Сейсенбі, 23 сәуiр, 21:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

«Әйелдер – тәуелсіздік дәуірінің тірегі»

14.12.2021

1123 0

Тәуелсіздік – біздің мәңгілік рухани құндылығымыз, халқымыздың бақыты. Қазақстандық әйелдер ел тәуелсіздігінің қалыптасуы мен нығаюына қомақты үлес қосуда. Олар өз балалары мен немерелеріне қамқорлық жасайды, өз отбасыларында және жалпы қазақстандық қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтауға тырысады.

Тәуелсіздіктің қиын кезеңінде әйелдер үйдің тыныштығы мен әл-ауқатын қорғады, ер адамдарды қолдады, оларға рух берді, күш пен қуат берді. Әйелдер қай салада жұмыс істесе де, өздерінің отбасылық және азаматтық міндеттерін орындауда көптеген адамдарға үлгі болды.

Әйелдер облыстың әлеуметтік-экономикалық, саяси, рухани-мәдени жағдайына үлкен әсер етеді, бұл салалардың дамуындағы қозғаушы күш болып табылады. Бұл туралы облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдауымен Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі Достық үйінің конференц-залында өткізген «Әйелдер – тәуелсіздік дәуірінің тірегі» атты дөңгелек үстелде айтылды.

Іс-шараға облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, облыстық Аналар кеңесінің мүшелері, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, этномәдени бірлестіктердің басшылары, денсаулық сақтау, білім беру, кәсіпкерлік саласының өкілдері қатысты.

Жиынның модераторы облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Ахметова болды.

Жиын жас ақын Алина Мұратова «Тәуелсіздік – тұғырым» өлеңімен бастау алды.

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Аида Абибуллаева «Әйелдер – қоғамның қозғаушы күші» тақырыбына кеңінен тоқталса, облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Қаламқас Каримова әйелдер істері жөніндегі комиссияның бүгінгі күндері атқарып жатқан жұмысы туралы айтып өтті.

Облыстық мәслихат депутаты Сәрсен Бихожа «Заманауи әйелдің бейнесі» тақырыбында сөйлеген сөзінде қазіргі заманауи әлемдегі әйел бейнесі туралы айтып берді.

«Ана мен бала» орталығы бас дәрігерінің орынбасары Гүлнар Жұмашева «Әйел – ана мен ұрпақтың денсаулығын бекемдеу» атты баяндамасында 2021 жылғы демографиялық туу көрсеткіштеріне, сондай-ақ медицинаның ана мен бала денсаулығына ерекше көңіл бөлуіне қысқаша тоқталды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Славяне» облыстық этномәдени бірлестігінің төрайымы Галина Щербакова «Тәуелсіздіктің маңызды тетігі – Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы айтып берді.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ғылым бөлімінің басшысы, техника ғылымдарының кандидаты Шолпан Үмбетова қазіргі таңда әйелдердің ғылым мен білімді дамытудағы рөлінің қаншалықты маңызды екенін атап өтті.

Барлық қонақтар түрлі салада еңбек етіп, Қазақстанның тәуелсіздігіне қол жеткізуге өз үлестерін қосқан әйел-аналар туралы ойларымен бөлісті.

Спикерлердің сөзінен кейін белсенді талқылау өтті. Атап айтқанда, Қызылорда қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сайлаубай Әбішев пен «Рухани жаңғыру» орталығы директорының орынбасары, саяси ғылымдар кандидаты Саулет Сахиев өз ойларын ортаға салды.

Дөңгелек үстел барысында тәуелсіздік жылдарында өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар белсенді әйелдер алғыс хаттармен марапатталды.

Отырыс көп балалы ана, «Алтын алқа» иегері Қуаныш Мырзабаеваның орындауындағы «Ару ғұмыр» әнімен қорытындыланды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: