Сейсенбі, 16 сәуiр, 21:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Қызылорда: мемлекеттік бағдарламалар қалай орындалуда?

05.12.2020

1520 0

Бұрын Сыр өлкесін былайғы жұрт ауыл шаруашылығына бейімделген аймақ дейтін болса, қазір өндірісті өңірге айналып келеді. Тіпті Қызылорда алып құрылыс алаңы іспетті.

Мемлекет әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған түрлі бағдарлама қабылдаған. Сырдың жүрегі саналатын Қызылорда қаласында мемлекеттік бағдарламалар қалай орындалуда? Бүгін осы жайын тарқататын боламыз.

Жуырда қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мәслихат депутаттарының алдында баяндама жасап, он айдағы толымды тірлікке тоқталған болатын. Халық қалаулылары бас қосқан жиында қала басшысы жыл басынан бері атқарылған жұмыстың тиегін тарқатты. Соның ішінде мемлекеттік бағдарламалардың қалай орындалып жатқанын да мәлім етті.

Қызылордада «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаланың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын да­мыту бағытында біраз тірлік атқарылған. Бұдан бөлек қаладағы 32 көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртылды. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Қызылорда қала­сының канализациялық станцияларына реконструкциялау, жаңарту және елді мекендерді ауыз сумен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған «Жол картасы» аясында Қызылордада 98 жоба жүзеге асуда. Соның ішінен Бәйтерек шағын ауданындағы 600 орындық мектеп құрылысы басталғанын және №23, 43, 112, 173 мектептер, Белкөл кентіндегі «Балапан» балабақшасы күрделі жөндеуден өткенін атап өтуге болады. Бұдан  бөлек А.Тоқмағанбетов, М.Ералиева атын­дағы және Қосшыңырау ауылдық округіндегі «Абай» мәдениет үйлері жөндеуден өтті. Сонымен қатар қалалық бюджет есебінен 60 ойын алаңы жаңартылды.

Көлік инфрақұрылымын дамытуға бағыт­талған қаржыға Титов, Гагарин, Шанхай, әл-Фараби, КБИ мөлтек аудандарындағы 50 көшеге қиыршық тас төселді. Қаралған қаржы есебінен 141 көше күрделі және орташа жөндеуден өтті. «Тағзым» мемориалы, «Сыр-Ана» монументі, «Темір жол» саябағы, Назарбаев даңғылы абат­тандырылды. Көппәтерлі тұрғын үй аула­ларына 30 спорттық және 3 стритбол алаңы, 70 дана аялдама орнатылды. Биылғы жасалған жұмыстың қатарында 68 көшеге салынған тротуарды қосуға болады.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша Ақсуат ауылдық округіндегі №143 мектепті күрделі жөндеуден өткізуге және 16 көше­нің жол жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінді. «Индустриалық-инновациялық да­мы­тудың 2020-2025 жылдарға» арналған мемлекеттік бағдарламасына сай қалада өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген 8 жоба жүзеге асуда. Ондағы 1 жоба республикалық картаға, қалған 7 жоба өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген. Жобалар толық іске қосылғанда 1000-нан аса қызылордалық жұмыспен қамтылатын болады.

«Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдар­ламасы негізінде 87 жоба қаржыландырылса, мемлекеттік қайтарымсыз грант беру бағыты бойынша комиссия шешімімен 21 адамның жобасы қолдау тапты. Екінші деңгейлі банктерде 64 жобаның құжат қаралуда. «Қарапайым заттар экономикасын дамыту» жеңілдікпен несиелеу арқылы биыл 12 жоба қаржыландырылды. Сонымен қатар 4 жобаның құжаттары банктерде қаралуда. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға» арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында қалада жыл басынан бері шағын несиелендіру бағытында 109 жобаға қолдау көрсетілген.

Жасалған жұмыстың көлеміне қарап, атқарылған тірліктің аз емес екенін аңғаруға болады. Бірақ бұл жұмыстар ел игілігі үшін атқарылған көп тірліктің бірі ғана. Бұған жол жөндеу, көлік инфрақұрылымын дамыту және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бойынша атқарылған жұмыстарды қосыңыз. Биылдың өзінде жалпы ұзындығы 358,4 шақырымды құрайтын көшеге жөндеу жұмыс­тары жүргізілуде. Оның ішінде 141 көшеге орташа және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін «Жұмыспен қамту 2020-2021 жылдарға арналған жол картасына» сай  қаржы бөлінген. Бұдан бөлек 147 көшенің орташа және ағымдағы жөндеуіне облыстық, қалалық бюджеттен қаржы бағытталған. Қаланың шет аймақтарындағы 50 көшеге қаржы бөлініп, тас төсеу жұмыстары жүргі­зілді. Республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға Тәуелсіздік даңғылының жалғасы саналатын С.Бейбарыс көшесінен Қызылжарма каналына дейінгі аралыққа магистралды көше құрылысы да жүргізілуде. Қаланың санитарлық тазалық жұмыстарын қамтамасыз етуге қажетті қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ қаладағы 823 көшенің ұзындығы 352,8 шақырымды құрайтын 135 көшесі жарықтандырылған. Бұған қоса 59 сквер мен аллея және 86 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларына жарық бағаналары орнатылды.

Шындығында, атқарылған іс аз емес. Қай жағынан алсақ та ауыз толтырып айтарлық, бас бармақпен баға берерлік жұмыс баршы­лық.

Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: