Дүйсенбі, 06 ақпан, 17:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№10 (1917)
04.02.2023
PDF мұрағаты

Заңдастырудың алғашқы күні: 17 көлік тіркелді

24.01.2023

192 0

Күні кеше шетелдік автокөліктерді тіркеу басталды. Осыдан оншақты жыл бұрын басталған көліктер керуені бүгінге дейін жалғасып келеді. Шетелде тіркелген көліктерді Қазақстанда сақтандыру арқылы басқарып жүргендер қатары көп. Олардың арасында тіркеуден алынған, ұрланған және айыппұл арқалағандары да аз емес. Бұл олқылықтың алдын алу мақсатында ел президентінің тапсырмасына сәйкес қазақстандық жүргізушілерге көліктерін тіркеуге бір реттік мүмкіндік берілген болатын.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша биылғы жылдың 23 қаңтарынан бастап барлық шетелдік автокөлікті заңдастыру басталды. Осы орайда жүргізушілердің темір тұлпарларын «қазақстандыққа» айналдыру процесін бақылау мақсатында облыс орталығындағы мамандан­дырылған халыққа қызмет көрсету орталығына арнайы бардық.

− Шетелдік автокөліктерді тіркеу туралы өтініш білдіргеннен кейінгі бірінші кезеңнің өту тәртібі бойынша тіркеу туралы оң нәтиже анықталып, хабарламаға өтінім беріп, қабылданғаннан кейін Қызылорда қаласындағы мамандандырылған ха­лыққа қызмет көрсету орталығына келеді. Бұл жерде көлік құралының тіркелу агрегаттары бойынша тексеріс жұмыстары жүргізіледі. Тексеру жұмыстарын департаменттің криминология полиция басқармасының арнайы мамандары тек­середі. Тексерістен сәтті өткеннен кейін, көлік құралын алғашқы тіркеу жарнасы бойынша 200000 теңге, көлік құралын тіркеу куәлігі мен мемлекеттік белгі алу үшін 13970 теңге төлеу керек. Аталған құжаттар орталық қызметкерлеріне өткізілгеннен кейін ішкі істер минстрлігінде қаралып, оң нәтиже анықталса Қазақстан Республикасының мемлекеттік белгісі мен тіркеу туралы куәлігі берілетін болады, − деді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының процессингтік орталық бастығы, полиция майоры Нұркен Бақтияров.

Тіркеуден өтудің бірінші кезеңінде қателіктер орын алған жағдайда себептері анықталып, ішкі істер органдары қызметкерлері бірігіп шешілу жолы қарастыралатын көрінеді. Көбіне қиындық Ресей Федерациясынан келетін автокөліктерде арнайы шектеу болып, тіркелу уақыты сәйкес келмеуімен байланысты екен.

Шетелдік көліктерді заңдастырудың алғашқы күнінде Қызылордада 17 шетелдік көлік тіркеліп үлгерді. Грузия автокөлігін 2022 жылдың 4 сәуір күні алған қала тұрғыны Ербол Назаров арнайы кедендік бақы­лаудан сәтті өткен. Ал қазір 215000 теңге төлемақы жасап көлігін заңдастырды. Көлік иесі өз сөзінде халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің жұмысына көңілі толатыны және тіркеу шарасы заң аясында жүргізілгенін айтты.

Көлікті Қазақстанда тіркеу үшін электронды үкімет порталы, екінші деңгейлі банк қосымшалары немесе ХҚКО-ның «Өз-өзіне қызмет көрсету секторы» арқылы өтініш беруге болады.

Нұрдәурен Жәрдемхан,

Қорқыт ата атындағы ҚУ 4 курс студенті

Тағы да оқыңыз: