Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков бүгін жалпы отырыста қабылданған әскери қызметшілердің құқықтарын жетілдіруге арналған заңның жаңа нормаларына қатысты түсінік берді, – деп хабарлайды KAZINFORM
— Заңда бірқатар өзгеріс қамтылды. Өздеріңіз білесіздер, пандемия кезінде қаланың сыртында тұрған блокпосттарда тұрған әскерилерді жергілікті атқарушы органдар тарапынан тамақтандыру жүзеге асты. Бұл іс-шаралар заңнамада қарастырылмаған еді. Енді енгізілген жаңа норма бойынша карантиндік жағдайда тамақпен қамтамасыз ету мемлекет тарапынан орталықтандырылған деңгейде республикалық бюджеттен ұйымдастырылмақ, — деді Олжас Құспеков Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Сонымен қатар ол шекара қызметінде жүрген әскери азаматтар төтенше жағдайларға жұмылдырылған кезде, оларға үш еселенген ақшалай төлем қарастырылғанын айтты.
— Қазақстанның Голан жоталарына жіберілген бітімгерлік миссиясы бар. Оларға берілетін төлемді БҰҰ тарапы еліміздің Қаржы министрлігіне аударатын. Одан кейін бұл қаражат жарты жыл ішінде Қорғаныс министрлігіне түскеннен кейін ғана сарбаздардың есеп-шотына аударылатын. Енді жаңа норма аясында аталған қаражатты тікелей Қорғаныс министрлігіне түсіретін тәртіпті енгіздік, — деді депутат.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
