Бейсенбі, 28 наурыз, 17:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Қоғамдық көлік: Кешіккен автобус, көп күткен субсидия

16.04.2022

1126 0

Жыр болған қоғамдық көлік мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Әрдайым қала тұрғындары әлеуметтік желі арқылы көтеріп, жергілікті басылымдар жарыса жазуда. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Қоғамдық көлік қызметі қала тұрғындарының көңілінен шықпайды. Себебі қарапайым халықтың айтар уәжі мен шағымы көп. Мәселен, топырлатып адам тиеп алу, жылдамдықты арттыру, кешігіп келу, тағы басқа себептері көп-ақ.

Бүгінде «Қызылорда автобус паркіне» қарасты қоғамдық көліктердің барлығына терминалдар қойылып, жолаушылар жүру ақысын төлем карталарымен төлейді. Оның құны автобустарда 85 теңге. Егер төлем картасы болмаса, қолма-қол 90 теңгені құрайды. Алайда бұл жүйеге жеке тасымалдаушылардың қолы жетпей келеді. Биыл қоғамдық көліктің мәселесін оңтайлы шешу үшін жергілікті бюджеттен субсидия бөлінді. Дегенмен қазір оны «Қызылорда автобус паркі» ғана алып отыр. Ал жеке кәсіпкерлерге бөлінген қаражат сол күйі қозғалмай тұр.

Көп күткен субсидия

Қазір ай сайын емес, күн сайын өмір сүру қымбаттап жатқан заманда қоғамдық көліктің мәселесі одан сайын қиындай түсуде. Себебі жанар-жағармай мен автобөлшек бағасының өсуі бір жағынан қысса, екінші жағынан кешегі карантиннің шектеуі  қиынға соқты.

– Халық арасында қоғамдық көліктің жүру кестесі мен арақашықтықты сақтамауы, аузы-мұрнына толтырып адам мінгізуі көп талқылануда. Әрине, қоғамдық көліктің сапалы, уақытымен жүруі бәріміз үшін маңызды. Ашығын айтқанда, пандемия салдарынан білім беру ұйымдары мен түрлі сала қызметкерлері қашықтан жұмыс істеді. Осы тұста жолаушылар азайып, жеке тасымалдаушы кәсіпкерлер шығынның орнын толтыра алмай, автобусын сатып, басқа кәсіпке кетті. Осылайша қоғамдық көліктер саны едәуір азайып қалды. Жасыратын несі бар, әлі күнге дейін орнын толтыра алмай отырмыз. Қазіргі кезде «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-нің материалдық-техникалық базасын жақсартып, ескірген автобустардың орнын жаңарту үшін 150 дана жаңа автобустар алуға қаржының экономикалық негіздемесі әзірленуде. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар бағытқа қатынайтын жеке тасымалдаушыларға облыстық бюджеттен 400 млн теңге, ал «Қызылорда автобус паркі» мекемесіне 1 млрд теңге бөлінді. Осы орайда автобус паркіне қаңтар, ақпан айының есебіне сәйкес субсидия бөлінді. Алайда жеке кәсіпкерлерге бөлінген субсидия әлі күнге дейін игерілмей отыр. Оларға электронды төлем жүйесінің құрылғысын орнатқан жағдайда субсидия төленетінін бірнеше рет түсіндірдік. Өкінішке орай, жеке тасымалдаушылар электронды төлем құрылғысын орнатудан бас тартуда. Бүгінде қала тұрғындарының сұранысын қанағат­тандырып, сапалы қызмет көрсету үшін жан-жақты зерттеулер жүргізіліп, нәтижелі жұмыстар атқарылуда, – деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бауыржан Оспанов.

Алайда №21 қоғамдық көліктің жүргізушілері жеке тасымал­даушыларға берілетін субсидияны сарыла күтіп жүргендерін айтты.

– Бригадирден жеке кәсіпкерлерге 400 млн теңге субсидия бөлінгенін естідік. «Ел құлағы – елу» демекші, жақсы жаңалық жерде жатпайды ғой. Әдепкіде қуандық. Бүгінде №21 қоғам­дық көлікте шамамен 50 автобус жүр. Қазір солардың 12-і электрондық билет жүйесін енгізді. Алайда субсидия беріл­меген соң қосқан жоқ. Жыл басынан бері әне береді, міне бере­ді деп мойнымызды созып, күтіп отырғанымызға 4 ай болды ғой. Әлі жоқ, – дейді жеке кәсіпкер, №21 қоғамдық көліктің жүргізушісі. (Аты-жөнін газетке жазбауымызды өтінді.) 

Көліктер көбейсе…

Бүгінде бұл жергілікті халықтың басты арманы. Себебі Қызылорда қаласы күн санап іргесін кеңейтіп, өсіп келеді. Соңғы жылдары қала маңында жаңа тұрғын үйлер мен шағын аудандар пайда болды. Осыған байланысты қоғамдық көліктердің де бағыты өзгерді. Өткен жылы қалалық мәслихат депутаты Раушан Жәдігерқызымен сұхбаттасып,  «Қазіргі кезде қоғамдық көліктердің арақашықтығының ұзақтығын айтып,  шағымданушылар көп. Бұл мәселе қалай шешілмек?» деген сауал жолдадық.

– Қала бойынша 33 бағытқа, барлығы 585 автокөлік екі ауысыммен жұмыс істеуде. Оның ішінде 501 қоғамдық көлік жеке тұлғалардың меншігінде. Қарап отырсаңыз, көбі үлкен сыйымдылықтағы автобустар. Қазір №3, 19, 20 қоғамдық көліктері қысқарып кетті. Жасыратыны жоқ, бұл мәселенің бір арнаға түсуі қиындау болып тұр. Осыған байланысты арнайы комиссия отырысы өтті. Онда жан-жақты талқыланып, толық шешімін таба алмады. Сондықтан  қайта қаралады. Айта кету керек,  бүгінде қоғамдық көліктердің жүру бағытына арналған қалаішілік жаңа сызба дайын тұр. Алдағы уақытта осы мәселеге қайта оралып, жаңа сызбамен танысамыз. Сол кезде нақты әрі тиімді шешімі шығады деген ойдамын, – деген еді.

Алайда қоғамдық көліктердің қалаішілік жаңа сызбасы бойынша әзірге өзгеріс байқалған жоқ. Биылдан бастап қолға алынады деген үміттеміз.  Айта кету керек, тек қана №11 қоғамдық көліктің ғана бағыты өзгерді. Қазіргі кезде халық таңертеңгілік және кешкілік уақытта қоғамдық көліктерге мінуге бетінен басады. Тіпті қала сыртына шығатын маршруттың арасы алшақ. Жазда ештеңе емес, қыста қиын. Кешкі уақытта қоғамдық көліктің көлеңкесін де таппай, амалсыздан таксиге мінесің. Міне, тұрғындардың күнде көретіні осы.

Терминалға тез үйрендік

Қазіргі кезде «Қызылорда автобус паркіне» қарасты қоғамдық көліктерде жол жүру ақысы электронды төлем арқылы жүргізіледі.  Қала тұрғындары мұны тез үйренді. Электронды төлем карталарын жаппай ала бастады.

– Қызылорда қаласында 2019 жылдың қазан айынан бас­тап, мемлекеттік-жеке­меншік әріптестік негізінде келісім-шарт жасалды. Осы­лайша төрт жақты келісім-шартқа қол қойылды. Оған облыстық автомобиль жолдары басқармасы, қалалық тұрғын үй коммуналдық инспекциясы автомобиль жолдары бөлімі, «AlemPay» ЖШС мекемесі мен «Қызылорда Автобус паркі» ЖШС мекемесі қатысты. Жаңа жүйе 2020 жылдың қаңтар айынан бастап жүзеге асу керек еді. Алайда өздеріңізге белгілі карантиндік жағдайға байланысты кешікті. 2021 жылдан бастап автобус парктің меншігіндегі 135 автобустың 105-не электрондық билеттік жүйе енгізіл­ді. Сондай-ақ оларға қай жерде, қай бағытта, қандай жылдам­дықпен бара жатқанын анықтайтын GPS орнатылды. Осыған дейін кондукторлар жұмыс істеді. Алайда қазір біз олардың қызметін тоқтаттық. Жаңа жүйені енгізудің негізгі мақсаты – қолма-қол ақша төлейтін адамдардың санын азайту. Өздеріңізге мәлім, ақша жүрген жерде түрлі келеңсіздіктер орын алады. Алдағы уақытта сол келеңсіздіктің алдын алу үшін бұл жоба тиімді болмақ. Қазір барлығын жүргізушінің қызметтік міндетіне кіргіздік. Олар қауіпсіздік ережесін барынша сақтап, жұмыс істеуде. Бұл мәселені өте жақсы қозғап отырсыздар. Жергілікті халық арасында «жолақыны неге жүргізушілер алады?» «олардың міндеті әрбір жолаушыны діттеген жеріне аман-есен жеткізу емес пе?» деген пікірлер жиі көтеріліп жүр. Алайда біз жұртшылықтың электронды билетті қолдануға көшуіне жұмыс істеудеміз. Қазіргі кезде электрондық тө­лем – 85, қолма-қол төлеу – 15 процентті құрап отыр. Расында, ең бастысы жолаушылардың қауіпсіздігі. Сондықтан жауап­кер­шілікті сезінетін, адал жұмыс істейтін тәжірибесі мол жүргізушілерді жұмысқа қабылдаймыз. Бұл мәселе оң ше­шімін табу үшін Сыр өңірінің халқы толық электрондық билет жүйесін пайдалану қажет. Сол кезде жүргізушілерге де көп салмақ түспес еді, – деді «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директоры Руслан Ерсұлтанұлы.

Бұрын әр автобус жүргізушісі жоспарға жұмыс істейтін. Егер табыс жоспардан асса, жүргізуші мен кондуктордың қалтасында қалады. Жасыратын несі бар, бұл автопарк қызметкерлерінің күнделікті шай-суын айыратын. Енді төлем терминалдары шыққаннан кейін ақша электронды түрде есеп­те­леді. Электронды төлеу көлеңкелі ақшаны айналымға шығарады. Салық төленеді. Автопарк қызмет­керлері тұрақты айлыққа жұмыс істейді. Ол кезде жүргізуші де жоспар орын­даймын деп аялдамалар арасында жан ұшырмайды. Бір сөзбен айтқанда, бұл автопарк үшін де, оның қызметкерлеріне де тиімді. «Қызылорда автобус паркі» директорының айтуын­ша, мемлекеттен бөлінген 1 млрд теңге субсидия бір күнде беріл­мейді. Ол қаражат атқарылған жұмысқа байланысты ай сайын әр түрлі мөлшерде бөлінеді. Бұл автобус жүргізушілерінің жалақысы мен автопрактың ішкі шығынына кетеді екен.

Қорыта айтсақ, қоғамдық көліктердің қызметін жандан­дыру керек. Халық қашанғы шырылдай береді. Мұның бір шешімі табылмауы мүмкін емес. Бүгінде бір-бірін итермелеп, автобусқа сыймаса да мініп кетуге асыққан жұртты көріп, іштей қынжыласың. Дегенмен қоғамдық көліктің жыры бүгін ғана пайда болған жоқ. Күні ертең де шешіле қоймасы анық. Десе де мәселені ушықтырмай, жергілікті билік ең алдымен халықтың үніне құлақ асса екен.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: