Жұма, 22 қараша, 21:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Ұстаз шырағы сөнбейді

07.10.2023

555 0

Мұғалім – барлық  мамандық   иесін  оқытатын, зердесін ашатын болашағына жөн сілтейтін жан. Сондай-ақ білім алушыға тәр­бие беретін екінші ата-ана. Ол өзінің берген  тәрбиесі арқылы  әрбір  жан­ның  өміріне  жол көрсетеді. Бүгін ұлағатты ұстаз 40 жылдан астам білім саласында маңдай термен еңбек етіп, оқушыларына бағыт-бағдар көрсеткен жоғары санатты математика пәнінің мұғалімі Ақпейшен Омашова жайлы сөз қозғамақпыз.

Ақпейшен Омашова 1936 жыл­дың 11 сәуірінде  Қызылорда об­лысына қарасты Сырдария ауда­нының №14 ауылдық кеңесіне қарасты 1 Май ауылында дүниеге келген. Қазіргі Шиелі ауданының Сұлутөбе ауылдық округіне қарасты мекен. Ол кісі 1952 жылы ауылдағы Орджоникидзе орта мектебін күміс медальмен бітіріп, Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетіне оқуға түскен. 1956 жылы мамандығын үз­дік бітіріп, сол жылы мұғалім қыз­метіне жұмысқа орналасқан. 

Ұлағатты ұстаз еңбек жолын 1956-1996 жылдары аралығында атқарды. Ол өзінің мамандығын шексіз сүйіп қана қоймай, өмір бойы жинаған тәжірибесімен бөлісе білген ұстаз. Өзінің еңбек сүйгіштігінің арқасында құрметке бөленгенін әрі қандай ұстаз екенін 1 май мектебінің түлегі Ақылтай Жаппасбаев айтып берді.

– Адам дүниеге тек келіп-кете бермейді. Менің ұстазым артында ой қалдырып қана қоймай, ойдан мұра қалдырған жан. Аймақтың айдарында аты қалған ұстаз. Мысалы, жай ұстаз хабарласа, жақсы ұстаз түсіндіреді, ал керемет ұстаз қалай жасау керегін үйретсе, ұлы ұстаз шабыттандырады де­гендей ұстазым өте тамаша жан болған. Бабамыз Әл-Фарабидің «Жақсы әйел әмбе жұрттың ана­сындай», «Жақсының аты өл­мейді» деген нақыл сөзі менің ұстазыма арнап айтылғандай. Ол өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, қызметіне адал жан. Келешек ұр­пақты тәрбиелеу жолында өзінің бойындағы бар қажыр-қайратын сарп етіп, өмірлік кәсібі жолында, антына адалдығын танытқан бекзат мінезді, ақылды және еңбекқор тұлға болған. Сондай-ақ өз ісіне деген сүйіспеншілікті оқушыға деген сүйіспеншілікпен ұштастыра білген ұстаз, – дейді  шәкірті Ақылтай Жаппасбаев.

Шәкірті ұстазының көпшіл, ақжарқын мінезді және айналасына нұрын шашып жүретінін жеткізді.

Ұлағатты ұстаз Ақпейшен Омашованың жеткіншек ұрпақты оқыту және тәрбиелеуде еңбегі еле­ніп, марапаттар да алған.

Атап айтқанда, «Қазақстанның еңбегі сіңген халық ағарту ісінің қызметкері», «ҚР білім беру ісінің үздігі» құрметімен марапатталған. Сондай-ақ 1981 жылы «СССР ағарту ісінің озығы», «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озығы» мәртебелі атағы мен Білім және ғылым министрлігінің көптеген марапатына ие болған.

– Ақпейшен апай мейірімді, жана­шыр ұстаз. Ол үйреткен білі­мін баланың бойына сіңіріп, әр оқушының үлкен өмірге білімді, білікті азамат болып атануына зор үлес қосты. Халқымыз бекер айтпаса керек «ақылды әйелдің құрсағында алтын бесікті перзент жатыр» деп. Себебі ұстазым перзенттерін өнегелі, тәрбиелі етіп өсірді. Шүкір, барлығы жоғары білімге қол жеткізіп, бүгінде өз орындарын тапқан елге сыйлы азаматтар, – деді шәкірті.

Ақпейшен Омашованың қызмет барысында оқушыларға қалай сабақ бергенін, мұғалімдерге қандай үлгі-өнеге көрсеткенін қызметтегі әріп­тесі, қазіргі ардагерлер төрайымы Сайлаукүл  Демесінова айтып берді.

– Ол кісі сұсты адам еді. Қасына жолауға қорқатынбыз. Кейіннен жақсы танып білгенде өте ақкөңіл, мейірімді, ақ пейілді жан екенін білдік. Алғаш Ақпейшен апайдың сабағына қатысқанымда ол кісі балалардың жауапкершілікті се­зінуі үшін оқушыларды тақтаға шығаратынын байқадым. Бір күні педагогикалық кеңес отырысында жақсы оқитындар мен нашар оқи­тындарды бөлек оқытуды ұсынып, өзіне нашар оқитын балалар сыныбын алатынын айтты. Алайда қолымды көтеріп оқуы төмен балалар класына жауапкершілікті өзім алатынымды жеткіздім. Осылайша нашар оқу­шыдан білімді азаматтарды шы­ғардым. Әрине, бұның барлығы Ақпейшен апайдың арқасы. Ол әр сабағыма қатысатын.

Одан бөлек бізде мектепте әдіс бірлестігі болған. Оның бастығы ұстаз Ақпейшен апай әр әдіс бірлестігінде маған тапсырма беру арқылы тәрбиелеп, шыңдалуыма көмектесетін. Осылайша мықты методист маман болдым, – дейді бастауыш ардагерлер төрайымы Сайлаукүл  Демесінова. 

Ақпейшен Омашова  қызметімен қатар кәсіподақ ұйымының басшысы да болды. Кез келген қоғамдық жұмысқа белсене қатысқан ұстаз қызметтегі әріптестеріне сый­лы әрі үлгілі болғанын жеткізді. 

Ұстазға еліктеп өскен, үлгі тұтқан оқушылары ғана емес, қызметтегі әріптестері де қызыға қараған. Осындай білімді, білікті маманның ата-аналар мен оқушылардың құрметіне бөленген ұстаз отбасында адал жар, ардақты ана, немерелерінің  сүйікті әжесі әрі үлкен әулеттің ұйытқысы болған.   

Н.АЛТЫН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: