Облыстық дін істері басқрмасы мен ҚАЖ департаменті №60 мекемесінің ұйымдастыруымен сотталғандар арасында радикалды идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыру және радикалсыздандыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру және қарсы насихаттау жұмыстары негізінде деструктивті діни ағымның алдын алу мақсатында «Нұр-Мубарак» университеті жанындағы «Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл академиясының» директоры, «Нұр-Мубарак» университетінің ұстазы, РАТТ мүшесі Нүсіпханов Тимур мекемедегі жазасын өтеушілермен кездесті. Кездесу барысында Т.Нүсіпханов «Сабырлылық пен мейірімділік» тақырыбында түсіндірме жұмысын жүргізді.
Т.Нүсіпханов өз сөзінде: «Ислам сабырлылық пен мейірімділікке негізделген дін. Әрбір мұсылман біріншіден басына іс түскен кезде сабырлы болуға және өзгелерге мейірімді болуы керек. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өз хадисінде «Сабырлылық – жәннәтің кілті», – деген болса, тағы бір хадисінде: «Жер бетіндегі барлық жаратылысқа мейірімділік етіңдер, көктегілер (періштелер) де сендерге мейірімділік етеді», – деген. Демек, мұсылман адамының бойынан әрдайым сабырлылық пен мейірімділік деген қасиет табылуы керек. Сіздер де осы бір қиын сәтте сабырлық танытып, бір-бірлеріңізге мейіріммен қарасаңыздар Алланың алдында сүйікті құлдардан болатындарыңыз сөзсіз», – деді.
Кездесу соңында жазасын өтеушілер өз көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Алдағы уақытта да осындай кездесулердің болып тұрғандығын қалайтындарын жеткізді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!