы көшесі салынып біткен соң оның айналасын да реттеу жұмысы жүргізіледі. Себебі көше жиегі күл-қоқысқа толы және қамыс өскен. Жарық бағаналары да назардан тыс қалмайды. Сондай-ақ каналға жақын болғандықтан мал қора салып, мал өсіріп отырғандар да бар. Бірақ алдағы уақытта заңға сәйкес оның бәрі алынады, – дейді қала басшысы.

Көше екі жолақты болады. Жарықтандыру мен жаяу жүргіншілер жолы қатар жүргізіледі. Мердігер мекеме «Қыран» ЖШС жобаны қыркүйек айында аяқтауды жоспарлауда. Бұл жобаның мақсаты – қала орталығында көлік кептелістерін азайтып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау.

Көшербаев көшесі жаңғыртылуда

С.Бейбарыс көшесі мен Астана даңғылының аралығын байланыстыратын Е.Көшербаев көшесі 4 жолаққа кеңейтілуде. Жоба аясында лотоктар ауыстырылады. Жарық шамдары жаңаланып, жаяу жүргіншілер жолы түседі. Жоба құны – 434,4 млн теңге. Ал қайта жаңғырту жұмыстарын «УАД» ЖШС атқаруда. Мамандардың айтуынша, көктемде жөндеу жұмысы басталған көшелер толығымен күзде аяқталады деп жоспарлануда.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: