Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласына цифрлық технология мен жасанды интелектіні жедел енгізуді тапсырған еді. Әлем жаңа технологияға қадам басты. Оның басты белгісі – инновацияның қарқынды дамуы мен жасанды интелектінің өмірге дендеп енуі. Енді білім беру ұйымының міндеті – жаһандық үрдіске бейімделіп, білім беру жүйесінде цифрлық технологияның қарқынын үдету. Цифрландыру мен жасанды интелектіні игеру білім саласындағы қиындықты еңсеріп, оқу сапасын арттыруға жол ашады.
Осы міндетті орындау мақсатында Н.Ергешбаев атындағы №172 орта мектепте «Сөз бен сана синтезі: көркем әдебиет пен жасанды интеллектті STEM пәндерінде кіріктіру арқылы білім сапасын арттыру» тақырыбында қалалық семинар өтті.
Семинарға облыстық оқу орталығының өкілдері, қалалық білім бөлімінің әдіскерлері, математика, физика, информатика пәнінің мұғалімдері қатысты. Іс-шараның мақсаты – білім беру үдерісінде пәнаралық ықпалдастықты дамыту, көркем әдебиет пен жаратылыстану пәнімен жасанды интеллект мүмкіндігін үйлестіру арқылы оқушылардың ойлау қабілетін, шығармашылық әлеуетін және сауаттылығын арттыру.
Жиында сөз алған қалалық білім бөлімінің әдіскері Аян Оңдасынов семинар жұмысына сәттілік тіледі. «Жасанды интеллект пен кітап мәдениеті болашақ білімнің көкжиегі» тақырыбында математика, физика және информатика пәні мұғалімдері жасанды интеллектінің көмегімен ашық сабақ өткізді.
Шеберлік сағаттары қала педагогтарының кәсіби шыңдалуына, өзара тәжірибе алмасуына, білім берудің жаңа трендтерін игеруіне негіз болмақ.
Бүгінде тәжірибе алаңына айналып, өз шеберлігін қала мектептерінің мұғалімдеріне үлгі етіп отырған Н. Ергешбаев атындағы №172 орта мектеп 2023 жылдан бастап «Оқитын мектеп – табысты мектеп» жобасы аясында облыстық тірек мектеп ретінде жұмыс істеп келеді.
– Жоба шеңберінде мектеп ұжымы көркем әдебиетті оқу мәдениетін қалыптастырумен қатар, оны жаратылыстану пәндерімен кіріктіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, ғылыми кітапханалар мен бірлескен облыстық семинарлар, вебинарлар, шеберлік сыныптары, республикалық челлендждер мен тәжірибе алаңдары ұйымдастырылып, педагогтардың кәсіби дамуына серпін берілуде. Жүйелі жұмыс нәтижесінде білім берудің мазмұны тек ақпарат берумен шектелмей, оқушының ойлау, сезіну, талдау және тұлғалық қалыптасу үдерісін қамтитын кешенді жүйеге айналып отыр. Көркем әдебиет пен жаратылыстану пәндерін кіріктіру – оқушылардың тұтас ойлау қабілетін дамытуға мүмкіндік беретін тиімді тәсіл ретінде қарастырылуда, – дейді мектеп директоры Мария Байділдаева.
Семинар бағдарламасы аясында зияткер педагогтар арасында «Digital Science: Сандық ғылым» атты зияткерлік сайыс ұйымдастырылды. Сайысты Қорқыт ата атындағы университетінің «Кітап құрттары» кітап клубының жетекшісі Әмір Ізбасар өткізді. Жарыс педагогтардың логикалық ойлау қабілетін және командалық жұмыс дағдысын дамытуға бағытталды. Семинардың тәжірибелік бөлігінде №172 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Мәрзия Аяпова «Идеядан іске асыруға дейін» тақырыбында TEDx форматында өз тәжірибесін ортаға салып, білім беру саласындағы инновациялық идеясын ұсынды.
– Біздің жобамыз «Білім туралы» заң мен білім беруді дамыту бағдарласына сүйене отырып, оқушылардың оқу сауаттылығын арттыруға, рухани дамуына және ұлттық құндылықты дәріптеуге бағытталған.
Кіріктірілген сабақтарда әр пән мұғалімі көркем әдебиетті сабақ мазмұнымен ұштастыра отырып, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруға жұмыс жасады. Мысалы, математика сабағында Ы.Алтынсариннің шығармалары қолданылды. Информатикада Абай Құнанбайұлы қара сөздері пайдаланылды. Ал жылжымалы тақта «Quiz Doda» – логикалық және сыни ойлауды дамыту, «Bilgen Doda» – ойын арқылы білімді меңгерту. Бұл жобалар оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, белсенділігін күшейтіп, білім сапасын жақсартуға ықпал етті.
Жобаның тиімділігінің нақты дәлелі білім сапасы 60,6%-дан 61,5%-ға өсіп, грант иегерлерінің саны да артты. Ең бастысы, кітап оқитын, ойлайтын, саналы ұрпақ қалыптастыруға жол ашты, – дейді М. Аяпова.
Жиын соңында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды.
Ұстаздардың тәжірибесін шыңдаған семинар – білім беру жүйесіндегі өзекті бағыттың бірі пәнаралық интеграция мен цифрлық технологияны тиімді пайдаланудың жолын көрсетті. Іс-шара нәтижесінде педагогтар жаңа әдістемелік идея алмасып, оқыту сапасын арттыруға бағытталған нақты тәжірибелерді өздерінің сабақ барысында қолдануға негіз қалады.
Бетті дайындаған Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!