Жұма, 26 сәуiр, 23:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Ақ саусақ бала қайдан шығады?

29.11.2022

1249 0

Дана халқымыз ежелден бала тәрбиесіне, ақыл-ойының жетілуіне, адами мінез-құлықтарының қалыптасуына ерекше көңіл бөлген. Балаларға жастайынан жол көрсетіп, тәрбиесіне назар аударған. Бала тәрбиесінің бір бөлшегі – оны еңбекке баулу. Ал қазіргі уақытта ақ саусақ бала көбейіп барады. Себебі не?  Кінәлі кім?

Баланы өмірге бейімдеуде, мінез-құлқы мен өзіндік көз­қарасын азаматтық ұстанымын қалыптастыруда ата-ананың, ортаның, мектептің орны бөлек, рөлі өлшеусіз.  Бұрын баланы еңбекке мектептен баулитын. Оқушы кезімізде кезекшілікпен келіп, сыныпты тазалап, еденді жуатынбыз.  Еңбекке баулу сабақтарында тігін тігіп, ас пісіруді үйрететін. Ал ер балалар ағаштан түрлі бұйымдар жасайтын. Қазір ше? Бүгінде бір шеге қаға алмайтын, не даланың не қаланың жұмысына жоқ ақ саусақ балалар өсіп келеді. Бас-сирақ үйітпек түгілі, табақ жасауды, отын жаруды білмейтін жігіттер қаптап жүр. Бұл – бүгінгі күннің мәселесі.

«Ақ саусақ бала қайдан шығады»? деген сұрақты көпшілікке қойдық. Бұл тақырып  біраз жұртты алаңда­та­тынын байқадық. Себебі жауап бергендер көп болды.

Гүлмария Бакирова, көп­балалы ана:

– Ата-ана тарапынан бо­латын шектен тыс қамқор­лық баланы еріншек етеді. Қазіргі  уақытта баланы жұм­самайтындар бар. Баласы үшін барлығын өздері жасай сала­ды. Еңбекке баланы баулу артта қалып бара жатқан секіл­ді. Балалардың құлшыныста­ры да жоқ. Бүгінгінің балалары ақ саусақ. Қолдарында теле­фон. «Телефон арқылы ақша табамыз» деген түсі­нік қалыптасқан. Ауыр жұмыс істегісі келмейді. «Ауыр­дың астымен, жеңілдің үстімен» жүруді үйренген. Отын жарып, даланың жұмы­сын істеп жатқан бала көр­мейміз. Сондықтан ұл бала­ны еңбекқор етіп тәр­биелеу керек. Барлығы тәр­биеге байланысты. Ер жігітке от­басын асырауды, анаға, әйелге қолғабыс етуді жастайынан үйрете білу – ата-ананың міндеті. Мектептен кейін үй­дің шаруасына үйрету қажет. 

Аманжан Нетілдаев, Сыр­дария ауданы, Бесарық ауылының тұрғыны:

– Рас, ақ саусақ бала көп. Қазіргілер қара жұмыс жасағанды намыс көреді. Жасы­ратыны жоқ, «Не кием, не ішем демейді» бү­гінгі балалар. Ата-анасы қатарынан кем қылмауға жағдай жасайды. Алдына түсіп, өбектейді. Содан айт­қанды тыңдамайтын, жөн сөзге көнбейтін, қыңыр мінезді бала өсіп шығады. Бүгінгі балалардың жұмысынан жа­тысы көп. Бала міндетті түрде үйдегі біреуден тыйылып, жасқанып өсуі керек. Әсіресе әкенің салқынқандылығы ба­­ланы шыңдай түседі. Ал «ба­лам бәлеге ұшырайды, «балам қиналып қалады» деп шектен тыс өбектей беру – үлкен қателіктің бастауы.

Нүргүл Сыздықова, көпбалалы ана:

–  Бүгінде  ұрпаққа тәр­бие беруден гөрі, оның айтқанын істеу басым. Әр­кім өз баласының сөзін сөй­леп шыға келеді. Содан ол білгенін істемегенде қай­теді. Тәрбиені қалай беріп жатырмыз, қарапайым түріне тоқталайыншы. Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап, бала жыласа қолына ұялы телефонды ұстата са­ламыз. Одан 3-4 жастағы өренді теледидардың алдына отырғызып мультфильм қо­сып береді. Ол қандай арна көріп отыр, оны тексермейді. Ал 5-6 жастағы жеткіншек компьютердің құлағында ой­нап отырады. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгінің баласы тәрбиені заманауи техноло­гиялардан алуда. Оларға көңіл бөлетін ата-ана жоқтың қасы. Ата-ана баланы еңбекқор етуге жауапты болуы қажет. Ерте бастан қызды да, ұлды да жұмсау керек. Еңбек еткен адамның әрқашан берекесі мол болатынын түсіндіріп отыруға тиістіміз.

Көпшіліктің пікірі бала­ның ақ саусақ болып өсуіне ата-ана тікелей жауапты дегенге сай келді.

Ал психологтардың пікі­ріне сүйенсек, қоғамда қыз мінезді ақ саусақ жігіттердің пайда болуына жалғызбасты аналардың артуы да әсер етеді. Қазіргі уақытта елі­мізде шаңырақ шайқалып, ажырасу көбейген. Мұндай жағдайда бала анасының қамқорлығында қалады. Әке көрмеген ұл балалар өмірде көптеген мәселелерді анасына еліктеп, сол секілді шешуді әдетке айналдырады. Мұндай баланың таным, талғамы да басқаша қалыптасады.

Демек, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» де­гендей, бала отбасында қандай тәрбие алса, болашақ өмірі де солай жалғасады. Олай болса, бала тәрбиесіне мән берейік. «Бала тәрбиесі бесіктен» деп тегін айтылмаған. Олар­ды өмірге икемді етіп тәр­биелеуге, еңбекке баулуға ересектердің араласып отыр­ғаны жөн.  Адам бақытының кілті – еңбекте екенін әрбір жас ұғына білу қажет.

Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Түсіне білген адамға бұл сөзде терең мағына жатыр. Яғни баланы сәби кезі­нен қолға алсақ, оларға көп тәрбие берген болар едік.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: