Сейсенбі, 19 наурыз, 10:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№23(2033)
19.03.2024
PDF мұрағаты

Ақжарма: Шет аймақтағылар су сұрады

09.02.2021

8267 0

Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев онлайн форматта Ақжарма ауылдық округі тұрғындары алдында есеп берді. Жиын барысында шаһар басшысы Қызылорда қаласы мен оған қарасты ауылдық округтерде атқарылған істер мен алдағы жоспарларын бөлісті.

Өткен жылы жергілікті және рес­публикалық бюджеттен 9 млрд теңгеге жалпы саны 408 көшеге жөндеу жұмысы жүргізілгенін айтты. Жол жөндеу жұмыстарынан Ақжарма ауыл­дық округі де кенде қалған жоқ. Алдағы уақытта облыстың бас қаласы мен оған қарасты елді мекендердегі 51 шақырымды құрайтын  94 көшені жөндеуге қалалық бюджет есебінен қиыршық тас төсеу жұмыстарына 1 млрд 700 млн теңге бөлінген.

Сондай-ақ өткен жылы ел қам­басына құйылған 21 160 тонна «сыр салысының» 7761 тоннасы Ақжарма ауылында жиналған. Жалпы ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі ауыл­шаруашылығы болғандықтан, округ­те 2800 гектар инженерлік жүйе­ге келтірілген жер бар. Өткен жылы сол жердің 1424 гектарына күріш, 200 гектарына жоңышқа егілді. Егін егумен ауылдағы 18 жеке шаруа қожалығы айналысуда. Сон­дай-ақ қожалықтардың барлығы «Агробизнес-2020» бағдарламасы ая­сында мемлекеттен субсидия алған.

Қала әкімі есеп беру алдында ауылдық округ тұрғындарымен кез­дескен болатын. Кездесу барысында өткен жылы қарқынды жүргізілген жол жөндеу жұмыстарымен қатар Талдыарал елді мекеніндегі ауыз су мен кәріз су желілерінің жайы да айтылған болатын. Онлайн режимде өткен әкімнің есебінде Ақжарма ауылдық округінің ардагері Темірбек Қасымов бұл мәселені қозғады. «Ауылдағы ең үлкен Тоғай көшесін жарықтандыруға биыл қаражат бөлінеді ме және ауыл­дың шет аймағынан берілген жаңа жерлерге ауыз су тарту мәселесі қалай болмақ?» деді ардагер өз сөзінде.

Бұл мәселенің жауабын шаһар басшысы ауыл әкімінен сұраған­да Жұмабек Әлиев «Көшені жарық­тандырудың жобасы дайын, 2,4 млн теңге қаралған. Алдағы уақытта жа­рықтандыру жұмысы басталады» деп жауап берді. Сондай-ақ ауыл әкімі шет аймақтағы жаңа жерлерге су тарту үшін құрылыс бөлімі арқылы құны 40 млн теңге болатын жоба-сметалық құжаттары дайын екенін және алдағы уақытта республикалық бюджеттен қаржы күтіп отырғанын да жасырмады.

– Ауыл әкімі көшені жарық­тандыруға қаражат бөлінгенін айтты. Күн жылығанда жұмыс басталады. Ал ауыз су жүргізу үшін қомақты қаражат керек екені сөзсіз. Талдыарал мен Баймұрат батыр елді мекендеріне су тарту үшін қалалық бюджет қаржысы жетпейді. Сол себепті республикалық бюджеттен қаражат тарту үшін мін­детті түрде жұмыс жасаймыз, – деді қала әкімі.

 Сондай-ақ Нұрлыбек Машбекұлы аталған мәселенің шешілуін қада­ғалауды ауыл әкімі мен орынбасары Елмұрат Рахматуллаевқа тапсырды. «Республикалық комитетке барғанда осы мәселені міндетті түрде ескеру керек. Өз бақылауыңызға алыңыз» деп қала басшысы қалалық құрылыс және сәулет басқармасының басшысы Пахуадин Шамұратовқа да тапсырды.

Жалпы Ақжарма ауылдық ок­ругінде жаңадан берілген жерлерге инфрақұрылым жұмыстары өткен жылы қарқынды жүргізілді. Оның ішінде ауыз су құбырларына 41 млн-нан астам және тас жол салу жұ­мыстарына 188 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл құбыр жүргізу және тас жол салу жұмыстары өткен жылдың қараша айында толық аяқ­талған. Ал электр жарығына бай­ланысты жоба-сметалық құжаттар дайындалып, өткізілгенінен де есеп­ті кездесуде ел хабардар болды. Ал тұрғындар көтерген мәселенің ше­шімін табуы қаржыға байланысты  екені түсінікті болды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: