Сәрсенбі, 24 сәуiр, 15:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Әкім тапсырмасы неге орындалмайды?

12.03.2022

1257 0

Әне-міне дегенше қыс аяқталып, көктемнің қарбалас тірлігі басталды. Қалада ауқымды шаралар атқарылғанымен шешімін күткен шаруалар да аз емес. Біздегі проблеманың бірі кейбір жастардың әскерге барудан жалтаруы болып отыр. Бұл бүгін көтерілген мәселе емес. Өткен жылы да осы сала бойынша кемшіліктер туындаған. Қала әкімі Ғанибек Қазантаев сол кезде қаламыздағы жастардың әскерге барудан бас тартуына не себеп екенін анықтап, зерттеу жұмыстарын жүргізуді тапсырған еді. Алайда аппараттық мәжілісте қалалық қорғаныс істері басқармасы әкімнің тапсырмасын орындамағанын аңғардық. Зерделеу жұмыстары да жүргізілмеген.

Қалалық қорғаныс істері басқармасының бастығы Алмас Чункунов аппараттық мәжілісте жастардың көбі әскерге барудан бас тартатынын ашық айтты. Оған себеп сырт жерлерге жұмысқа кетіп қалады. Сондай-ақ несиесі бар адамдардың әскерге аттануына психологтар шектеу қояды. Медициналық тексерістен өтпей қалатындар тағы бар.

– Әскерге барудан жалтарып, басқа қалаға жұмысқа кеткендер көп. Бұл тұрғыда ата-ана тарапынан көмек көрсетілмейді. Демек, жастардың әскерге баруға ниеті болмай тұр. Жауапкершілік жоқ. Өткен жылы жалпы тапсырыстың 79,4 процентін орындадық. Аудандармен салыстырғанда Қызылорда қаласы төмен деңгейде. Биыл көктемгі мерзімге 272 азамат әскерге шақырылған. Осы жылы олардың саны артып отыр. Тапсырысты жоғары деңгейде орындау мақсатында қалаға қарасты кент және ауылдық округтерге меже бөлдік. Ауылдық округтер осы мәселеге назар аударып, тиісті жұмыстар жасалуы тиіс, – деді Алмас Чункунов баяндамасында.

Жастардың әскерге барудан бас тартуы өзекті мәселе екені рас. Сондықтан азаматтардың ынтасын арттыру үшін тиісті жұмыстар жасалуы керек-ақ.

– Жастарға патриоттық тәрбие беру бағытында елге сыйлы ардагерлермен білім беру мекемелерінде кешенді шара ұйымдастырылуы тиіс еді. Сонымен қатар әскерге барар алдында неге қалалық комисиядан өтіп, облыстық комиссиядан өтпей қалады? Сол емханада тіркеліп тұр ма? Әрі қарай емделу үшін тұрақты қаралып жүр ме? Осы мәселені зерттеп, бірлесе шешу жөнінде тапсырма берілген болатын. Әскерден бас тартқан азаматтарға шара қолдану қажет еді. Бұл мәселе де назарға алынбаған. Берілген тапсырмалар орындалмаған. Неге? – деді қала әкімі.

Қала әкімі көктемгі әскерге шақыру жұмыстарының 100 процентке орындалуын қадағалауды қатаң ескертті.

– Азаматтардың медициналық тексеруден өтуін қадағалау қажет. Белгісіз себептермен әскерге барудан қашып жүргендерге заңға сәйкес шара қолдансын. Олардың аты-жөндерін заң талаптарына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желідерде жариялау қажет, – деді қала басшысы.

Аппараттық мәжілісте сондай-ақ жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту жөнінде қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбаеваның баяндамасы тыңдалды.

– Жыл басынан 3007 азамат жұмыссыз ретінде тіркелсе, оның ішінде 584-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар биылғы жылы 29 жасқа дейінгі жастарға, аз қамтылған отбасы мү-шелері – атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасы мүшелері мен мүгедек баланы тәрбиелеушілерге берілмек. Яғни жоспарланған 814 азаматтың ішінде 331 жас кәсіпкердің жобасын қолдау көзделуде, – деді бөлім басшысы.

Қала әкімі осы мәселе негізінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтуды қолға алу керектігін баса айтты. Оларға қолдау, көмек керек. Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі назардан тыс қалмауы тиіс.

Мәжілісте көктемгі егін жұмыстарының барысы жөнінде қалалық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Әзірбек кеңінен саралады.

Бөлім басшысының сөзіне сүйенсек, осы жылы 8956 гектар алқапқа егін егу жоспарланған. Биыл да су тапшылығы мәселесі алаңдатып отырғаны белгілі. Көксарай су қоймасындағы жиналған судың көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 1 млрд 294 млн текше метрге аз. Сондықтан да ауылдық округтерде насос қондырғысын қою бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.

Аппараттық мәжілісте көтерілген үш мәселе де ауқымды. Сондықтан да сала басшылары нақты жұмысқа кірісуі қажет-ақ. Жиынды қорытындылаған қала әкімі Ғанибек Қазантаев талқыланған мәселелер бойынша тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар берді. Алайда тапсырма берілуімен емес, орындалуымен маңызды.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: