Жұма, 27 желтоқсан, 00:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Мектепке дайындық: қанша қаражат керек?

23.08.2022

909 0

Тамыздың аяқталуына санаулы күндер қалды. Осы айда қалың жұрт балаларын ертіп, базарға барып, мектеп формасын дайындап жүр. Себебі қоңырау соғылып, мектеп есігі оқушыларға айқара ашылар күн де жақын.

Биыл қымбатшылық қалтаны қысып тұр. Азық-түлікпен қатар, күннен-күнге оқу құралдары мен мектеп формасының бағасы өсіп жатыр. Мәселен, бір жыл ішінде кеңсе тауарлары 9,9 пайызға, мектеп формасы 25-30 пайызға қымбаттаған. Кейбір кісілер дәптер қымбаттайтынын естіп, ерте бастан алып қойып қамданған. Айтса айтқандай дәптер бағасы шарықтап кетті. Бұрынғы 5  теңгенің дәптерінің құны артып тұр. Осыдан ақ әр баланы мектепке дайындауға аз шығын кетпейтінін бағамдауға болады.

Зерттеулерге сүйенсек, Қазақстанда төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған 487,6 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар. Отбасындағы әрбір балаға берілетін жәрдемақы мөлшері айына – 12 252 теңге. Қазір білім сапасы, оқу құралдарының қымбаттауы ең өзекті мәселе. Себебі көпбалалы отбасы үшін әжептеуір салмақ.

         «Жаңа оқу жылында мектеп формасына қойылатын талаптарға өзгеріс енгізілмейді. Мектеп формасына қойылатын талаптар министрліктің 26-бұйрығына сәйкес сақталуда» – деген еді Оқу ағарту министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев. Сонымен қатар ата-аналарға мектеп формасын отандық өндірушілерден сатып алу ұсынылуда. Ал сатып алатын өндіруші мен сауда орталығын ата-аналар өздері таңдайды.

         Қымбатшылық қалтаны қысып тұрғанда бағасы мен сапасы үйлесетін киім-кешек пен құрал-жабдықтарды түгендеу оңай емес. Бір баланы мектепке киіндіру мен қажетті заттарын алу үшін қанша теңге керек? Белгілісі, базар бағасы былтырғыдай қымбат. Сонымен бір отбасында балаларын киіндіру үшін қанша қаржат керек?  Базар бағасын  бағамдап қайттық. 

Қазір барлық мектепке бірдей форма енгізілген жоқ. Себебі ата-ана қалтасына қарай формамен киіндіруге болады. Бірқатар мектептер ақ кофта мен қара немесе көк белдемшені таңдаған. Базарда қыздарға арналған ақ кофта 3500 теңгеден басталып, 10 000 теңгеге дейін барады. Қымбатын алам дейтіндерге одан да жоғары баға да бар. Ұлдардың ақ жейдесі де осы бағада сатулы. Белдемше ескі базар аумағында 3000 – 8000 теңге аралығында болса, сапасы жақсысы  жеке дүкендерде 10000 – 14000 теңгеге дейін барады. Жай базардың өзінде «түріктің» ақ жейдесі қымбатқа сатылып жатыр. Қыздардың спорттық киімінің арзаны 10 мың, сапасы жақсысы 25 мың теңге, ал ер балалардың костьюм-шалбары 15 мыңнан жоғары.

Қымбатшылықты сатушылар да мойындайды. Тауарды көбіне  Қырғызстан, Қытай, Түркиядан әкеледі. Бүгінде орташа бағадағы Қырғыз елінің киімдеріне сұраныс көп. Ал Түркия киімдерін тек қалтасы көтеретіндер алады.

Ата-аналар ең болмаса баласының сапалы аяқ киім кигенін қалайды. Күнделікті киетін туфли, спорттық аяқ киімдер сапалы болғаны жөн. Дегенмен олардың да ең арзаны 7-8 мыңнан басталады. Ал сапалысы қалтаға әжептеуір салмақ. Бағасы 15 мыңнан асып түседі.

Сонымен баланы мектепке дайындау үшін қанша тұратынын орташа есептеп көрдік, нәтижесінде мектеп формасына 15 мың теңге, екі аяқ киім – 15 мың, спорттық киім – 12 мың, кеңселік тауар мен сөмке орта бағамен 15 теңгеге барады. Қорыта келгенде, бір баланы мектепке дайындау үшін кемінде 60-70 мың теңге қаражат болуы қажет. Ал, көпбалалы отбасындағы шығынды есептегенде көпке түсері анық. Себебі үш-төрт баласы мектепке баратын отбасылардың ақшасы есепсіз кететіні белгілі.

Мектепке дайындық: қанша қаражат керек?

Осы орайда, бұрын бір-біріміздің киімді киіп жүретін едік деген ой келеді. Ал қазіргі балаларда ондай түсінік жоқ. Барлығы қатардан қалғысы келмейді. Одан бөлек бір жылға алынған киім бір жылда тозып қалады. Сапасыз болғандықтан шығар. Баланы бағып-қағу, киіндіру әрбір ата-ананың міндеті. Сондықтан әр баланың қалауын орындап, шамасы келгенше мектепке дайындап жүр. Базардағы баласын ерткен ананың бір ғана ниеті –қатардан қалмау. Қымбатшылықтың әсерінен қалтасындағы соңғы қаржыға бала алдындағы парызын орындаймын деп те жүр. Кейбірі несиеге алып жатыр. Амал жоқ.

Айтолқын Айтжанова

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: