Сенбі, 27 сәуiр, 08:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Баспана кезегін күткендер көп…

19.04.2022

1120 0

«Баспана дұрыс берілмей жатыр», «Кезегіміздің жылжитын түрі жоқ». «Мемлекет берген үй жекеменшікке өте ме?», «Жалдамалы пәтер кімдерге беріледі?». Қазір бұл сауалдар көптің көкейінде жүр. Екі адамның басы қосыла қалса, осыны айтады. Расында, елімізде баспана – ең өзекті мәселенің бірі.

Бір баспанаға қол жетпегендер пәтер жалдап, амалы жоқтан туысын жағалап жүр. Өйткені олардың үй салуға, сатып алуға шамасы келмейді. Ендеше, көптің көңілін алаңдатқан баспана мәселесін шешу жолындағы елдегі атқарылып жатқан жұмыстарға толығырақ тоқталсақ.

25951 отбасы кезекте тұр

Бұл қала бойынша мемлекеттен үй алуға дәмелі жандардың, үкімет қолдауынан үмітті азаматтардың тізімі. Тіпті, қанша жылдан бері кезек күтіп, екі көзі төрт болғандар қатары аз емес. Жалпы мемлекетік қордан кімдер үй алады? Бұл сауал көпті толғандырары анық. Бұл тізімге Ұлы Отан соғысы ардагері мен мүгедектері, әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындар, мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік мекеме қызметкерлері, әскери қызметкерлер, ғарышкерлер мен ғарышкер болуға үміткерлер, мемлекеттің сайланбалы орган қызметкерлері және ҚР заңы аясында баспанасы апатты жағдайда қалған азаматтар құқылы. Одан бөлек, көпбалалы отбасылар мен толық емес отбасылар, асыраушысы жоқ балалар жатады.

– Бүгінде қала әкімдігінде үйге мұқтаж адамдардың 6 дара тізімі бойынша 25951 отбасы кезекте тұр. Оның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар 1344 болса, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарында 9942 адам кезекте тұр. Сондай-ақ «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I  және  II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар  3500 құрайды. Ал мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын 1080 адам кезек күтуде. Сонымен қатар жалғыз тұрғын үйі ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен апаттық жағдайда деп танылған 364 азамат жаңа баспанадан үміт күтіп отыр, – деді қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дінмұхамед Сырлыбаев.

Жалдамалы баспана деген не?

Қазіргі кезде мемлекеттен беріліп жатқан көпқабатты тұрғын үйлер жалдамалы ма? Әлде жекеменшікке өте ме? Бұл қанша жыл үй кезегін телміре күтіп, енді ғана қолы жеткен әрбір отбасыны алаңдатады. Мамандар мұны әлемдік тәжірибемен байланыстыруда. Мәселен, дамы­ған елдердің жинақтық қорының 30% жал­дамалы пәтерден тұрады. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 1,7 процентті ғана құрайды екен. Осыған дейін мемлекеттен берілген баспана бес жыл өткен соң сол адамның атына жекешеленді. Ал қазір ше?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында жалдамалы төлемді субсидиялау тетігін енгізуді тапсырды. Осыған орай тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларды сатып алу құқығынсыз арендалық үймен қамтуға мүмкіндік беретін заң қабылданды. Енді көпбалалы отбасылар өздері жеке пәтер сатып алғанша, мемлекет берген үйде қалаған уақытқа дейін тұра алады. Сенат қабылдаған заңда «сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» ұғымы енгізілген. Онда көпбалалы отбасы мемлекеттен үйді жалға алады. Бірақ ешқашан оны меншіктей алмайды. Ақша жинап, өз баспанасын сатып алғанға дейін сол арендалық үйде тұра береді.

– Жетім және ата-анасының қамқорлы­ғынсыз қалған балаларға, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелеріне немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I  және  II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасыларға, жалғыз тұрғын үйі ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен апаттық жағдайда деп танылған азаматтарға жалдамалы тұрғын үй беріледі. Оларға коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген баспананы жекешелендіруге болмайды, – деді қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дінмұхамед Сырлыбаев.

Салынған үйдің сапасы қандай?

Қазақта «үйі жоқтың күйі жоқ» деген сөз бар. Соңғы кездері Сыр өңірінде көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеріп, талай тұрғынның түйткілді мәселесін шешті. Қаншама жанға баспана сыйлады. Дегенмен әлеуметтік желіде ол үйлердің сапасыз салынғаны туралы жиі көтеріледі. Мәселен, есік-терезелері дұрыс емес. Қыс мезгілінде үй салқын.  Оның зардабын әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар көруде. «Өз үйім, кең сарайдай боз үйім» дегенмен, тұрғын үйдің жанға жайлы болмағанына шағым айтатындар көп.

Осындай тұрғынның бірі – Мира Жансейітова, (аты-жөні өзгертілді). Ол мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған жалғызбасты ана. Мемлекеттен қанша жыл сарыла күтіп алған үйінің жылуы дұрыс еместігін жеткізді. Сондай-ақ  үйінің жалдамалы пәтер әлде жекеменшікке өтетінін білмей дал болып жүргендердің бірі.

– Мен осы үйді көп күттім. Осыған дейін қалада он жылдан бері пәтер жалдап тұрдым. Енді үйлі болдым ба деген қуанышым көп ұзамай су сепкендей басылды.  Алған пәтерімізде кемшілік көп. Денсаулығы жоқ баламды бұл үйде қалай ұстаймын? Сонымен қатар пәтерді өз атыма қашан аударамын деп сұрасам ешкім де жауап бермейді. Бәрі білмейміз деген бір сөзді айтады, – деді ол.

Расында, жаңа салынған көпқабатты пәтердің сапасына сын айтатындар көп. Әсіресе, мемлекеттен берілген жалдамалы пәтерлердің сапасы сын көтермейді. Өкінішті-ақ…

Сонымен қатар үй кезегін сарыла күтіп, «жылжитын түрі жоқ» деп жүргендер үшін қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дінмұхамед Сырлыбаев былай деп жауап берді.

Оның айтуынша, тұрғын үй алу кезектілігі kezekte.kz cайтымен реттелген. Кезек толық­тай автоматтандырылған және азаматтардың кезекке тіркелуі ЭЦҚ кілті арқылы электронды форматта жүргізіледі. Кезектілік баспасөзде сайтта және kezekte.kz платформасында ор­наласқан.

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: