Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нотариаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, мақұлданды, – деп хабарлайды KAZINFORM
— Заңның мақсаты — нотариат туралы заңнаманы жетілдіру, нотариаттық қызметі саласындағы мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру, нотариаттық іс-әрекеттерді жасау кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету және нотариаттық қызметтердің сапасын арттыруға жағдай жасау, — деді сенатор Советбек Медебаев.
Заңда мынадай тұжырымдамалық ережелер көзделген:
— нотариат қызметіне бақылауды Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінен алып тастап, оны «Нотариат туралы» салалық Заңда регламенттеу.
— Азаматтық процестік кодекске мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордың сатып алуы туралы шарттар негізінде атқарушылық жазбаларды жасау тек бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен соттар арқылы жүзеге асырылатынын көздейтін толықтыру енгізіледі. Қазіргі уақытта мұндай атқарушылық жазбаларды өндіріп алу сомасына қарамастан нотариустар жасайды.
— Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйеде атқарушылық жазбаны жасау туралы өтініштерді нотариустар арасында автоматты түрде бөлу тетігін енгізу көзделеді.
— Атап айтқанда, заң қабылданғаннан кейін, атқарушылық жазбаны жасау туралы өтініш нотариустар арасында автоматты түрде бөлінетін болады. Бұл тәсіл атқарушылық жазбаны жасау процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге, нотариустар арасындағы жүктемені тең бөлуге, сондай-ақ мүдделілік пен алдын ала уағдаластық (сөз байласу) фактілерін болдырмауға бағытталған. Атқарушылық жазбаны тек борышкердің (жеке немесе заңды тұлғаның) тіркелген жері бойынша жасау талабы бекітіледі. Мұнымен қоса, нотариустардың лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру және лицензиядан айыру негіздерін кеңейту арқылы олардың жауапкершілігі күшейтіледі, — деді депутат.
Оның айтуынша, нотариат институтын цифрландыру мақсатында электрондық нысандағы нотариаттық құжаттарды орталықтандырылған түрде жинауға, сақтауға және есепке алуға арналған бірыңғай нотариаттық цифрлық жүйенің құрамдас бөлігі ретінде нотариаттық цифрлық архив туралы норма енгізіледі. Сонымен қатар, нотариустың жақын туыстары басшы, құрылтайшы немесе акционер саналатын заңды тұлғаларға қатысты нотариаттық іс-әрекеттерді жасауға шектеулер белгіленеді.
— Республикалық нотариаттық палатаның, аумақтық нотариаттық палаталардың төрағаларының, сондай-ақ тәртіптік комиссиялар төрағалары мен мүшелерінің өкілеттік мерзімі бір рет қайта сайлану құқығымен төрт жыл болып шектеледі. Мемлекет кепілдік берген заң көмегінің түрлері адвокаттар мен заң консультанттарының конституциялық іс жүргізуде азаматтардың заңды мүдделеріне өкілдік етуімен толықтырылады. Бұл шара конституциялық іс жүргізу аясында мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуге мүмкіндік береді, — деді сенатор.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов нотариустарда дербес деректерді қорғау тетіктеріне қатысты түсінік берді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
