Сенбі, 18 сәуiр, 01:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№28 (2240)
18.04.2026
PDF мұрағаты

Айман Ахметова, психотерапевт: Декреттегі аналардың жанталасын түсінбеймін

18.04.2026

40 0

«Адамдарда ішкі күйзеліс көп. Өзін жоғалту, әлеуметтік желіге телмірумен уақыт өткізгендер. Өзіне мүмкіндік бермейтін, өзі шешім қабылдай алмайтын жандар көп. Сондай-ақ отбасындағы қарым-қатынастың дұрыс болмауы да бүгінгі күннің өзекті мәселесі», – дейді ол. Психотерапевт Айман Ахметовамен сұхбатымызда адам жанына үңілуге тырыстық. Шынында, адамдар қазір неге жанталасып жүр? Неге көңілі толмайды? Сұхбаттан оқыңыз…

– Қазіргі қоғамда адамдардың психотерапевт қабылдауына жүгінуі қандай деңгейде?

– Кейінгі жылдары адамдардың психотерапевтке жүгінуі айтарлықтай өсіп келеді. Бірақ әлі де көзқарас дұрыс қалыптасқан жоқ, адамдар мұқтаж болса да психотерапияға жүгіне бермейді. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, қаржылық жағдай, екіншіден, өз бойындағы ауруды сезіне алмауы. Әлемде 1 млрд адам психикалық қиындықпен өмір сүреді дейтін болсақ, оның 10 пайызы ғана психотерапевтке жүгінуі мүмкін. Біздің елмен салыстырғанда Еуропа елдері психотерапевт көмегіне жүгінуге деген көзқарасы дұрыс. Қазақстандағы статистикалық мәліметке сүйенсек, 2026 жылы психикалық мәселесі бар адамдардың 80 пайызы мүлдем емделмеген. Өзім «Ана мен бала» орталығында жұмыс істеймін. Мұнда әйелдерде босанғаннан кейін психикалық өзгерістер болып жатады. Сол кезде пациенттерге босанғанға дейін немесе босанғаннан кейінгі депрессияның салдарынан психикалық ауытқудың жоғары деңгейі болып тұрғанын ескертсек, кейбірі ренжіп жатады. Негізі мұндай кезде психиатр шақырып, дәрімен емдеп барып, психотерапевт әрі қарай жұмыс істемесе нәтиже болуы екіталай. Жалпы қоғамда психотерапевтке деген сұраныс жоғары болса да, адамдардың бұл туралы түсінігі аз болғандықтан жүгіну деңгейі әлі де төмен. Себебі адамдар психотерапевт пен психолог­тың айырмашылығын, коучтің кім екенін ажырата білмейді. Негізінен психотерапевтке депрессиялық диагнозы барлар жүгіну керек. Жалпылама деп­рессия деп аталғанымен оның ішінде күйзе­ліс, невроз, па­никалық шабуыл болуы мүмкін. Мәселен, паникалық шабуыл кезінде адамның жүрегі қатты соғып, сыртқа шығып кетететіндей, ауа жұта алмай қысылады. Мұндай кезде дәрі ішіп ғана қоймай, әрі қарай психотерапевтке емделмесе,  ауруы асқынып кетуі мүмкін. Алайда адамдар психотерапевтке баруға асықпайды, себебі бойындағы өзгерісті түсіне бермейді.

– Психолог пен психотерапевтің айырмашылығы қандай?

– Шынында, адамдар психолог пен психотерапевтті шатастырып алады. Психолог адамның психикасын, мінез-құлқын, эмоциясын зеттейтін маман. Ол кеңес береді, эмоционалдық қолдау көрсетеді, мотивация береді. Арнайы тест көмегімен жұмыс істеу арқылы адамның эмоциялық жағдайын анықтайды. Ал психотерапевт психикалық бұзылыстарды арнайы әдістермен емдейтін маман.  Қарапайым тілмен айтқанда, психолог адамның жағдайын түсінуге, ал психотерапевт сол жағдайдың тамырын емдеуге көмектеседі.

 – Психолог немесе психотерапевтке тек проблемасы бар адамдар ғана бара ма?

– Қазір мұндай түсінік өзгерді. Адамдар бұл мамандарға тек мәселемен ғана емес, өзін жеке тұлға ретінде қалыптастыруға, дамыту үшін де барады.   Мұндай кезде психотерапевтің негізгі мақсаты – адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуына көмектесу. Ал өмірде түрлі қиындыққа кезігіп, сәтсіздіктерден өзін жоғалтып алған, жарақат алған адамдарды арнайы терапия арқылы емдейді. Бұрын психологқа әлсіз адамдар барады деген көзқарас болса, қазір өз өміріне жауапкершілікпен қарайтын, өсуге ұмтылған адамдар келеді. Әсіресе кәсіппен айналысатын, табысын жақсартып, өзі де өсуге ұмтылған адамдар психотерапевтке жүгінеді.

– Тәжірибеңізден түйгеніңіз: қазір адамдарды қандай мәселе көбірек мазалайды?

– Адамдарда ішкі күйзеліс көп. Өзін жоғалту, әлеуметтік желіге телмірумен уақыт өткізгендер. Өзіне мүмкіндік бермейтін, өзі шешім қабылдай алмайтын жандар көп. Сондай-ақ отбасындағы қарым-қатынастың дұрыс болмауы да бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

– Зерттеушілер келешекте әлем бойынша халықтың 90 пайызы психолог кеңесіне мұқтаж болатынын айтқан. Сіздің пікіріңіз?

– Қазір өмірден ғажайып күтетіндер көп. Кез келген жетістікке маңдай тер еңбекпен, төзіммен емес, оңай жолмен, бәрі тез болса екен деп жанталасады. Тез байып кету, оңай жетістікке жету деген сияқты. Бұған әлеуметтік желідегі қызылды-жасылды өмірдің де әсері бар. Цифрлық әлемдегі күндегі өзгеріс, шамадан тыс ақпараттың көптігі және әлеуметтік желідегі өзгенің өмірін өз өмірімен салыстыру адамдарды күйзеліске түсіреді. Сондай-ақ адамдарда мазасыздық жыл сайын көбейіп келеді. Өзінен-өзі күйіп-пісу, өзін кінәлау басым. Тағы бір қиындығы, адамдардың әлеуметтік желіге әбден еніп кеткені соншалық, жақынымен тіл табыса алмау секілді қиындық туғызуда. Өзін жалғыз сезінген адам күйзеліске көп түседі. Сол себепті келешекте адамдар стоматологқа қаншалықты жиі жүгінсе, психолог көмегіне де соншалықты мұқтаж болады.

–  Қазір психолог кеңесіне шын мұқтаж­дар көп пе?

–  Сұраныс бар. Қазір адамға адам керек. Әлеуметтік желі адамдар арасындағы қарым-қатынасты әлсіретіп жіберді. Екінші жағынан уақыт жеткізе алмау, әр­дайым асығып жүру де ата-ана мен баланың арасын алшақтатты. Қазір ата-ананың баласымен сөйлесуге, көңіл бөлуге уақыты жоқ. Мәселен, маған декреттегі аналар бірнәрсемен айналысқысы келетінін айтып жиі келеді. Декреттегі ана немен айналысуы керек? Бұл оған баласына қарауға, көңіл бөлуге, бар мейірімін беруге арналған уақыт ғой. Ол уақыт қайта айналып келмейді. «Жай ғана ана болыңыз. Өсіп келе жатқан сәбиге қараңыз. Оның күлгені, былдырлағаны, тұрғаны, жүргені үлкен ғылым ғой. Соны зерттеңіз, қамқорлық танытыңыз» деймін. Бұл жай демалыс немесе бос өтіп жатқан уақыт емес, үлкен жауапкершілік кезеңі. Зерттеушілер адамның психикалық жүктемесін бірнеше фактормен байланыстырады: Тұрақсыз экономика, әлеу­меттік желідегі салыстыру, ақпараттың шамадан тыс көптігі, жалғыздық, өмір қарқынына ілесе алмай шар­шауы. Кейбір адамдар өзін адасып қалғандай сезініп, жан­таласып бағыт-бағдар іздеп жүреді. Қазір көпшілігі пси­хологқа мынадай мәселемен келеді: Травма, ішкі күй­зеліс, өзін түсінбеу немесе өмір сапасын жақсартуға ұмтылу.

– Қазір адамдарға жылы сөз жетіспейтіндей. Сіз қалай ойлайсыз?

– Технология дамыған ғасырда адамдар бір-бірімен көп ақпарат алмасады, бірақ сезімін білдіре алмайды. Онлайн байланыс шынайы қарым-қатынасты жоғалтты. Адамдардың бір-біріне жылулық бере алмауы, робот сияқты қалып таныту салдарынан адамдар әлеуметтік желіні ақтарып, жылы сөз іздейді. Негізі бауырмалдық, жылы сөз айту, сезімін білдіру адамның қоршаған ортада қауіпсіз екенін сезіндіреді.

– Әлеуметтік желі, гаджет адам психологиясына қаншалықты кері әсерін тигізді?

– Әлеуметтік желінің пайдалы жағын ала білу адамның өзіне байланысты. Ақпаратты сүзгіден өткізе білу керек. Азанда ұйқыдан ояна сала телефон ақтару дұрыс емес. Миды қоқысқа толтыру адамды әлсіретеді, шаршатады. Мәні жоқ қысқа видеолар ойлануға мұрша бермейді. Соның салдарынан қазір көпшілігінің, әсіресе жастардың кітап оқуға шыдамы жетпейді. Тыңдау қабілеті де әлсіреді. Түнімен телефон көретіндердің ұйқы сапасы бұзылады, денсаулығы сыр береді.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: