Сенбі, 20 сәуiр, 15:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Өз үйім бар!

13.12.2021

1052 0

«СырАлаштың анасы». Сырдың сол жағалауында орналасқан жаңа қоныстың бүгінде күн санап құлпырып, көз алдымызда өркендеп, өсіп келе жатқаны қуантады. Жыл өткен сайын зәулім ғимараттар, әлеуметтік нысандар, көпқабаттты тұрғын үйлер бой көтеріп, халықтың әлауқаты арта түсуде

Аймақта атқарылған айшықты істің қатарында тұрғын үй құрылысын атап айтуға болады. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары өңірде тұрғын үй құрылысы жанданып, жыл сайын айтулы күндерде пәтер кілтін табыстау дәстүрге айналды. Мұндай үрдістен биыл да қалыс қалғанымыз жоқ.

Әрбір адамның арманы – баспаналы болу. Бұл бағытта мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар іске қосылып, тұрғындар үшін қолайлы мүмкіндіктер қарастырылуда. Жаңа баспана алдыңғы кезекте тек жастар мен жас отбасыларға берілді. Соңғы жылдары Сыр өңірі құрылыс алаңына айналды. Нәтижесінде жыл сайын түрлі бағдарламар арқылы жергілікті халық қоныс той тойлауда. Оның ішінде көпбалалы отбасыларға, жалғыз басты аналарға, кезекте тұрған жандар мен апаттық үйде тұратын қарапайым халыққа тұрғын үй алуға мүмкіндік туды.

Бүгін міне, Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесінде қызылордалық 50 от­басы баспаналы болды. Мерейтой қарсаңында үйлі болған азаматтарды Сыр еліне жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев құттықтады. Мерейлі сәтте тұрғындарға Сенат спикері Мәулен Әшімбаев пен Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова баспана кілтін табыстады.

– Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – еліміз үшін маңызды меже, айтулы белес. Қазақстан бұл кезеңге ірі жетістіктермен жетіп отыр. Ал ендігі міндет – барымызды бағалап, жеңісті жолымызды жалғау. Біз әрдайым Тәуелсіздігімізді сақтауға, қорғауға және нығайтуға күш салуымыз қажет. Ол үшін татулығымыз берік, бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болуға тиіс. Осы бағытта бәріміз жұмылып, нәтижелі еңбек ете береміз деп сенемін. Бүгін, міне, баспаналы болып, қуанышқа кенеліп жатқан қызылордалықтарды құттық­таймын, – деді ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Апаттық тұрғын үйлерде тұрып жатқан азаматтарға арналған жаңа тұрғын үй сол жағалауда орналасқан. Нысанның құры­лысына жауапты «Дәнекер» ЖШС мердігер мекемесі. Жаңа пәтерлер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында салынды.  Жаңа баспа­наға қол жеткізген көпбалалы аналардың бірі Әлима Алсуева тұрғындар атынан алғыс айтып, ризашылығын білдірді.

Мереке қарсаңында та­маша тартуға ие болған ол «Қызылорда Тазалығы» ЖШС аула сыпырушысы болып жұмыс істейді. Күйеуі денсаулығына байланысты жұмыссыз, ІІІ топ мүгедегі. Отбасы 2007 жылдан бастап Жетікөл көшесі, №11 үй №2 пәтерде тұрады. Аталған тұрғын үй 2020 жылы апаттық жағдайда деп танылған. «Жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда» деп танылған азаматтар санаты бойынша 2020 жылы 10 наурызда тұрғын үй алу кезегіне тіркелген.

– Ерекше қуанып тұрмыз. Балаларымның несібесі деп білемін. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш болды. Мұқтаждығымызға түсіністікпен қарап, көмек қолын созған жергілікті атқарушы билікке айтар алғысымыз шексіз, – деп ағынан жарылды ол.

Мерекелік шарада ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев үй иесіне естелік сыйлық ретінде теледидар табыстады.  Расында, өз үйің, өз қонысың болғанға не жетсін. Қазіргі таңда баспаналы болу – көпшіліктің басты арманы. Дегенмен тұрғындарды сол арманға жеткізу үшін облыс орталығында ауқымды шаралар жүзеге асуда. Тұрғын үй кезегінде тұрған жандар бүгінде аз уақытта жаңа қонысқа қол жеткізуде.

Қашанда баспана – қиын мәселе. Басында баспанасы жоқ, пәтер жалдайтын жандардың ішкі сезімін ешкім сезіне алмас. Соңғы жылдары бұл күрделі мәселе кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Бүгінгі көрініс соның айқын дәлелі.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: