Жұма, 19 сәуiр, 05:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Жер дауы жиілеп барады

10.03.2022

1003 0

«Батыр Баян» көркем фильмінің оқиғасын бәріміз жақсы білеміз. Мағжан Жұмабаев поэмасының желісімен түсірілген бұл кинода Абылай хан: «Жігіттер, жер керек пе, жан керек пе?» деп сұрайды. Қазақ сарбаздарынан құралған қалың қол: «Жер! Жер! Жер!» деп жауап береді. Сол заманда жаннан жерді артық қойған қазақ бүгін де жер мәселесін бәрінен биік санайды.

Бүгінде Қызылорданың әр аумағынан жерге таласқан халық бас көтеруде. Осыған дейін Қармақшы, Сырдария, Жанақорған аудандары тұрғындарының арызы облысқа дейін жетті. Көктем келіп, егін шаруашылығы жанданатын уақытта бұл мәселе тағы да бой көтерді. Себебі ауылдағы халық өз атындағы жерін иелене алмай жүр. Тіпті жағдайын кімге, қайда барып айтарын да білмей дал болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жайылымдық жерлердің тапшылығын шешу жолында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер көзбояушылыққа жол бергенін мәлімдеді.

– Мен бос жатқан жайылымдық жерлерді тезірек қайтарып алып, оны ауыл тұрғындарына беруді тапсырған болатынмын. Қазір халық үшін айрықша маңызы бар жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ бұл жерде де Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер көз-бояушылыққа жол берген. Министрлік жайылымдық жерлердің тапшылығы 6,8 млн гектарға немесе 32 процентке азайды деп мәлімет беріп отыр. Бұл шаруа қожалықтармен меморандумға қол қоюдың және елді мекендердің аумағын кеңейтудің арқасында мүмкін болды. Алайда Бас прокуратураның тексерісі көрсеткендей бірқатар өңірде жайылымдық жерлердің тапшылығы әлі де азаймаған. Ақмола, Атырау және Қостанай облыстарында ауыл тұрғындарына малын фермерлердің жеріне жаюға рұқсат беріледі деген жалған меморандум жасалған. Шын мәнінде, жайылымдық жер тапшылығы қағаз бетінде ғана азайған. Бұдан бөлек, аймақтар халықтың жайылымға деген сұранысын төмендетіп көрсете бастаған. Үкімет неге бұған көз жұма қарап отыр? Мұндай әрекеттер ауыл халқының наразылығын өршітпесе, кемітпейді. Үкіметке жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, осы мәселені түбегейлі шешуді тапсырамын, –деді Президент.

Алдымен тұрғындардың жерге қатысты мұңына құлақ түрейік. Ауылдағы халықтың күн-көріс көзі мал мен егін шаруашылығы екені бесенеден белгілі. Сондықтан егін егіп, күн көрген шаруа үшін жер телімі жұмыс көзі ғана емес, күн көрісінің негізі. Мал шаруашылығы үшін де жайылымдық қадірін ауыл халқынан артық білетіндер жоқ шығар. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, жерге байланысты даудың жиі орын алатыны да осыдан.

Мәселен, жер телімдерін иелену мәселелері бойынша Сырдария ауданындағы «Шаған жер» ЖШС шаруалары арасында өзара түсінбеушіліктер туындап, даулы мәселеге ұласты. Екі тарап арасындағы ортақ мәселені шешу үшін бірнеше рет кездесу өтті. Тіпті облыс әкімдігі тарапынан тиісті түсіндірме жүргізілген. Алайда бұл мәселе оң шешімін таппады. Осыған орай облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Шаған жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі шаруалармен кездесті. Тұрғындардың талап-арызын тыңдап, заң аясында ортақ мәмілеге келуге шақырды. Бұл дау-дамай бүгін ғана көтерілген мәселе емес. Осы тұста аймақ басшысы аталған мәселені байыппен, қызбалыққа салмай шешім қабылдауға шақырды.

– Біз үшін ең маңыздысы – ағайынның ынтымақ-бірлігі. Өздеріңіз білесіздер, әкімдік шаруалардың ішкі мәселелеріне, шешім қабылдау процесіне араласпайды. Тек түсініктеме жүргізіп, медиация тәртібімен шешу жолын ұсынамыз. Бүгінде үлескерлер бөлінген жер телімдеріне қанағаттанбай, бір-бірімен келісімге келе алмай отыр. Сондықтан қазіргідей қиын жағдайда тартысқа берілу орынсыз. Егін егу уақыты жақындаған тұста аяқ су тапшылығын шешу үшін бірігіп әрекет етуіміз қажет. Тағы бір мәрте ойланып, барлығын әділетті түрде келісуге шақырамын, – деді облыс әкімі.

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылордада өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Кездесу барысында аймақ басшысы агроқұрылымдардағы жер дауы мәселелері туралы мәлімдеді.

Расында, соңғы кезде Сыр өңірінде жер дауы жиілеп кетті. Сөзіміз дәлелді болу үшін аймақтағы бірнеше ауданда болған жер мәселесіне қатысты жағдайды баяндай кетейік. Мәселен, жер дауы 2019 жылы Жалағаш ауданына қарасты Мәдениет ауылынан бастау алды. Ауыл тұрғындары 7 жыл бұрын инвесторға сеніп тапсырған егістік жерлерін қайтара алмай, билік пен құқық органдарына жүгінді. Анығырақ айтсақ, Мәдениет ауылының тұрғындарына егістік жер 2004 жылы 49 жылға жалға берілген. 2012 жылы елді мекеннің халқы өз үлестерін инвесторға сеніп тапсырады. Алайда халыққа тиесілі жыл сайынғы үлес бір қап күріштен әрі аспайды. Осылайша инвестордың игілігін көре алмаған тұрғындар өз жерлерін қайтарып алып, жеке қожалық құруды көздеген. Нәтижесінде Жалағаш ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары ауылдықтардың әзірге жер үлестерін ала алмайтынын айтқан. Себебі ол кезде облыс бойынша көктемгі егіс науқаны да басталып кеткен. Әйтсе де әкімдік өкілдері дән сеппеген егістік танаптары мен арендалық мақсаты сақталмайтын алқаптарды қайтарып алуға қақысы бар екенін айтты.

Одан кейін 2020 жылы Сырдария ауданына қарасты А.Тоқмағамбетов елді мекенінің тұрғындары екіге бөлінді. Жергілікті халықтың айтуынша, баста ауылға инвестор болып келген кәсіпкер енді жерді менікі деп егеленген. Бұл ауылда 1500-ге жуық үй бар. Олардың күнкөрісі осы – жерден нәпақа табу. Сол кезде жергілікті 675 тұрғынның жері аталған шаруашылық иелігіне берілген. Бірақ инвестор егілген өнімді толықтай жинап алатынын айтқан. Осыған орай халық өздеріне тиесілі несібесін қайтаруды талап етті.

Сондай-ақ Қармақшы ауданына қарасты «ІІІ интернационал» ауылының тұрғындары да жерінің қайтарылуын талап етіп, бас көтерді. Қарапайым халық биліктен көмек сұрап, облыс әкімдігінің алдына дейін келді. Десе де олардың айтар жауабы біреу ғана. Билік жеке шаруашылықтың жұмысына араласа алмайтындарын алға тартып, ортақ келісімге келуге шақырады.

– Қызылорда облысында екі-үш жылдан бері жер дауы үлкен мәселеге айналды. «Дау мұраты – бітім» демекші, дау болған жерде елге де, қарапайым халыққа да жақсы емес. Бұл мәселенің ақ қарасын ажыратып алу керек. Бұл жерде жерге таласып жүргендердің артында ақшасы бар инвесторлар тұр. Олар ауыл тұрғындарына жеріңді өзің алсаң, демеуші боламыз деп айтуда. Сөйтіп, көктемде күріш еккізіп, күзде өнімді жинап алып кетіп, халықты дымсыз қалдырып отыр. Қазір Жалағаш ауданы Бұқарбай батыр ауылында 41 шаруашылық бар. Бізге де «Қойшы көп болса, қой арам өледі» дегеннің кері келейін деп отыр. Қазіргі кезде «Байтабын» ЖШС-ның еншісінде 2200 гектардай жер бар. Бұл пай үлескерлерінің еншісінде. Былтырдан бері сырттан келген инвесторлар жер үлестері біздің шаруашылықта тұрған басқа жаққа көшіп кеткен адамдарға, мектепте жұмыс істейтін ауыл тұрғындарының үйлеріне барып ақша таратып жүр. Олардың мақсаты – үлескерлердің жерін өздеріне алу. Әзірге ұжымнан «жерімді анаған беремін, мынаған беремін» деген кісілер шыққан жоқ. Дегенмен зейнеттегі кісілерге сыйлығын апарып, алдап-арбап жерді өзіне алудың амалын істеп жүргендер жетерлік. Негізі даудың басы жерді талан-таражға салып, бөліп алғаннан басталып тұр. Мәселен, Жалағаш ауданы Таң ауылынан шыққан азамат Имамзада Шағыртаев ел игілігіне еңбек етуде. Ауылдағы егістік жердің 80 проценті осы кісінің еншісінде. Ал 20 проценті жеке қожалықтар. Сол ауылға барсаңыз, тамсанасыз. Ауылда алға жылжу бар. Жол жөнделген, қаншама жаңа цехтар ашылып жатыр. Ауыл тұрғындарының ауызбіршілігіне көңілің толып қайтады. Ал біздің ауылға, бір нәрсе істейін десең, әркім жан-жаққа тартады. Бәрі жеке қожалық болған соң, тек өз қалтасын ойлайды. Олар егінді еккенімен, жинап алатын техинакалары жоқ. Біз техника сатып алдық. Дегенмен бір ауылдың азаматы болған соң, өтініштерін жерге тастамай техникамызды арзан бағаға жалға береміз. Соған олар мәз болып, күріш еккеннің пайдасы мол деп ойлап отыр. Бүгінде су тапшылығы да үлкен мәселе болып тұр. Бір ғана мысал, ауылдағы 41 шаруа қожалыққа су жеткізудің өзі дауға айналмаса игі. Олар суды бүгін сен алсаң, ертек мен алайын деп қарап отырмайды. Кім мықты сол алады. Содан келіспеушілік туындайды. Негізі жерге екі-үш жыл мораторий жариялау керек деп ойлаймын. Сондықтан Үкімет бір мәнісін ойлап, дұрыс шешім қабылдамаса, бұл даудың бітер түрі жоқ, – деді «Байтабын» ЖШС төрағасы Болат Ділдәбеков.

КІМДІКІ ДҰРЫС, КІМДІКІ БҰРЫС?

«Ақмешіт апталығы» газетінің редакциясына Қызылорда қаласына қарасты Қосшыңырау ауылдық округінің тұрғындары жер мәселесіне байланысты базыналарын айтуға келді. Осыған дейін облыс көлемінде көтерілген мәселе қалаға қарасты ауылдарды да айналып өтпеді.

– 1998 жылы «Абай» агрокәсіпорны тарап, пай үлескерлер өз үлестерін алды. Осылайша біз 52 адамнан құралған «Жаппас ата» шаруа қожалығын құрдық. Сөйтіп, ауыл тұрғыны Тоқтар Махмұтов қожалықтың төрағасы болып сайланды. Ол кісі әлі күнге дейін арамызда бар. Баста жақсы жұмыс істеп тұрғанымен кейін қиын заманға тап болып, қожалық жұмысы тоқтады. Сол кезде пай үлескерлері Жеңіс Әбдіқалықовтың «Үміткер» шаруа қожалығына жерімізді уақытша пайдалануға бердік. Ол кісі бұл жерге біраз жыл күріш екті. Біз де дивиденд сұраған жоқпыз. Бастысы, жеріміздің бос жатпағанына қуандық. Алайда Жеңіс Әдбіқалықов дүниеден өткеннен кейін біздің жерлеріміз «банкрот» деп танылып, мемлекетке өтіп кетіпті. Заң жүзінде ол жер банкротқа өту үшін біздің келісіміміз керек емес пе? Бізге ескертпестен сыртымыздан заңсыз қол қойып жіберген. Сол кезде банкроттық іспен айналысқан Серік Тасбергенов деген кісінің айтуынша, жерді банкрот қылмаған. Өйткені жер пай үлескерлерінікі екенін білген. Десе де осы жерде бір шикілік бар. Бір түсінбейтініміз, біздің жер қалай мемлекетке өтіп кетті? Кейін Жеңіс Әбдіқалықовтың ұлы Айдос Әбдіқалықов 106 гектар жерді «Шадиев» жеке нотариус арқылы құжатын істетіп, мұрагерлікпен атына аударып алған. Былтыр ауылға бір кәсіпкер келіп, Айдостағы жерді бізге пайдалануға беріңіздер. Біз жұмыс істеп, сіздерге дивиденд төлейміз деді. Осылайша ол кәсіпкерге сенім хат бердік. Олар жер қатынастары бөлімінен, қалалық әкімшіліктен адамдар шақыртып жан-жақты тексерді. Сөйтіп, Айдостың құжатының заңсыз екені анықталып, Қызылорда қаласы әкімдігі сотқа берді. Нәтижесінде сот Айдостағы жердің мұрагерлік құжатының күшін жойды. Дегенмен жерді 10 жылға Айдостың еншісіне қалдырды. Осы жерде ауыл тұрғындары өз жерлерін иелене алмай, далада қалдық. Қолымызда барлық құжатымыз бар. Кеше қала әкімінің орынбасары Елмұрат Рахматтуллаев келгенде де осы мәселені көтердік. Ол кісі бір апта уақыт сұрады. Десе де біз де тоқтап қалмай қолымыздан келгенше жан-жақтан сұрастырып, заңгерлермен кеңестік. Біздің басты мақсатымыз өзімізге тиесілі жерді қайтарып алып, өзіміз пайдалану. Алдағы уақытта 52 пай үлескерлер «Үміткер» шаруа қожалығын қайта сотқа береміз, – деді Абай ауылының тұрғыны Ақыл Әбдіғаппаров.

Бүгінде осы секілді бірақ әртүрлі жағдаймен жерлерін қайтара алмай жүрген қаншама ауыл тұрғындары мұрағат ақтарып, жерінің құжатын іздеп жүр. Мұндағы ауыл тұрғындарының басты мақсаты – сырттан инвестор тартпай, өздері шаруашылықпен айналысу.

Жерін даулап жүрген тұрғындардың мәселесі бойынша Қызылорда қаласының әкімдігі де хабардар. Бүгінде бұл жағдайды қалалық жер қатынастар бөлімінің басшысы мен заңгерлері де жан-жақты зерттеуде.

– Қосшыңырау ауылдық округінің жалпы жер көлемі – 40322,3 гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатында табысталған жер учаскесінің жалпы көлемі – 18313,5 гектар. Бүгінде ауыл шаруашылығы мақсатында егістік және жайылымдық мақсатында жұмыс атқарып жатқан жалпы 34 шаруа қожалықтарға тиесілі көлемі – 4870,6 гектар, оның ішіндегі егістігі – 3314,01 гектар құрайтын 44 жер учаскесі уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығына табысталған.

Қазіргі кезде жоғарыда көрсетілген шаруа қожалықтардың ішінде 695 шартты жер үлескерлерінен құралған 20 шаруа қожалығына тиесілі жалпы көлемі – 2738,6 гектардың егістігі 1533,6 гектар жер учаскелері бар. Қызылорда қаласы әкімінің тапсырмасымен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін тиімді пайдалану, пайдаланылмай жатқан жер учаскелерін мемлекет жер қорына қайтару және жаңадан жер учаскесін беру бойынша кент және ауылдық округ тұрғындарымен тұрақты түрде құқықтық түсіндірме жұ-мыстары жүргізілді.

Алайда Қосшыңырау ауылдық округі, Абай ауылының тұрғындарымен кездесу барысында шартты жер үлестеріне байланысты шаруа қожалығы бойынша жер учаскесін пайдалануға берілген пай үлестерін қайта рәсімдеу жөнінде сұрақтар туындады. Мәселен, «Кілемжайған» шаруа қожалығының (жетекшісі Такишов Олжахан) шартты үлесінен құрылған егістік және жайылымдық мақсаттағы

жер учаскесіне байланысты зерттеу жүргізілген болатын. Қызылорда қаласы әкімінің 2003 жылғы 4 наурыздағы №1077 санды қаулысымен Абай елді мекенінде тұратын азаматтардың шартты жер үлесі есебінен (жер үлескерлер саны – 33 азамат) құрылған «Кілемжайған» шаруа қожалығына (жетекші Олжахан Такишев) жалпы көлемі – 630 гектар, оның ішінде: егістік – 82 гектар, жайылымдық – 409 гектар, басқа алқаптары – 139 гектар жер учаскелеріне ортақ үлестік жер пайдалану құқғын 10 (он) жыл мерзімге жалға беріліп, 2003 жылғы 11 сәуірдегі №171 санды жер учаскесін жалға беру туралы келісім-шарты әзірленген. Аталған шаруа қожалықтарға қарасты жер учаскелерінің пайдалану мерзімі аяқталуына 3 (үш) ай мерзім қалған уақытта жалға алушы тараптан мерзімін ұзарту туралы өтініш білдіру қажет. Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 37-бабы, 2-тармағында өз мiндеттерiн тиiсiнше орындаған уақытша өтеулi жер пайдаланушының (жалға алушының), егер ҚР заңдарында немесе жалға алу шартында өзгеше белгiленбесе, осы Кодекстің 43-бабы 1-тармағының 2), 3), 4), 5) және 8) тармақшаларында белгіленген талаптарды қоспағанда, жер учаскесінің шекаралары өзгермеген жағдайда, ал шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесі үшін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану мониторингінің нәтижелері де болған кезде, осы Кодекстің 43-бабында көзделген тәртіппен жаңа мерзімге шарт жасасуға құқығы бар. Уақытша өтеулі жер пайдаланушы (жалға алушы) осындай шарт жасасу ниетi туралы жалға берушiнi жалға алу шартында көрсетiлген мерзiмде, егер шартта мұндай мерзiм көрсетілмесе, онда жалға алу шартының қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейін үш ай мерзiмде жазбаша хабардар етуге мiндеттi екендігі көрсетілген.

Бұл аралықта жалға алушы тараптан мерзімін ұзарту туралы өтінішпен жүгінбеуіне байланысты Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы № 442 Жер кодексінің 81-бабының 3-тармағы 1-тармақшасына сәйкес жер учаскесiне жеке меншiк құқығын немесе жер пайдалану мерзiмнiң қайтарылуына сәйкес мемлекеттік жер қорына өтуіне байланысты қайта рәсімдеуге мүмкіндік жоқ. Дегенмен жер учаскесінің пайдалану мерзімін қалпына келтіру мәселесі бойынша сот органына жүгіну қажет екендігін білдіреміз, – деді Қызылорда қаласының жер қатынастары бөлімінің басшысы Бекмұрат Омаров.

P.S. «Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы» деген атпен белгілі заңдар жүйесінде, Тәуке ханның тұсындағы «Жеті жарғыда» және бұрыннан қалыптасқан қағидаларда да жер дауын шешудің барынша тиімді жолдары қарастырылған. Бүгінде еліміздегі жер мәселесіне жүрдім-бардым қарауға болмайтынына тұрғындардың да, атқарушы биліктің де көзі анық жетті деп ойлаймыз.

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: