Бейсенбі, 25 сәуiр, 21:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Ауыз су мен аяқ су басты назарда

02.04.2022

1470 0

Жыл сайын күн жылып, көктем келісімен ауыз су мен аяқ су мәселесі алдымыздан шығады. Әсіресе, өткен жылы еліміздегі құрғақшылық шаруаларға ауыр тиді. Жығылғанға жұдырық болып Сырдарияның да деңгейі төмендеп кетті. Қазіргі кезде Сыр өңірінде су тапшылығы ең өзекті мәселеге айналып тұр.

Осыған орай бүгінде билік халықты сапалы ауыз су мен аяқ суды қамтамасыз ету үшін жан-жақты жұмыстар артқаруда. Бұл жөнінде қалалық мәслихаттың кезекті XVII сессиясында қала әкімінің орынбасары Елмұрат Рахматуллаев мәлімдеді.

Сессияның күн тәртібінде 8 мәселе қаралып, жан-жақты талқыланды. Қалалық мәслихаттың кезекті XVII шақырылымына мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев төрағалық етті.  Басты мәселе – ауыз судың сапасы мен аяқ судың қолжетімділігі. Бұл мәселені сессия қарауына әзірлеу үшін уақытша комиссия құрылып, сала мамандарының қатысуымен бірнеше басқосу өтті. Сондай-ақ депутаттар қаланы аралап, аталған мәселенің мән-жайымен танысты.

– Бүгінде қала халқы ауыз сумен «Қызылжарма» және «Қызылорда жер асты су кен орны» арқылы қамтылуда. Қыс мезгілінде бір тәулікте 58 ұңғымадан 40-42 мың текше метр су таратылады. Ал жаз айларында халыққа 95-100 мың текше метрге дейін су беріледі. Қазіргі кезде кәсіпорын 82 мыңнан аса тұтынушыға қызмет көрсетуде. Тиісті мамандар ауыз судың сапасын күнделікті қадағалап, жіті тексеріп отыр. Өткен жылы «Қызылорда су жүйесі» мекемесі өз күшімен ауыз сумен кәріз су насостарына күрделі жөндеу жүргізді, – деді қала әкімінің орынбасары.

Алдағы уақытта бұл түйткілді мәселені түбегейлі шешу үшін атқарылатын жұмыстар легі көп. Атап айтсақ, «Еңбек», «Өркендеу», «Орбита» «Эдельвейс»  бау-бақша серіктестіктері және «Сол жағалау», «Титов», «Қызылжарма» ауылдық округіне қажетті жерлерге  су құбырлары мен желілерін салу мүмкіндігін жан-жақты қарастыру керек. Сонымен қатар сессия барысында «Орбита» және «Эдельвейс» бау-бақша серіктестігін ауыз суға қосу үшін сметалық құжатын әзірлеуге қара­жат бөлу ұсынылды.

Аталған мәселе төңірегінде тұрғындар арасында суды үнемдеуге және су есептегіш құралын орнату бойынша ақпараттандыру жұмыстарын жіті ұйым­дастыру керегі де сөз болды. Сондай-ақ қала бойынша негізгі магистралды каналдар мен арық жүйелерін тазартып, аяқ су мәселесін оңтайлы шешу жолдары қарастырылды. Оның ішінде «Қызылжарма», «Бо­таникалық бақ» каналын тазарту жұмыстары – басты назарда.

Ал мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғындардың сапалы ауыз су және аяқ сумен қамтамасыз ету барысы туралы қалалық мәслихат депутаты, «Қазсушар» өнді­рістік учаскесінің басшысы Ж.Нұрымбетов хабарлама жасады.

– Бүгінде қаланы аяқ сумен қамтамасыз ету үшін 15 канал жұмыс атқарады. Бұл каналдың көбісі 1971 жылдары қазылған. Осы уақытқа дейін каналдардың тозығы жетіп, су өткізгіштік қабілеті бұзылған. Соның салдарынан қаланың аяқ сумен қамтылу көрсеткіші 30-35 процентті ғана құрайды. Қалада аяқ су жетіспеушілігі ауыз су мәселесіне өз әсерін тигізуде. Жылма-жыл 401,68 млн теңге шығын болатын болса 5 жылда 2 миллиард теңге жоғалып отырады. Сондықтан аяқ суға көңіл бөлуді бірінші орынға қою керек. Қазіргі кезде қаланың аяқ суына тікелей пайдасын тигізетін 26 ұңғыма қазу және суды негізгі магистралды каналға жеткізу жобасына 98 млн теңге бөлініп, жеңімпазы анықталуда. Жалпы аяқ су жөнінде мәселе көп.  Егерде бұл мәселе шешілмесе қаланы көгалдандыру, көркейту және ауыз судың жетіспеушілігі жалғаса беретіні айдан анық, – деді қалалық мәслихат депутаты.           

Сонымен қатар сессияда қалалық қоғамдық кеңестің жаңа құрамы бекітілді. «Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР 2015 жылғы 2 қарашадағы заңына сәйкес 2019 жылдың 15 наурызында құрылған Қызылорда қалалық Қоғамдық кеңесінің үш жылдық өкілеттік мерзімі осы айда аяқ­талды. Осыған орай  Қоғамдық кеңестің жаңа құрамын жасақтау бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп, 19 аза­мат мақұлданды. Атап айтсақ, 9-ы өзін-өзі ұсынған азаматтар, ал  5-і қоғамдық ұйымдардан, 2-і мемлекеттік органның, 2-і өкілді органның, 1-і квазимемлекеттік сектордың өкілдері қатарынан сайланды.

Депутаттардың кезекті отырысында Қызылорда қалалық мәслихатының 2021 жылғы 28 шілдедегі №54-8/1 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселесіне бай­ланысты қалалық мәслихаттың регламентіне өз­ге­рістер енгізілді. Осыған дейін елімізде төтенше жағдай режиміне байланысты сессия отырысы бейне-конференция арқылы өтті. Енді депутаттардың барлығы сессияға қатысуға міндетті.

Күн тәртібіндегі келелі мәселелердің барлығы депутаттар назарынан тыс қалмады. Себебі олар әрбір мәселе бойынша тиісті сала мамандарына сауал жолдап, жан-жақты талқылады. Кездесу барысында «Қызылорда қалалық мәслихатының тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, өндіріс және экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының есебі тыңдалды. Сонымен қатар «Бөлек жергілікті қоғамдастық жиын­дарын өткізудің қағидаларын бекіту, Қызылорда қалалық мәслихатының 2016 жылғы 6 сәуірдегі №8-2/2 шешіміне өзгерістер енгізу, Қызылорда қаласы елді мекендерінің аумағындағы жергiлiктi қоғамдастық жиналысының регламентiн бекiту туралы ұсынылды. Сессияда қаралған мәселелер бойынша тиісті шешім қабылданды.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: