Жұма, 19 сәуiр, 03:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Еселі еңбек –өркендеу негізі

14.01.2023

700 0

Өткен жылы Қызылорда қаласында «Анаға тағзым» орталығы, «Өнер» орталығы, «Неке» сарайы сынды іргелі құрылыс нысандарының іргетасы қаланғаны белгілі. Бұдан бөлек жылу электр станциясының капсуласы салынса, ел игілігі үшін бірнеше көпқабатты тұрғын үй берілді. Биыл 231 көше жөнделіп, жайлы мектеп бағдарламасы арқылы 8 білім ұясы салынады деп күтілуде. Бұл туралы Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменов өңірлік коммуникациялар орталығының баспасөз алаңында өткен

брифингте айтты.

– Мемлекеттік бағдарламалардың игілі­гі – «Нұрлы жер» бағдарламасымен Сырдария өзені­нің сол жағалауындағы №2-ші шағын ауданында 10 көпқабатты тұрғын үйдің іргетасы қаланды. Аталған тұрғын үйлерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтуға бюджеттен  1,2 млрд теңге қаралды. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Бұған қоса жеке инвесторлар есебінен 9,9 млрд теңгеге 509 пәтерлі 18 үйдің құрылысы жүргізілуде, – деді қала басшысы.

Ауқымды жобаның бірі – «Бәйтерек» тұр­ғын ауданындағы тұрғын үй сектордың ин­женерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы. Оның ішінде – «ұңғымалар бұрғылаумен су жи­нағыш құрылысын салу» жобасы. Қала әкімі республикалық бюджеттен бөлінген 1 млрд 195 млн теңгеге қуаттылығы 7200 текше метр болатын 7 ұңғыма мен 3 резервуардың құрылысы жүріп жатқанын атап өтті. «Біз осы жобаны жүзеге асыру арқылы «Бәйтерек» және қосымша Шанхай, КБИ тұрғын аудандарында орналасқан жеке тұрғын үйлерді тұрақты қысымды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ететін боламыз», – деді шаһар басшысы.

Қала көлемінде газ желісі тартылмаған елді мекеннің бірі – Ақсуат ауылдық округі. Бұл ауылдық округке 2022 жылы республикалық бюджеттен 4.4 млрд теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Аталған жобаны аяқтауға биыл 1 млрд 700 млн теңге бөлінген көрінеді. Осылайша қалаға қарасты тағы бір елді мекен «Көгілдір отынға» қосылады. Несін жасырамыз Қызылорда қаласына қарасты газға қосыл­маған тағы бірнеше ауыл бар. Қала әкімінің айтуынша, оларға да нақтылы жобалар әзірленген. Биыл газдандыру жобасына Қосшыңырау ауылдық округіне қарасты Абай, Досан елді мекендері еніпті. Оған ұлттық қор мен облыстық бюджеттен  662,7 млн теңге бөлінді. Игілікті іс ақпан-наурыз айларында басталады деп күтілуде. Бұдан бөлек саяжайлар да назардан тыс қалмаған.

– Саяжайлар да назарымыздан тыс қалған емес. Өткен жылы «Болашақ» баубақша серіктестігі, «Еңбек» аумағын­дағы жеке тұрғын үйлер секторы, «Эдельвейс», «Орбита» аумақтарындағы ауыз су желілерінің құрылысына 509,8 млн теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілді. Оны аяқтауға осы жылға облыстық бюджеттен 58,9 млн теңге бөлініп, көз­делген жұмыстар толығымен бітеді, – деді Қызылорда қаласының әкімі.

Қызылорда қаласындағы өзекті мәсе­ленің бірі – қоғамдық көлік жайы. Тұр­ғындар осы мәселені жиі көтеріп жүр. Халық үніне құлақ асқан облыс бас­шылығы бұл мәселенің де түйінін тарқатты. «Өздеріңізге белгілі, өткен жылы «Қызылорда автобус паркіне» «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы жаңадан лизингке 150 автобус алуға 1 млрд 430 млн теңге бөлінген болатын. Соның аясында 100 жаңа автобус маршруттық бағытқа қосылды. Қалған автобустарды ақпан айында жеткізуді жоспарлап отырмыз», – деген қала бас­шысы биыл тағы да 150 автобус алуға қаржы бөлінгенін жеткізді.

Шаһар басшысының айтуынша, меценаттар мен демеушілер де ел үшін аянып жатқан жоқ. «Балалар жылы» аясында облыс әкімінің бастамасымен, кәсіпкерлердің демеушілігімен қала және оған қарасты кент, ауылдық округтерге барлығы 50 ойын-спорттық алаңы са­лынды. Сонымен қатар көппәтерлі тұр­ғын үй аулаларына бюджет есебінен 3 спорттық ойын алаңын салуға 52,5 млн теңге бөлініп, пайдалануға берілді. Облыс әкімінің бастамасымен өткен жылы облыс орталығында құны 1,6 млрд теңгені құрайтын «Неке» сарайы, 3,7 млрд теңге болатын 1000 орындық «Өнер» орталығы, сол жағалаудағы құны 2,7 млрд теңгені құрайтын «Қан орталығының» құрылысы басталды. Биыл аталған нысандардың құрылысын жалғастыруға республикалық және облыстық бюджеттен 5 млрд 536 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1,5 млрд теңгені құрайтын «Анаға тағзым» орталығының іргетасы қаланды. Бұл ғимарат биыл халық игілігіне пайдалануға беріледі. Инфрақұрылымдық әлеуетті дамытуда Болат Өтемұратовтың қолдауымен құны 12 млрд теңге болатын «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалының құрылысы басталды. «Қазгермұнай» Ұлт­тық компаниясы басшылығының қолдауымен заманауи үлгідегі «Оқушы­лар» сарайының жобасы бастау алып, «Саутс Ойл» компаниясы 10 мың адамға арналған «Қайсар» футбол командасының жаңа стадионын салуға ниет білдірді. Өткен жылы қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жылу электр орталығының іргетасы қаланды. «Акса энерджи» түрік компаниясымен бірлескен жұмыстар 2025 жылы аяқталып, жаңа нысан ел игілігіне беріледі. Бұл арқылы қала аумағын жылу және электрмен толық қамтамасыз ете аламыз. Осы мәліметтерді алға тартқан қала басшысы биыл да барлық сала бойынша жұмыстарды қарқынды жүргізіп, көрсеткіштерді еселейтінін  мәлім етті.

– Яғни, биылғы жылы Қызылорда қаласында тұрғын үй құрылысын дамы­туға, әлеуметтік және инженерлік инфра­құрылымды жақсартуға ұлттық қор­дан, республикалық және облыстық бюджеттерден барлығы 48 млрд теңге бөлініп, ірі жобалар жүзеге асатын болады. Атап айтқанда, апатты үйлердің тұрғындары үшін 140 пәтерлі, Жаппасбай батыр көшесінде екі 40 пәтерлі және 60 пәтерлі бір үйдің құрылысына 1,0 млрд теңге бөлінсе, апаттық тұрғын үйде тұратын отбасыларды баспанамен қамту үшін 40 пәтерлі тұрғын үй сатып алуға 562,5 млн теңге, барлығы 1 млрд 562,5 млн теңге бөлінді. Оған қоса, биылғы жылы сол жағалаудан 84 пәтерлі 7 қабатты 6 тұрғын үйдің құрылысы басталады, – деді қала әкімі.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы ая­сында облыс орталығынан заманауи үлгідегі 8 мектеп салу жоспарлануда. Шаһар басшысы Асылбек Шәменовтің сөзінше, бес білім ордасының құрылысы биыл басталады. Атап айтқанда, бюджеттен бөлінген 13 млрд  416,7 млн теңгеге Жезқазған трассасы бойынан 600 орындық, сол жағалаудан 400 орындық 300 орындық жатақханасымен физика-математикалық мектеп-интернаты, сол жағалаудан 900 орындық, Арай мөлтек ауданынан 2000 орындық, КБИ мөлтек ауданынан 600 орындық, СПМК 70 мөлтек ауданынан 2000 орындық және Қызылжарма ауылдық округінен 900 орындық мектеп құрылысы басталады. Бұдан бөлек Қызылорда қала­сында №2 мектеп жанынан қосымша 550 орындық, №1 мектеп жанынан 375 орындық, №264 мектеп жанынан 550 орындық және №3 мектеп-гимназия жанына 375 орындық қосымша ғимарат салу үшін облыстық бюджеттен 795,5 млн теңге бөлінді.

Тағы бір атап өтерлігі, бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы бар, 300 төсекке лайықталған көпбейінді ауру­хана (онкологиялық бөлімшесімен) салуға республикалық  және облыстық бюджеттерден 3 млрд 272,4 млн теңге бөлінген. Тасбөгет кентінен дене шы­нықтыру-сауықтыру кешенін салуға об­лыстық бюджеттен 542,1 млн теңге бөлінгенін мәлім еткен қала басшысы 2023 жылы бюджеттің барлық түрлері мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы жалпы сомасы 10 млрд 246 млн теңгеге барлығы 231 көше жөнделетінін баян етті.

Соңғы жылдары тұрғындар арасында жиі көтеріліп жүрген мәселенің бірі – көпірлер құрылысы. Биыл бұл бағытта да ауқымды жобалар жүзеге аспақшы. Атап айтқанда, Ғ.Мұратбаев және Яссауи көшелерінің қиылысындағы теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі құрылысына ұлттық қор және об­лыстық бюджеттен 320,6 млн теңге қаралса, Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін темір жол өткелін салуға жоба-сметалық құжаттамасын сараптама қоры­тындысымен әзірлеуге облыстық бюджет­тен 51,2 млн. теңге бөлінді. Ал өткен жылы басталған көпірлер құрылысын аяқтауға, яғни Қызылжарма арнасы арқылы Бәйтерек ықшам ауданына көлік пен жаяу жүргіншілерге арналған және  Белкөл кентіндегі теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірлерінің құрылысын аяқтауға ұлттық қор мен облыстық бюджеттен 476 млн теңге қаралған.

Аса маңызды саналатын қаладағы ауызсу және кәріз су желілерін жаң­ғыр­туға, автоматтандыруға, инженер­лік инфрақұрылымды жүргізуге респуб­ликалық және облыстық бюджеттерден барлығы 3791,1 млн теңге бөлінген. Нақтырақ тоқталар болсақ, Қызылорда қаласындағы кәріздік сорғы станцияла­рын қайта құру және жаңғыртуға республи­ка­лық және облыстық бюджеттерден барлығы 1 млрд 593 млн теңге қаралса, модульді биологиялық тазарту станциясын жаңарту және автоматтандыруға, электр және газ­бен жабдықтауға  республикалық және облыстық бюджеттерден 1 млрд 634,1 млн теңге бөлінген. №13 «Га­гарин» кәріз сорғы станциясын рекон­струкциялауға республикалық және об­лыстық бюджеттерден 255 млн теңге және Универсам, Шымбай аумағында ауызсу құбыры мен кәріз желілерін ре­конструкциялауға республикалық және облыстық бюджеттерден 309 млн теңге бөлінген. Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерді де жаңғырту жұмыстары назарда. 12 көпқабатты тұрғын үйді республикалық кредит есебінен бөлінетін 773,8 млн тең­геге қайта жаңғырту жоспарланған.

Осы сынды мәліметтерді алға тартқан шаһар басшысы инфрақұрылымды дамы­­туға арналған қосымша жобалар бар екенін жасырмады. Ол үшін тиісті ми­нистрліктерге құны 17 млрд 522 млн теңгеге 51 жобаны ұсынып отырмыз. Аталған жобалар мақұлданса тұрғындар көкейінде жүрген бірқатар мәселелер шешімін табатын болады», – деді ол.

Қала әкімінің баяндамасынан соң жур­налистер сұрақ қойып, көңілге қонымды жауаптарын алды.

Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменовтің баяндамасынан атқарылған істің аз еместігі, ал атқарылатын істің одан да көп екенін аңғардық. Бұдан облыс пен қала басшылығының бар күш-қуатын, ерік-жігерін Сыр бойының жүрегін, облыстың бас қаласын гүлдендіруге жұм­сап жатқанын көруге болады. 

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: