Жексенбі, 05 мамыр, 09:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Жалдамалы пәтер жекешелене ме?

02.12.2023

230 0

Сурет: qamshy.kz

Осыдан бес жыл бұрын, 2019 жылы елімізде жастар жылына орай жұмыс істеп жүрген жастарға жалдамалы үйлер көптеп салынғаны белгілі. Бұл игі бастама әсіресе үлкен қалаларда жұмыс істеп жүрген жастарды қуанышқа бөледі. Арман қуып Астанаға барған жастар бір пәтерге қол жеткізгеніне қуанғаннан бөркін аспанға атты.

Жалпы жастардың баспаналы болуына мем­лекеттің қамқорлық жасауы әлемде бірқатар дамыған елдердің тәжірибесінде бар. Мәселен, Швецияда жастардың үй алуы үшін жеңілдіктер мен субсидиялау қарастырылған. Германияның бірқатар аймақтарында жас отбасылар үшін тұрғын үй қаржысын субсидиялау бағдарламасы жүзеге асады. Канадада алғашқы үй бағдарламасы аясында қаржылай қолдау білдіру және арендалық төлемді субсидиялау жеңілдігі бар. Жапонияда да жастардың баспаналы болуына жеңілдіктер қарастырылған. Елде жастар үшін арнайы арендалық үйлерді пайдалануға беру игі бастама, жақсы жаңалық болғаны рас.

Дәл сол кезде қуанған жастардың бұл да уақытша пәтер екенін ойлап жатуға шамасы болмады десек, артық айтқандық емес. Себебі пәтерден-пәтер жағалап, бар табысын қуықтай орын үшін жұмсайтын жастар бұл жалдамалы үйді «өз үйім – өлең төсегім» деп қабылдап, тіпті жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қоныстой да жасады десек, сөзіміз өтірік болмас. Міне, содан бері де зырғып бес жыл өте шығыпты. Бес жыл ішінде не өзгерді? Жас отбасылар бұл уақыт ішінде үй алу­ға ақша жинап үл­герді ме? Мұндай мүмкіндік болды ма? Енді жылы орнын суытып қайда барады? Жалдамалы үйде тұрып жатқан жастардың жайын мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев қайта-қайта көтеріп жүр.

– 2019 – Жастар жылында жұмысшы жастарға берілген жалдамалы пәтерлер бүгінде жастардың басты мәселесіне айналды. 2019 жылдан бері Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жал­дамалы пәтерге орныққан жас­тардың саны 10 мыңға жуықтады. Бұл аудан халқымен парапар екенін ескерсек, мәселеге назар аудару керек.

Бұл жастарға өз баспанасын алу үшін қаржы жинауға берілген үлкен мүмкіндік еді. Алайда Үкімет бұл бағдарламаны қабылдағанда өзге де факторларды ескеруді назардан тыс қалдырған сыңайлы. 2019 жылы баспана алған жастардың пәтерді босатуына да бір жылдан аз уақыт қалды. Бүгінде мегаполистердегі жастардың далада қалу қаупі жоғары», – деді Дәулет Мұқаев.

Депутат 2019 жылы баспана алған жастар коронавирус пандемиясына тап болып, 42500 теңгеге қарап қалып, үй алуға ақша жинай алмағанын алға тартады.

– Бағдарлама алғашында 5 жылға берілсе, кейінгі жылдары 3 жылға тағы қысқарды. Бүгінде елімізде инфляция деңгейі де шарықтап, үй бағасы жылдан-жылға өсті.

Біріншіден, қымбатшылық қыспаққа алып, баспанаға қаржы жинаудан күнкөріс мәселелі алдыңғы орынға шықты.

Екіншіден, Жастар саясаты туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, жастар санаты 29 жастан 35 жасқа дейін өсті. Сәйкесінше, үй алған жастар бүгін де жастар санатынан шықпады. 5 жылда балалы болған жастар қаншама? Олар шиеттей бала-шағамен қайда бармақ? Ал елде жастарға арналған бірыңғай мемлекеттік баспана бағдарламасы жоқ.

Үшіншіден, жалдамалы пәтер алған жастар өзге де мемлекеттік бағдарламалар мен үй кезегінде тұру мүмкіндігінен айырылған. Ақ­шасын жинап отырған жастар басқа бағдарламаға қатыса алмаса, қалай баспаналы болады?

Төртіншіден, бүгінде Қазақстанда баспана алуға тиімді бағдарлама жоқтың қасы. Мен бұл мәселені бірінші сессияда да көтерген едім. «7-20-25» – аты бар, заты жоқ бағдарлама. Ал Отбасы банк арқылы 50% бастапқы жарна жинау 5 жылда мүмкін де емес. 2019-2020 жылдардан бері нарықтағы үй бағасы екі есе өсті», – дейді депутат.

Мәжіліс депутаты жастарға осы үйді әрі қарай жеңіл­детілген несиемен сатып алуға жағдай жасау керегін айтады.

Жастарға кемі 10%-дық бастапқы жарӨнамен өздері тұрып жатқан баспанасын са­тып алуға мүмкіндік  беру мәселелесін қарастыруды сұраймын және нарықтағы «Елорда, Алматы жастары» ипотекалық бағдарламалары секілді пайыздық мөлшерлемесі де 5%-дан аспауға тиіс», – дейді Дәулет Мұқаев.

Депутат жалдамалы үйлерді тиімді бағдарламамен беру керектігін айтады. Мұндағы тұратын жас отбасылар да тегін сұрап отырмағанын жеткізді.

Бұдан бес жыл бұрын талай жасты қуанышқа бөлеген арендалық үйдегі жастардың енді қайда баратыны мәселеге айналғалы тұр. Депутат сауалына әзірге ресми орындар нақты жауап бермеген сыңайлы. Шынында, бес жылда үй алуға мүмкіндігі болмаған жас отбасылар тағы да үйсіздердің санын көбейте ме? Мәселе қалай шешілмек? Бұл тақырып әлі жабық күйінде қалып отыр.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: