Бейсенбі, 25 сәуiр, 18:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Аймақ басшысының тапсырмасы қалай орындалуда?

19.04.2022

861 0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өткен аптада өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайына арналған кеңейтілген жиында қаладағы басқарудың жаңа формасына өтетін 575 көпқабатты тұрғын үйлердің дайындығы тиісті деңгейде жүргізілмегенін айтып, оларды кондоминиум нысаны ретінде тіркеу жұмыстарын күшейтуді міндеттеген болатын. Облыс әкімінің тапсырмасына орай қала аумағында көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы келбетін әрлеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Осыған орай, біз де әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көпқабатты тұрғын үйлерді аралап, қала тұрғындарының пікірін білген едік.

– Шаһардағы көпқабатты тұрғын үйлерге қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекеменің бірі – «Сырэлектромонтаж» ЖШС қала орталығындағы «Универсам» шағын ауданында жұмыс атқаруда.

Шаруашылық директоры Еркін Дүйсенбековтің айтуынша, барлығы қатаң қадағаланып, жұмыстың сапалы орындалуына баса мән берілмек.

– Кез келген істің артында сұрауы болады. «Іс бітті, қу кеттінің» қарекеті болмауы керек. Міндетімізге жүктелген істі мұнтаздай етіп бітіру керек. Біздің компания 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Құрылыс саласында тәжірибеміз мол. Осында 1 техника мен 6 адам ауысым бойынша жұмыс атқаруда, – дейді «Сырэлектромонтаж» ЖШС директоры Е.Дүйсенбеков.

Жасыратыны жоқ, бұл көпқабатты тұрғын үйлердің көбісі ескіріп, тозығы жеткен. Кеңес заманында бой көтерген үйлердің кейбірінде ширек ғасырға жуық жөндеу көрмегендер де кездеседі. Шатырдан су ағу, жылу құбырлары мен кәріз жүйесінің нашарлауы секілді мәселелер тұрғындарды әбден титықтатып жіберген. Сондықтан модернизация жүргізілуін мұндағы жергілікті тұрғындар қуана қабылдауда.

– Осында тұрып жатқаныма он жылға жуықтады. Үйдің кем кетігін айтып, талай мәрте ұсыныс білдірдік. Міне, биыл жаңарып жатыр. Бұл бізге үлкен қуаныш сыйлауда. Тек құрылыс жұмысы сапалы жүргізілсе деген тілек бар, – дейді қала тұрғыны, зейнеткер Роза Күзенбаева.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бойынша қала аумағында 20-ға жуық көпқабатты тұрғын үйлерге кәсіпкерлер мен демеу­шілердің көмегімен әрлеу жұмыстары қолға алынуда. Ал сұранысты қажет ететін үйлер алдағы уақытта кезең-кезеңімен жөнделе бермек. Қолға алынған күрделі жөндеу жұмыстары тұрғындарды қуантты.

Көппәтерлі тұрғын үйлерге жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмысы алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын таба бермек. Демек бұл бір мау­сымдық жұмыс болмайды. Ендеше, қызылордалықтардың шаһар шы­райын кіргізер жайлы баспанада қиындықсыз күн кешетін кезі алыс емес.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: