Сенбі, 20 сәуiр, 04:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Нәлібаев басқарған 8 жыл

03.04.2021

3934 0

Бейсенбіде осы кезге дейін Қызылорда қаласының әкімі болған Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі Өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Нұрлыбек Машбекұлы Сыр өңірінің бас қаласын 8 жылдан астам уақыт басқарды. Осы аралықта қандай тірлік атқарды? Не істеді, не қойды? Осы сұрақтардың жауабын табу үшін соңғы 8 жыл көлеміндегі атқарылған жұмыстарға шолу жасадық.

Өткеніне үңілсең ғасырлардан сыр тартатын, бүгінін бағамдасаң келешегінің кемелдігін аңғартатын Қызылорда Алаштың анасы ғана емес, айбары да. Сұлу Сырдың бойында орналасқан Қызылордадай қаланы қарқынды дамыту оңай шаруа емес. 2013-2020 жылдар аралығында қалада 676,6 мың шаршы метрді құрайтын 194 көпқабатты тұрғын үй салынып, 9164 пәтер пайдалануға берілген. Бұл осынша отбасы баспаналы болды деген сөз. Бұдан бөлек соңғы жылдары Сыр бойындағы бас шаһардың аумағын ұлғайтуға байланысты бірқатар жұмыс жүрді. Қызылорда қаласы аумағының көлемі бұған дейін 11000 гектарды құраса, түзетулер енгізілген жаңа бас жоспар бойынша қаланың аумағы 20528 гектарға ұлғайтылды.

Елордаға қарап бой түзеген Қызылорда қаласында Сырдарияның сол жағалауын игеру қолға алынды. Бүгінде дарияның арғы беті шағын қалаға айаналды.

Бұдан бөлек жол жөндеу, жарықтандыру жұмыстары жүрді. 840 шақырымды құрайтын 1177 көше жөнделіп, 181 шақырымды құ­райтын 105 көшеге жаяу жүргінші жолы төселді. Түнгі жарықтандыру жұмыстары қолға алынып, 159 шақырымды құрайтын 145 көше жарықтандырылды, бұдан бөлек 184,43 шақырым электр желісі орнатылды. Мем­лекеттік бағдарламалар негізінде кәсіп­керліктің қанат жаюына жағдай жасалды. Ауыл шаруашылығында да ауыз толтырып айтатын нәтижелі жұмыс жеткілікті.

Білімге, медицинаға, мәдениетке, руханиятқа, спортқа қолдау көрсетіліп, ел мақтанышына айналған жастарымыз топ жарды. Білім саласы бойынша соңғы 8 жылда 15 мектеп, 9 балабақша ашылса, 13 мектеп, 3 балабақша күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар 4 мәдени нысан, 11 спорттық орта­лық пен кешендер ел игілігіне берілді. Олардың қатарында «Бокс орта­лығы», «Ипподром», «Қайнар-Бұлақ» спорттық-сауықтыру орталығы, «Мерей арена» атты футбол алаңы, «Арай» мөлтек ауданындағы футбол манежі, «Playground» футбол спорт алаңы, «Керемет» сауықтыру кешені, «Ерсұлтан» спорт кешені, «Белкөл» спорт кешені, қалалық демалыс паркінен парк-арена, 2 футбол алаңы секілді спорттық нысандар бар екенін айта кету керек. Сонымен қатар орталық стадион мен «Локомотив» стадионы күрделі жөндеуден өткізілді және қала көлеміндегі жалпы білім беру мекемелеріне 40 үстел теннисі орнатылды.

2015 жылы Қызылордада отбасы үлгісіндегі «Атамекен» балалар ауылы ашыл­ды. Мұнда қаладағы балалар үйінің 65 тәрбиеленушісі көшіп келді. Әр коттеджде 7-10 баладан тұрады. 3 пен 18 жас аралығындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдер отбасы үлгісінде тәр­бие­ленеді, яғни әрбір отбасының өз анасы бар. Тағы бір ауыз толтырып айта­тын нәтижелі жұмыстың қатарына «Баламекен» жобасын қосуға бола­ды. «Атамекен» де, «Баламекен» де баламасы жоқ жобалар екенін, тек Қызыл­ордада ғана жүзеге асқан нәтижелі жұмыстың бір парасы екенін айта кеткен жөн.

Қалада жалпы 52 аллея мен скверлер бар. Оның ішінде 2020 жылы «Дәрігерлер аллеясы», «Назарбаев даңғылы бойындағы аллея», «Ден­саулық және демалыс» саябағы салынып пайдалануға берілсе, «Тағзым алаңы» мен «Теміржол саябағы», «Сыр-Ана» монументі қайта жаңғыртудан өткізілді.

Тағы бір атап өтерлігі, 2013-2020 жылдар аралығында 257 аялдама салынды. Сондай-ақ 205 балалар ойын алаңы мен 21 тренажерлі алаңқай салынды. Қазір қала жұрты бұл нысандардың игілігін көруде. Ауыз су бойынша да қолға алынған іс аз емес. Соңғы 8 жылда 345,2 шақырым ауыз су желілері қайта жаңғыртылды. Мұнымен қоса 2013-2020 жылдарды 33,2 ша­қырым жылу жүйесі қайта жаңғыртылды.

«Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясында 2011-2019 жылдар аралығында Қызылорда қаласы бойынша 134 көпқабатты тұр­ғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 2020 жылы 37 көпқабатты тұрғын үй жөндеуден өтті. Жалпы 171 көпқабатты тұрғын үй жөндеуден өтті. Сонымен бірге «Қызылорда автобус паркі» ЖШС, «Қызылорда тазалығы» ЖШС секілді мекемелер құрылып, елге қызмет етіп келеді. Қалаға кіретін бағыт­тың бәріне қақпа орнатылып, жолдары жөнделді. Сыр еліне келген қонақ­тар қаланың көркі мен тазалығына тамсанып, алғысын жаудырып жата­ды. Қала келбеті жұрт қызыға да, қызғана да қарайтын жағдайға жетті.

Жасаған жұмысы тікелей ел назарында жүретін Нұрлыбек Нәлібаев осындай тірліктерді атқарып, халықтың жүрегіне жол таба білді. Тіпті өткен жылы республика көлеміндегі қала әкімдері рейтингінде үздік үштіктен көрінді. Қызылорданы адам танымастай етіп өзгертуге үлес қосқан, өзіндік қолтаңбасын қалдырған Нұрлыбектей азаматына қызылордалықтар дән-риза деп ойлаймыз. Себебі ел басқарудың оңай емесі белгілі. Ал бүтін бір қалаға жетекшілік ету кез келгеннің қолынан келе бермейді. Нұрлыбек Машбекұлын осы қаланың отымен кіріп, күлімен шыққан азамат деуге болады.

Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: