Осы жылы майлы дақылдардың егіс көлемі 4 млн гектардан асады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлім етті, – деп хабарлайды KAZINFORM
– Жыл басынан бері көктемгі егіс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы жүргізу мәселесі министрліктің ерекше бақылауында. Барлық проблемалық мәселе мүдделі тараптардың қатысуымен Жедел штаб отырыстарында қаралып жатыр. Министрлік әкімдіктермен бірлесіп егіс алқаптарының құрылымын бекітті. Осылайша, жалпы егіс алаңы 23,8 млн гектарға жетіп, өткен жылдың деңгейінен 180 мың гектарға артты. Басымдық жоғары рентабельді дақылдарға берілді. Атап айтқанда, майлы дақылдардың егіс көлемі биыл 4 млн гектардан асады (74 мың гектарға ұлғаяды), мал азығы дақылдары 3,3 млн гектар (237 мың гектарға көп), – деді А.Сұлтанов.
Сонымен қатар жүгеріні қайта өңдеу бойынша іске қосылатын инвестициялық жобаларды шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында жүгерінің егіс көлемі 265 мың гектарға дейін ұлғайтылады.
– Ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мақсатында ұйымдасқан шаруашылықтарда картоптың алқабын 10 мың гектарға ұлғайту жоспарланды. Бекітілген егіс құрылымы ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етуге жеткілікті, сонымен бірге нарық конъюнктурасы мен сыртқы сұранысты ескереді, – деді вице-министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары көрші елдермен бірлесе жүзеге асатынын айтты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
