Сенбі, 20 сәуiр, 03:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Қызылжармада жарық жарқырайтын болды

09.02.2021

7096 0

Биылғы әкім есебі жылдағыдан ерек. Шаһар басшысы атқарылған тірліктің есебін елге онлайн жеткізіп, қалалық әкімдіктен тікелей эфирге шықты. Қызылжарма ауылдық округі тұрғындарымен кезекті кездесу де осы бағытта өрбіді. Оған әрине, әлемдік коронавирус әлегі ықпал етіп отыр. Тұрғындар да бұл шешімнің ең оңтайлы қадам екенін жете түсініп, әкіммен экран арқылы байланысуды жөн көрді. Алайда онлайн кездесу көкейдегі ойды айтуға, көптің мұқтажын жеткізуге кедергі келтірмеді. Сан салада сауал қойылып, елді мекен жұрты әкім жұмысына бағасын беруге асықты.

Шаһар басшысы алдымен жыл бойы жүзеге асқан жобалар мен мемлекеттік бағдарламаның орындалу деңгейін бағамдады. Әкім баяндамасынан білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылым, кәсіпкерлік саласында қолға алынған біршама жобаның іске асып, ел игілігіне берілгені байқалды. Әсіресе, жол жөндеу мен кәсіпкерлікті дамытуға арналған бастамалар өз жемісін беріп, тұрғындардың оң бағасын алуда.

Жиында қала әкімі Қызылжарма ауылдық округінде атқарылған жұмыстың да жай-жапсарын жеткізіп, бөлінген қаржының бағытталған саласы мен жұмсалған нысанын саралады. Есепке сүйенсек, өткен жылы ауылда ауыз су жайы реттеліп, 53,6 шақырым жерге су құбырлары жүргізілген. Бұл қуанышты жаңа­лыққа ауыл халқы да дән риза. Оған қоса 5 көшеге жарық бағаналары орнатылып, 14 көше орташа жөн­деуден өтсе, 8 көшеге қиыршық тас төселіпті.

Есепті кездесу соңында қы­зыл­­жармалықтар әлі де болса толық шешімін таппаған электр бағаналарын ауыстыру, жол мәсе­лесін шешуді әкім назарына салды. Мәселен, ауыл халқы Қызылжарма-2 елді мекеніндегі электр бағанасының тозығы жеткенін айтып, кеш түссе, электр қуатының төмендейтініне наразылық білдірді. Аталған мә­селеге қала басшысы былай деп жауап берді: 

– Өткен жылы электр желілерін жаңартуға 4 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Соның ішінде көпшілігі Қызылжарма ауылдық окугіне тиесілі. Ауылдық округте 60 шақырымға жуық электр бағаналары жаңартылып, жаңадан 8 трансформатор орнатылды. Бұл жұмыс биыл да жалғасады. Ал Қызылжарма-2 елді мекеніне келсек, электр желілерін жаңарту жұмысы 3 айда шешімін табады, – деді шаһар басшысы.

Сондай-ақ ауыл тұрғыны Мөлдір Сайымова Ө.Махамбетов көшесін жөн­деу мәселесін назарға алуды сұрап, ел тілегін жеткізді. Қала әкімі өткен жылы шаһар көшелерін жөндеуге түрлі деңгейдегі бюджеттен 9 млрд теңгеге жуық қаржы тартылғанын айтты. Ол қаржыға шет аймақтағы және ауылдағы көшелерді жөндеу жүзе­ге асып, 408 көшеге жөндеу жүргі­зілген. Ендігі кезекте 94 көше­ні жөндеу жоспарланып отыр. Қала әкімі Н.Нәлібаев тұрғындар сұранысындағы Ө.Махам­бетов көшесін жөндеу де осы жоспар төңірегінде жүзеге асатынын айтты.

Осылайша ауыл халқы онлайн жиынның көмегімен көкейдегі сұрақ­тарға жауап алып, әкім есебін тыңдауға мүмкіндік алды. Оның үстіне алға қойған міндет пен атқарылатын жұмыс жайында толық ақпарат берілді. Ауқымды жобалар мен мемлекеттік бағдарламаның орындалу барысына оң баға берген ауыл тұрғындары шаһар басшысына алғыс білдіріп, сәттілік тілеп тарқасты.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: