Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздің аумағынан ірі қара мал етін әкетуге сандық шектеу енгізбек. Аталған ведомство басшысының осы мәселеге қатысты бұйрық жобасы ашық нормативтік-актілер порталында жарияланды, – деп хабарлайды KAZINFORM
Құжатта 6 ай мерзімге ірі қара мал етін (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының кодтары: 0201 — ірі қара мал еті, жаңа сойылған немесе салқындатылған және 0202 — ірі қара мал еті, мұздатылған) Қазақстан Республикасының аумағынан үшінші елдерге және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне шығаруға 25 мың тонна көлемінде сандық шектеулер (квоталар) енгізу көзделгені айтылған.
Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2026 жылғы 26 маусымдағы шешімі негізінде енгізілетін квота отандық ет өңдеу кәсіпорындарының шикізат базасын қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемдерін ұлғайту, ел ішінде қосылған құнды арттыру, қосымша жұмыс орындарын құру, сондай-ақ ішкі нарықты ет өнімдерімен қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру мақсатын көздейді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
