Сейсенбі, 21 сәуiр, 01:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№29 (2241)
21.04.2026
PDF мұрағаты

Бизнес спортқа инвестиция сала бастады

21.04.2026

41 0

Су жаңа стадионға жиналған жұрт «Қай­сар бүгін ұтады, міне, бүгін гол соғады» деген үмітпен жиналады. Ел сенім артқан жергілікті қызыл қасқырлар бүгінде кестеде 13-орынға жайғасқан. 2027-2028 жылғы еурокубок маусымына жолдама алу үшін таласқан командалар көш басынан көріну­ге жанталасып жатыр. Осыдан біраз күн бұрын әлеуметтік желілерде «Қайсар» футбол клубының қаржылық мәселесіне қатысты даулы ақпарат шыққан болатын. Мәселе­нің әлқиссасын әріден бастасақ.

2024 облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы лот жариялап, сол жылғы футболға 1,6 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсау жоспарланды. Ал өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев халыққа есебінде клуб директоры 5 млрд теңге қаржы  сұрағанын, алайда әкім футболға ақшаны әлдеқайда аз бөлетінін сол кезден бастап мәлімдеген еді.

– Сырттан келген ойыншыларға босқа ақша төлегеннен гөрі тұрғындарға пайдалы маңызды жобаларды қолға алғанымыз жөн. Маған да клубтың басшысы келіп, «қаражатты көбейтсек, бұдан да жақсы нәтиже көрсетеміз, бірінші орын аламыз» дейді. Бюджеттен 5 млрд теңге бөліп, бірін­ші болмай-ақ қойдық дедім. «Қайсар» – бюджеттен ең аз қаражат қарастырылған команда, мен оны мойындаймын. Бюджеті жағынан ең төменгі орында тұрғанымыз анық. Бірақ сол ақшаны ауылдарда спортты дамытуға бөлгеніміз дұрыс, – деді облыс әкімі.

Иә, бүгінде өңірімізде спорт саласын қарқынды дамыту аясында жұмыстар ауқымды. Мәселен, соңғы төрт жылда аймақ басшысы­ның қолдауымен 24 заманауи спорт кешені пайдалануға берілген екен. Сол жағалауда­ғы «Теннис орталығы», ерекше қа­жеттілігі бар жандарға арналған «Инклюзивті спорт орталығы» секілді ны­сандар ел игілігіне берілді. Сонымен бірге көпбейінді «Қызылорда Арена» спорт кешені де салынуда. Онда олимпиадалық стандартқа сай 50/25 метрлік жүзу бассейні және олимпиадалық спорт түрлеріне арналған жаттығу залы қамтылған. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Бурабайда өткен Ұлттық құрыл­тайда барлық облыстарда спорт инфра­құрылымын, соның ішінде стадиондар мен спорт кешендерін салу мәселесіне ерекше тоқталған еді. Тапсырма берілген соң аймақ басшысының ұйымдастыруымен 11 мың орындық «Kaysar Arena» стадионы бой көтерді. Қазір жаңа стадион УЕФА классификациясы бойынша IV  санатқа ие. Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет «Kaysar Arena» сияқты басқа өңірлердегі стадиондардың шығындары шамамен 600 млн теңгеден жоғары екенін, өңірдегі осы стадиондар талан-таражға түскен, үнемделген, қайта­рылған қаражат есебінен жасалғанын жеткізді. Сонымен бірге ол «Қайсар» футбол клубының қаржылық мәселесіне тоқталды.

– 2019 жылы облыстық бюджеттен жергілікті клубқа  салыстырмалы түрде 4 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген еді. 2020 жылы клубқа облыстық бюджеттен 2,6 млрд бөлінсе, 2021 жылы 1,6 млрд теңге бөлініп командаға 9 легионер алынды. Алайда бәсекелестіктің жоғары болуы және футболшылардың кәсіби деңгейінің төмендігі салдарынан жергілікті команда чемпионатта 19 ұпай еншілеп, турнирлік кестеде 13 орынға жайғасып, бірінші лигаға төмендеді, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Нұрлыбек Машбекұлы 2022 жылы облысқа басшы болып келгеннен кейін  жергілікті команданың премьер-лигаға өтуіне тиісті талаптар қойып, 605 млн теңгемен жергілікті команда бірінші лигада ойын өрнегін көрсетіп жүрді. Одан соң 2023 жылы Қайсарға облыстық бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлініп, жергілікті команда қойылған талап нәтижесінде бірінші лигадан премьер-лигаға өтті.

Кәсіби спортта басқарудың жаңа тәсіл­деріне көшу тиімді әдіс ретінде саналады. Президент тапсырмасына сәйкес, елімізде алғашқылардың бірі болып қызылордалық «Қайсар» футбол клубы 2025 жылдың соңында жеке басқаруға өтіп, клуб Ислам­ғали Қозбақовқа берілді. Бұл қадам отандық спортты нарықтық модельге көшіру­дің нақты көрінісі еді. Клубтың жеке инвес­тор басқаруына өтуі бір күнде нәтиже бермей­тіні анық. Әлемдік тәжірибеде мұн­дай трансформация кезең-кезеңімен жүзеге асады.

Осы ретте, облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет алдағы 5 жыл бойы жергілікті клубқа облыстық бюджеттен бел­гілі бір көлемде қаржы бөлінетінін айтты.

– Алдағы уақытта қаражат көлемі кезең-кезеңімен азайып, бес жылдан кейін облыстық бюджеттен қаржыландыру толық тоқтатылады. Биыл жергілікті клубқа бө­лінген қаржы 200 млн теңгеге дейін қыс­қартылып, 995 млн теңгеге  мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес конкурс өткізіліп, облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, «TAU Group LTD» жеңімпаз атанған, –  деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Жекешелендірудің басты артықшылы­­ғы – салаға жеке инвестицияның келуі. Бүгін­де инвестор тарапынан 18 млрд теңгеге зама­науи футбол академиясының құрылысы жүр­гізі­луде. Қазір жұмыс қарқын алып биыл негізгі база мен жаттығатын 3 алаң күз айла­рында пайдалануға беру жоспарланған. Жоба аясын­да 7 толық өлшемді және 2 бала­лар алаңының құрылысы, сонымен қатар жабық манеж бен ойыншыларды қалпына келтіруге арнал­ған медициналық орталық қарасты­рылған. Ал то­лық кешен 2027 жыл­дың соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Клуб иесі Исламғали Қозбақовтың айтуынша, ойын жүйесін дұ­рыстап, академияны салып, жүйеге қойып, 5-10 жылдық өсім­ге бағытталған стратегия құру.

– Қайсар футбол клубы жеке меншікке өт­кенімен, бұл халықтың клубы. Команданың ойынына байланысты мәселелер жоқ емес. Футбол академиясын салуды бастап, жас ойыншыларды әлемдік деңгейге шығарып, мықты команда құруды мақсат етіп отыр­мыз. Қазір жаңадан бапкер келді. Жастардың қызығушылығын ояту үшін шетелден жал­дамалы ойыншы да әкелдік. Академия қа­­бырғасынан тәрбиеленіп шық­қан спорт­шылар болашақта жергілікті «Қайсар» фут­бол клубын биік шыңдардан көрсетеді деп нық сеніммен айта аламыз, – деді клуб иесі.

Жарты ғасырдан астам тарихы бар «Қайсар» – тек футбол клубы емес, аймақ бренді. Осы уақытқа дейін 35 бапкер жат­тықтырған Қайсар командасы бюджеті ең төмен клубтардың бірі. Бұрынғыдай мил­лиардтаған қаржы жұмсау тәжірибесі қайта қаралып, тиімділік бірінші орынға шығып отыр. Ең маңыздысы, енді негізгі даму жүктемесі жеке инвесторға беріліп, нарықтық модельге жақындауда. Бизнес спортқа инвестиция сала бастады. Бұл қадам отандық футболдың дамуына соны серпін бермек. Айта кетейік, «Қайсар» футбол клубының 2020 жылдан бастап қалыптасқан 753 млн, теңге қарызының қазіргі уақытта жартысы жабылды.

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: