ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұйымдастыруымен ғылым және жоғары білім саласындағы баспасөз хатшыларына арналған «UniMediaX25» республикалық семинар-тренингі өтті. Екі күнге созылған шараның басты мақсаты – ғылым және білім саласындағы баспасөз қызметі өкілдеріне медиа және коммуникация саласындағы заманауи әдіс-тәсілдерді үйрету, тәжірибе алмасу және олардың кәсіби біліктілігін арттыру.
Семинарға еліміздің 35 жоғары оқу орны мен ғылыми зерттеу институттарының баспасөз қызметкерлері қатысты. Олардың қатарында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің медиа орталығының маманы Нұрай Зинадуллақызы да болды.
Іс-шараның ресми ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөз сөйлеп, баспасөз хатшыларының кәсіби деңгейін көтеру мен тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бұл жиынның маңыздылығын атап өтті.
Семинар барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов, сондай-ақ «ZERDELI» ақыл-ой дамыту орталықтары мен мектептер желісінің негізін қалаушы Ырысбек Мәуіт сөз сөйледі.
“Семинар-тренинг баспасөз хатшылары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Қазіргі медиа саласының өзгерістеріне бейімделуге, жаңа кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік берді. Жас маман ретінде үлкен тәжірибе мен жаңа білім алдым”, – деді Нұрай Зинадуллақызы.
Тренинг барысында қатысушылар пікір алмасып, интерактивті сессияларға қатысты. Сондай-ақ Астана қаласындағы жетекші жоғары оқу орындарының жұмысымен танысты.
Шара соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.
«UniMediaX25» республикалық семинар-тренингі – Қазақстандағы ғылым және білім саласындағы медиа-коммуникациялық қатынастарды жақсартуға, сондай-ақ осы саладағы мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған маңызды бастама.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!