Жұма, 29 наурыз, 14:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Елден сұрақ, әкімнен жауап

01.03.2022

1220 0

«Халық үні» айдары арқылы бұл жолы Тасбөгет кентінің тұрғындарын толғандырған мәселелерін кент әкімі Семсер Сыздықовқа жеткізіп, жауабын халыққа жариялауға мүмкіндік туды.

Кешегі «қаңтар қасіреті» оқиғасы кезінде Қызылордада ереуіл мен бүлікке қатысқан жастардың дені Тасбөгет кентінің жастары деген ақпарат бар. Ендеше кенттегі жастардың мәселесі оның ішінде жұмыссыз жастардың жай-күйі қаншалықты бақылауда?

Кенттегі жұмыссыз, NEET санатына жататын жастармен жұмыс жасау, оларды қоғамдық жұмыстарға, көпшілік мәдени шараларға тарту бағытында жұмыстар жүргізілуде.

2021 жылы жұмыссыздық деңгейін жою мақсатында 264 адам қоғамдық негізде, жастар тәжірибесі арқылы әлеуметтік және тұрақты жұмыс орындарына еңбекпен қамтылса, солардың басым бөлігі жастардың үлесінде.

Жұмыссыздар санын азайтуда тұрғындарды мемлекеттік бағдарламаларға қатыстыру шаралары да жүзеге асырылуда. Мысалы, 2021 жылдың өзінде кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы бағытындағы бағдарламаларға 100-ден аса тұрғын жобаларын ұсынып, оның ішінде жастардың жобалары қолдау тауып, 1 млрд 200 мың теңге көлемінде қаржы иеленді. Нәтижесінде бірқатар кәсіпкерлер жаңа кәсіп ашып, енді біреулері бұрыннан бар кәсіптерін кеңейтіп, көптеген адамды жұмыспен қамтуда.

Тасбөгеттің орталығындағы үйлерде күй жоқ. Көне үйлер әбден ескірген, сырт көрінісі нашар. Қашан жаңа үйлер салынады?

Әрбір жеке тұрғын үйдің ішкі мәселесіне араласу (табиғи апаттар мен өзге де төтенше жағдайларды санамағанда) жергілікті әкімшілік құзырына жатпайтыны белгілі. Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес көпқабатты тұрғын үйлердегі әрбір пәтер иелері өзінің меншігіндегі пәтерді күтіп ұстауға, сонымен қатар, сол үйдегі басқа да пәтер иелерімен бірлесіп ортақ мүлік саналатын көпқабатты үйдің подъезін және ондағы басқа да ортақ дүниелерді (жертөлесін, айналасын, шатырын) күтіп пайдалануға, ақаулар орын алған немесе тозығы жеткен жағдайда ортақ қаражат біріктіріп, жөндетуге, қалпына келтіруге бірдей атсалысуға міндетті. Бұл жұмыстар үшін жергілікті бюджет есебінен қаржы қаралмайтынын тұрғындар түсінгені дұрыс.

Егер көпқабатты үйдің қандай да бір бөлігіне зақым келіп, оны қалпына келтіру немесе жөндеуді қажет еткен жағдайда үй тұрғындары ортақ бір келісімге келіп, сол үйге жауапты меншік иелері бірлестігімен (МИБ) бірлесе отырып, үйді модернизациядан өткізу немесе «апатты» деп тану үшін экспертизадан өткізу бойынша тиісті жұмыстар жүргізу қажет.

Жанкин көшесінің аяқ жағында, Әбенов пен Сейтпенбетов көшелерінің ортасында үлкен шұңқыр бар. Жұрттың барлығы сол жерге қоқыс төгеді. Шұңқырды көмуге тұрғындардың шамасы келмейді. Шамамен 100-200 камаз топырақ керек. Осы шұңқырды бітеуге болатын шығар? Мүмкін сіз бұл жерді білмейтін де шығарсыз, әкім мырза?

Айтылған тұстағы жерлер жеке азаматтарға жер учаскесі ретінде табысталған. Сондықтан әрбір жер иесі өзінің иелігіндегі жер телімдерінің қоршалуына, тазалығына, күтіп ұсталуына өзі жауапты болуы қажет. Кент аумағына қоқыс тастап жүрген, лас су төгіп жүргендерге келетін болсақ, осындай заңсыз әрекеттерге қарсы әкімшілік және полиция өкілдері тарапынан күн сайын рейд жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері 10-нан астам қоқыс тасыған жүк көліктері мен ассенизатор иелеріне хаттама толтырылып, айыппұлдар салынды.

Тасбөгетке үлкен, заманауи емхана керек. Екіншіден, Тасбөгеттің өзінде 4-5 мектеп бар. Ал мектепке баратын жолдарда жаяу жүргіншілер жолы жоқ. Балалар жолдың шеті батпақ болған соң тас жолмен жүреді. Оқушыларды көлік қағып кете ме деп қорқамыз. Негізгі көшелерден басқа көшелерге жаяу жүргіншілер жолы қашан салынады? Үшіншіден, Тасбөгеттің қаладағы ең үлкен кент екенін бәрі біледі. Ойын алаңдарын тек орталыққа салмай, шет жақтарға да салу керек. Әр кварталға болмаса да екі-үш кварталға бір ойын алаңы қажет. Кемінде 5-6 ойын алаңы салынса дейміз.

Кентке жаңа емхана керектігі көптен бері көтеріліп жүрген мәселе. Осыған орай кент аумағынан 350 келушіге арналған типтік жобадағы емхана құрылысын салу үшін 1 гектар қажетті жер телімі анықталып отыр. Осы ретте, 2021 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасына заманауи үлгідегі жаңа емхана салу бойынша ұсыныс берілді. Бүгінде тиісті құжаттар әзірленіп, бюджеттен қаржы сұралатын болады.

2021 жылы кенттегі әлеуметтік нысандар (мектеп, балабақша) орналасқан 6 көше бойына жаяу жүргінші жолдарын салу жұмыстарының жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, құны 74,1 млн теңге болатын жобаны жүзеге асыруға қала бюджетіне өтінім тапсырылды. Тасбөгет кентінің даму жоспарына сәйкес, 2022 жылы жалпы құны 29,6 млн теңге болатын 3 көшеге жаяу жүргінші жолдарын салу жоспарланып отыр. Осы жоба қолдау тауып, қаржысы бөлінген жағдайда тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.

Жасөспірімдерді дайындайтын 5-ші облыстық спорт мектебінің жайын айтайын. Бір залда күрес, дзюдоға қатысатын 100-ге жуық бала жүреді. Ішінде ауа жоқ, балаларға обал. Спорт мектебін ұлғайту жоспарда бар ма?

Айтылған спорт мектебіне жөндеу жүргізу жұмыстары биылға қаралмаған. Алайда мектеп оқушыларына қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жүргізуге қаржы бөлу жөнінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына ұсыныс берілді.

Бұған қоса, кентте жалпы құны 559,9 млн теңге болатын жаңа заманауи үлгідегі денешынықтыру және сауықтыру кешені құрылысын салу жоспарланып жатқаны белгілі. Жобаның бастапқы жұмыстарына 2022 жылға облыстық бюджеттен 10,3 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде. Сондай-ақ кент аумағынан 4 спорт клубы ашылып, 500-ге тарта бала мен жасөспірім спорттың 10 түрімен тегін шұғылдануда.

Жангелдин көшесінің аяқ жағына қашан электр бағаналары орнатылады? Тұрғындар жарық бағаналарын өздері орнатқан. Жел тұрса үзіліп кете ме деп қорқамыз.

Қала бюджеті есебінен 8,3 млн теңгеге кенттің жаңадан қалыптасқан немесе ішінара қалып қойған көше бөліктеріне электр желілерін тарту жұмыстарының ЖСҚ әзірленіп, құны 278 млн теңге болатын жобаны жүзеге асыруға облыстық бюджетке өтінім берілді.

Абай көшесіне жарық орнатса екен? Одан бөлек, барлығы қоқысты осы көшеге төгеді. Оны кім бақылайды?

Негізінен кенттегі А.Құнанбаев көшесінің басынан бастап Т.Жүнісов көшесіне дейінгі аралығын қамтитын бөліктің барлығы көше жарығымен қамтылған. Ал Жүнісов көшесінен әрі қарай баратын жолды жарықтандыру мәселесі алдағы жоспарларға енгізілуде.

Мен Тасбөгет кентінің тұрғынымын. Үш балам бар. Уақытша тұратын баспана сұраймын.

Тұрғындардың баспана мәселесін шешу Тасбөгет кенті әкімшілігінің құзырына жатпайды. Сондықтан бұл жөнінде қалалық тұрғын үй инспекциясы бөліміне жолығуға кеңес береміз.

P.S. Өз ауылыңыздың әкіміне қояр сауалыңыз болса «Ақмешіт апталығы» газеті редакциясына хабарласыңыз.

Телефон: 8 (7242) 40 11 10. E-mail: akmeshit.kz@mail.ru

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: