Қазақстанда ең төменгі жеткіліктілік шегін (ТЖШ) есептеудің жаңа әдістемесі енгізілуі мүмкін. Бұл өзгеріс болашақта азаматтардың жинақтаушы зейнетақысын ұлғайтып, тұрақты төлем деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл туралы «БЖЗҚ» АҚ баспасөз қызметі мәлімдеді, – деп хабарлайды KAZINFORM
Қордың түсіндіруінше, қазіргі ТЖШ әдістемесінің бірнеше әлсіз тұсы бар. Атап айтқанда, ол ұзақмерзімді макроэкономикалық болжамдарға тәуелді және болашақта міндетті зейнетақы жарналарының тұрақты аударылатынына кепілдік бермейді. Соның салдарынан бүгінгі жеткіліктілік шегі болашақ зейнетақының жеткілікті болуын толық қамтамасыз ете алмайды.
Қолданыстағы жүйе бойынша азамат ТЖШ-дан асатын қаражатын пайдаланғаннан кейін де зейнетақы жарналарын тұрақты төлейді деп есептеледі. Алайда іс жүзінде жарналардың уақытылы аударылмауы немесе мүлде тоқтауы мүмкін.
Жаңа әдістеме осы тәуекелдерді азайтуға бағытталған. Ұсынылған тәсілге сәйкес, ТЖШ-дан жоғары соманы алғаннан кейін азаматтың болашақ жинақтаушы зейнетақы мөлшері медианды жалақының кемінде 40%-ы деңгейіне жуықтайды. Қазір медианды жалақы көлемі 339 912 теңге.
Сонымен қатар жаңа жүйеде ТЖШ мөлшері көптеген макроэкономикалық көрсеткіштердің жыл сайынғы өзгерісіне тәуелді болмайды. Ол халықтың демографиялық деректері мен ұзақмерзімді факторлар негізінде есептелмек.
БЖЗҚ мәліметінше, ТЖШ көлемі бұрынғыдай азаматтың жасына байланысты анықталады: зейнеткерлік жасқа жақындаған сайын жеткіліктілік шегі де жоғары болады.
Қор өкілдері бұл өзгерістер халықаралық стандарттарға жақындауға және азаматтардың зейнетке шыққан кездегі табысының жеткілікті болуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сондай-ақ зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігі сақталады. Бірақ қаражатты алу талаптары болашақтағы тұрақты зейнетақы төлемдерін ескере отырып қайта қаралады.
Осыған дейін Тимур Сүлейменов БЖЗҚ-дан қаражат алу шегінің тәсілдерін қатаңдату қажет екенін айтты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
