Жұма, 10 мамыр, 14:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Наурыздың думанды шаттығы

22.03.2022

1896 0

Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз қазақ халқы үшін қашанда ерекше. Көктемнің келуімен күн мен түн теңесіп, дүйім жұрт қазақтың жаңа жылын тойлауға асығады. Көже пісіріп, қазан түсіріп шат-шадыман болған адамдар Наурызды кең көлемде атап өтеді. Бұл дәстүр биыл да жалғасын тауып, Сыр жұрты Ұлыстың ұлы күнін түрлі дәрежеде атап өтті.

Жаңару айын жақсылыққа балаған сырбойылықтар өткен сенбіде «Денсаулық және демалыс» саябағында көшет отырғызып, қоршаған ортаға оң үлестерін қосты. Наурыз мерекесі аясында өткен шараға зиялы қауым өкілдері, түрлі сала қызметкері, белсенді жастар атсалысты. Саябақ ішінде қызылордалықтар терек, қарағаш, үйеңкі ағаштарының 700 түбін екті.

Игі бастамаға облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова да қолдау білдіріп, көппен бірге көшет егіп, әрбір тұрғын тазалықты өз ауласынан бастап, қала аумағын жасыл-желекпен көмкеруге үлес қосуы тиіс екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ аймақ басшысы сырбойылықтарға жаңару айында бақ-береке тіледі. Облыс әкімі аллея ішінде экологиялық акцияға үлес қосқан жастармен де пікірлесіп, ақжарма тілегін арнады.

Тазалыққа үндейтін сенбілік сәтте қызылордалықтардың басын қосқан «Birge – Taza Qazaqstan» экологиялық акциясы әрі қарай жалғасын тауып, өңірді жасыл желекке айналдыру үшін түрлі деңгейдегі сенбілік алдағы уақытта да ұйымдастырылмақ.

Ұлт пен ұлыстың сағынып күтетін ортақ мерекесін облыстық ішкі саясат басқармасы мен оған қарасты мекемелер де кең көлемде атап өтті. Өскелең ұрпаққа кешегі өткен халқымыздың салт-дәстүрлерін құрметтеп, ұлттық қасиеттерімізді бойына сіңіріп, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты жалғастыру мақсатында өткен шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Айтулы шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова мен облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай қатысып, Сыр халқын Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Мерекелік шара барысында қазақтың ұлттық құндылықтары жалғасын тауып, бүлдіршіндердің тұсау кесу рәсімі жасалды. Ұлттық спорт ойындарынан асық ату, арқан тарту, гір көтеру секілді жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.

Ақжарма ауылдық округінде қала әкімдігінің ұйымдастыруымен Наурыз мерекесіне орай кент және ауылдық округ жастарының басын қосқан «Qosyl думан» атты мерекелік шара өтті. Мерекеде ауыл жастары арқан тартыс, аударыспақ, теңге ілу, асық ату, гір көтеру сынды ұлттық спорт түрлері бойынша сайысқа түсіп, көпшілікке Наурыз көже ұсынылып, бауырсақ таратылды.

Жастардың ұлттық спортқа деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында ұйымдастырылған бұл шарада командалық есеп бойынша І орынды Қосшыңырау ауылдық округінің жастары жеңіп алса, ІІ орынға Ақжарма, ІІІ орынды Ақсуат ауылдық округінің жастары лайық деп танылды. Сайыс жеңімпаздарына алғыс хат, диплом және бағалы сыйлықтар табысталды.

Балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасап отырған мекемелердің бірі «Альтайр-Бөбек» қоғамдық қоры орталығында ұлттық құндылықтардан сыр шертетін мерекелік Наурыз шарасы өтті. Балаларды арнайы құттықтап барған қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов жылы лебіз білдіріп, қазақтың салт-дәстүрлерінің бірі тұсау кесу рәсімін жасады. Ұлттық мерекені ұлықтаған шараға қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімі арқылы күндізгі стационар жағдайына жолдама алған қызмет алушы 40 бала қатыстырылды.

М.Ералиева атындағы мәдениет үйінде қазақ халқының әдет-ғұрпын сақтау, салт-дәстүрін қадірлеу мақсатында «Қыз – еркем, өнерімен көркем» атты дәстүрлі қалалық байқауы өткізілді. Ережеге сай таныстыру, өнер көрсету, ұлттық салт-дәстүрлерге қатысты сұрақтарға жауап беру мен өздері дайындаған тағамдарын көрсету бөлімдері бойынша қалалық 17 ару сайысқа түсті.

Өнерлерін ортаға салып, өзара сайысқа түскен аруларға белгілі жырау Майра Сәрсенбаева, «Ел тілегі» сайты бас редакторының орынбасары Жансая Дүйсенбайқызы, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №3 кітапхананың меңгерушісі Гүлмира Мұқанова қазылық етті.

Шараның нәтижесінде №187 ақпараттық технология мектеп-лицейінің оқушысы Ботагөз Инабат бас жүлде, А.Хангелдин атындағы №179 орта мектебінің оқушысы Назерке Ерболқызы І орын, Ілияс Қабылов атындағы №12 ІТ мектеп-лицей мен М.Шоқай атындағы №187 ақпараттық технология мектеп-лицейінің оқушылары Нұрай Темірбек пен Айзада Өмірбек ІІ орынды, Көмекбай Қаракөзов атындағы №235 орта мектеп пен Ғани Мұратбаев атындағы №171 орта мектебінің оқушылары Мереке Рысбек пен Арайлым Өмірзақ жүлделі ІІІ орынды иеленді.

Мерекелік думан Сырдың әр көшесінде сезілді десек те болады. Соның бірі – Асан Тайманов көшесі. Тұрғындар мерекені жоғары деңгейде ұйымдастырып, ұлттық ойындар ойнатылды. Шиелі ауданындағы Құрманғазы көшесінде де Наурыз мерекесі ерекше тойланды.

Наурыздың думанды мерекесі бүгін де тойлануда. Сыр жұртшылығы орталық алаңда өткізілетін шарада Наурыз нақыштарын тамашалай алады.

А.НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: