Жұма, 04 қазан, 07:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№78-2088
01.10.2024
PDF мұрағаты

Жолдау жүктеген міндеттер талқыланды

11.09.2021

898 0

Қызылорда қаласы әкімдігінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауының негізгі міндеттерін түсіндіруге бағытталған идеологиялық актив отырысы өтті. Жиынға қала әкімі Ғанибек Қазантаев төрағалық етті.

Идеологиялық активте қала әкімі Жолдаудың негізгі бағыттарына тоқталды.

– Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған бес тараудан тұратын Жолдауы – еліміздің осыған дейінгі жетістіктері мен табыстарын еселейтін, қажеттіліктер мен сұраныстарды қанағаттандыратын елімізді алға жетелейтін бағдарламалық құжат. Елбасының бастамасымен қалыптасқан игі дәстүр, еліміздің стратегиялық даму жолының негізгі темірқазығы. Мемлекет басшысы бұл Жолдауында пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамыту, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру, сапалы біліммен қамту, өңірлік саясатты жетілдіру, адам құқығын қорғау бағытындағы бастамалары бойынша тұрақтылық пен сенім, ел экономикасының қарқынын одан әрі күшейтуге, халықтың тұрмысын жақсартуға негіз болатын, межеленген мақсаттарды жүзеге асыру үшін нақты міндеттерді айқындап берді. Сыртқы саясатта есесін кетпейтін, шекарасы шегенделіп, ешкімде дауы жоқ мемлекеттің ендігі бағыты – халық тұрмысын жақсарту, табысын еселеу. Бұл мақсатта Жолдауда нақты міндеттер қойылды. Соны орындап, экономиканы одан әрі нығайтып, халықтың әл-аухатын арттыра түсу жолында еңбектенуіміз керек. Қалаға қарасты елді мекендерде жерді тиісті деңгейде пайдаланбай отырған шаруашылықтарға қозғау салып, дем берер қолдауларды жасағанымыз жөн, – деді қала басшысы.

Республика Президенті Жолдауда өңірлерді дамыту жоспарларын бекітілген жалпыұлттық міндеттерге сәйкес жаңарту қажеттігін және бюджет үдерістерін жеңілдетуді тапсырды. Бүгінде қала эконимикасын, оның ішінде қала бюджетін тиімді жоспарлау – басты назарда. Осыған орай «Жаңа жағдайдағы экономиканы әртараптандыру және жетілдіру шаралары» тақырыбында қалалық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлнәр Баймаханова баяндама жасады.

– Қазіргі кезде 14 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл өз кезегінде инвестициялар көлемін арттырып, жаңа жұмыс көздерін ашуға жол ашпақ. Жолдауда шағын кәсіпкерлікті дамыту аясында «Қарапайым заттар эко-номикасы», «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының жүзеге асырылу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылданды. Осы ретте аталған бағларамалардың шеңберінде жүзеге асырылатын жобалар санын арттыру бойынша жұмыстар ұйымдастыру қажет. Әсіресе дайын өнім шығаруға бағытталған жобаларды қолға алу керек. Биыл «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен жалпы құны 587 млн теңгені құрайтын жоба іске қосылды. Ал газдандыру мәселесіне келсек, биыл Абай ауылын газдандыру жобасының құжаты әзірленуде, – деді бөлім басшысы.

Бүгінде ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы ретінде айқындалды. Расында, мәдениеті мен руханияты мықты елдің – рухы мықты. Жолдауда «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Біздің азаматтарымыз үшін келісім мен толеранттық мәдениеттер мен тілдерді өзара тоғыстыратын қоғамның шынайы көрінісі, нақты болмысы» – деді Президент. Осы орайда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұхтар Ниязовқа сөз берілді.

– Мәдениет саласына серпін беру кезек күттірмейтін мәселе екенін айтқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастамасы арқылы мәдениет қызметкерлеріне қолдау көрсету керек екенін нақтылады. Мәселен, 2025 жылға дейін сала қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 20 процентке өсіп отырады. Алдағы уақытта осы қолдауды сезіне отырып, жұмыс істеуіміз керек. Сондай-ақ рухани жаңғыру дер кезінде қолға алынды. Бұл Жолдау мәдениет пен руханиятқа үлкен қозғау салып, көптеген игі шараның бастамасы болғалы тұр. Сонымен қатар мәдениеттің жаңа салалары мен бағыттарында еңбек етіп, өз күнін көріп жүрген дарынды жастарға қолдау көрсету мақсатында құрылатын креативті индусрияны қолдау қорының да өз жемісін берері сөзсіз, – деді қалалық мәдениет бөлімінің басшысы.

Қазіргі кезде денсаулық саласы – басты назарда. Әлемді жайлаған пандемия, елімізде болған төтенше жағдай мен карантин режимі адам үшін денсаулықтың ең басты байлығы және ұлт саулығы – мемлекеттің басым бағыт-тарының бірі екенін тағы бір дәлелдеді. Осыған орай «Денсаулық саласындағы медициналық инфрақұрылымды дамыту – ұлт саулығының кепілі» тақырыбында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов баяндама жасады.

– Жолдауда көрсетілгендей, «Дені сау ұлт» жобасы аясында еліміздегі 12 зертхана жоғары технологиялық құралдармен жабдықталатын болады. Бұл өз кезегінде медициналық қызметтің сапасын арттырып, халықтың жағдайын жақсартуға септігін тигізетініне сенімдімін. Алдағы 2022-2025 жылдар аралығында республикалық бюджет есебінен сол жағалаудан 300 төсекке арналған көпбейінді аурухана, Қан орталығының құрылысын іске асыру жоспарлануда. Сондай-ақ 2023 жылы ауысымына 250 келушіге арналған емхана құрылысын бастау көзделуде. Сонымен бірге облыстық бюджет есебінен 2022-2025 жылдар аралығында Баймұрат батыр ауылы, Сабалақ саяжайында, Наурыз шағын ауданында дәрігерлік амбулатория салынады. Ал Досан ауылы, Ягодка, Эдельвейс саяжайларында медициналық бекеттердің құрылысын жүргізу қолға алынуда, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Бүгінде мемлекет тарапынан ұрпақ тәрбиесін басты мақсат тұтқан ұстаздар қауымының әлеуметтік жағдайын көтеру, біліктілігін арттыру, жан-жақты жағдай жасау мақсатында түрлі шаралар қабылдануда. Мемлекет басшысы Жолдауында еліміздің білім беру жүйесі қолжетімді әрі инклюзивті болуға тиіс екенін баса айтты. Осыған орай «Саналы ұрпақ – сапалы білім» тақырыбында Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гим-назиясының директоры Данабек Әбдірайымов хабарлама жасады.

– Білім саласының барлық жерде жүйелі түрде жүргізілуіне білім алушылар да, мұғалімдер де дайын болу керек және жүйелілік, сапалылық әрбір ұстаздың міндетіне айналуы қажет. Өзім де ұстаз ретінде мемлекет тарапынан жасалып отырған әрбір көмек бізді жігерлендіре түседі дегім келеді. Еліміздің дамуы мен жаңаруы жолында бар күш-жігерімізді сала отырып, еңбек ету біздің басты парызымыз деп санаймын, – деді мектеп директоры.

Мемлекет басшысы Жолдауда шағын кәсіпкерлік саласын дамыту үшін үлкен қолдау керектігін жеткізді. Сондай-ақ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру маңызды екенін баса айтты. Идеологиялық активте жас кәсіпкер Дәулет Ізбасарұлы сөз алды.

– Кәсіпкерлер үшін жағымды жаңалық ретінде «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының мерзімін ұзартуы біз сияқты жас кәсіпкерлердің ертеңгі күніне сенім ұялатты. Міне, мемлекет тарапынан осындай нақты қадамдар жасалу арқылы қаламыздың кәсіпкерлік саласы одан әрі дамитыны анық. Бұл әсіресе кәсібін жаңадан бастағандарға таптырмас мүмкіндік, үлкен қолдау болды, – деді жас кәсіпкер.

Кездесуге зиялы қауым өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, қаланың еңбек ардагерлері, кент, ауылдық округ әкімдері, сала басшылары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, кәсіпкерлер және жастар қатысты. Осылайша басқосу соңында Жолдаудың барлық бағыты талқыланып, алдағы жоспарлар сараланды.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: