Сейсенбі, 21 сәуiр, 01:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№29 (2241)
21.04.2026
PDF мұрағаты

Ерлан Кәрімов, экономист, тәуелсіз сарапшы: Қағаздағы өсім халықтың қалтасына жетпей жатыр

21.04.2026

40 0

Бүгінгі жаһандық құбылыстар мен экономикалық тұрақсыздық кезеңінде Қазақстан экономикасының сыртқы факторларға тәуелділігі мен ішкі түйткілдері қоғам талқысынан түспей тұр. Ресми статистикадағы экономикалық өсім мен халықтың нақты сатып алу қабілеті арасындағы алшақтық неден туындады? Инфляция мен салық саясатындағы өзгерістер шағын және орта бизнеске қалай әсер етпек? Осы және өзге де өзекті сауалдар төңірегінде белгілі экономист, тәуелсіз сарапшы Ерлан Кәрімовпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Қазақстан экономикасы сыртқы факторларға қаншалықты тәуелді және бұл тәуелділікті азайту үшін қандай нақты қадамдар қажет?

– Экономикамыз бастан өткерген түрлі сын-қатерлер еліміздің көптеген тауар мен қызметке, соның ішінде медициналық бұйымдар мен жоғары технологияларға деген импорттық тәуелділігін ай­қын көрсетті. Алдағы уақытта орын алуы мүмкін жаһан­дық өзгеріске қаншалықты дайын екенімізді және қауіп-қатерді еңсеру жолын қазірден бастап айқындап алуымыз қажет. Бүгінгі таңда Үкімет атқарып жатқан басым бағыттардың бірі – өндірісті локализациялау, яғни халықаралық компанияларды Қазақстан аума­ғында зауыт-фабрикалар ашуға жұмылдыру. Алайда ірі инвесторлардың келуіне екі негізгі фактор әсер етеді. Біріншісі – демографиялық көрсеткіш. Сала мамандарының пайымдауынша, ірі өндіріс орындарын ашу үшін елдегі халық саны кемінде 40 миллионға жетуі тиіс. Біздің жағдайымызда халық саны әзірге бұл межеден төмен болғандықтан, екінші бағытқа – халықтың сатып алу қабілетін арттыруға баса назар аудару керек. Тұрмыстық қажеттіліктер бойынша импортқа тәуелділіктің деңгейін қарапайым мысалмен-ақ түсінуге болады: елімізде тіс пастасын шығаратын бірде-бір ірі кәсіпорын жоқ. Егер сырттан келетін өнім тоқтаса, күнделікті тұтынатын тауарлар бойынша тығырыққа тірелеріміз анық. Сондықтан шетелдік компанияларды Қазақстанға тарту мен олардың өндірісін ашуға ынталандыру стратегия­лық маңызға ие. Бұл ретте макроэкономикалық факторлардың тұрақтылығы шешуші рөл атқарады. Ең алдымен, инфляция деңгейін төмендетіп, бағаны ауыздықтау, сондай-ақ ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар еліміздің салық режимі көршілес мемлекеттер­мен салыстырғанда бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Мәселен, Қазақстанда қосылған құн салығы 16 пайыз болса, көрші елдерде бұл көрсеткіш 12 пайыз дең­гейінде қалып отыр. Мұндай айырмашылық инвес­тиция ағынының тежелуіне әкеп соғуы мүмкін.

– Елімізде экономикалық өсім болғанымен, халық оның нәтижесін күнделікті өмірде толық сезіне бермейді. Себебі?

– Халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасы бүгінгі күннің басты тақырыбына айналып отыр. Ресми дерек бойынша Қазақстан экономикасы 6,5 пайыздық өсім көрсеткенімен, инфляция деңгейі 12,5 пайызды құрап, бұл көрсеткішті еселеп басып озды. Бұл жағдай экономикалық даму мен нақты халықтың табысы арасындағы алшақтықты айқындап берді. Жанармай мен азық-түлік бағасы күн санап өссе де, жалақының дәл сондай қарқынмен көтерілмеуі халықтың сатып алу қабілетін төмендетуде. Осылайша, экономикадағы оң динамика халықтың өмір сүру деңгейіне айтарлықтай әсер етпей отыр, бұл қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, Жапония, Америка, Ұлыбритания және Аустралиядағы азық-түлік бағаларын Қазақстанмен салыстыру барысында таңғаларлық жайт байқалады. Біздегі көптеген тауар бағасы аталған елдерден арзан емес, тіпті кейбір позициялар бойынша бағалар бірдей деуге болады. Тек ет өнімдерінің бағасы ғана біздің елде біршама төмендеу екені байқалады.

– Инфляция мен бағаның өсуі халықтың тұтыну әдетіне қалай әсер етіп жатыр?

– Осы жағдайға байланысты бүгінгі күннің ең маңызды сауалы туындайды. Инфляция мен бағаның тоқтаусыз өсуі халықтың тұтыну қабілетіне қаншалықты әсер етуде? Біз халықтың әл-ауқаты туралы айтқанда, статистикалық деректер мен шы­найы өмір арасындағы алшақтықты көреміз. Жоғарыда келтірілген көрсеткіштер бір жағынан экономика дамып жатқанын көрсеткенімен, екінші жағынан қымбатшылықтың өсімді жұтып жатқанын білдіреді. Қағаз жүзіндегі экономикалық өсім халықтың нақты өмір сүру сапасын жақсартуға әлі де болса қауқарсыз болып отыр.

– Бүгінде Қазақстандағы шағын және орта бизнесті дамытуға ең үлкен кедергі қандай және ол қазіргі макроэкономикалық қысымға қанша­лықты төтеп бере алады?

– Қазіргі таңда Қазақстандағы шағын және орта бизнестегі мазалайтын басты мәселелердің бірі – салық режимі мен жаңадан қабылданып жатқан Салық кодексі болып отыр. Салық талаптарының қатаңдауы кәсіп иелерінің табысына кері әсерін тигізуі мүмкін, өйткені қосылған құн салығы өсіп, тексеру жиілеп кетті. Бұрын салық режимдерінің түрі көп болса, қазір олардың саны қысқарып жатқаны байқалады, бұл үрдіс алдағы уақытта кәсіпкерлік саласына өз әсерін тигізуі мүмкін.

Мемлекет қолдауы тек қаржы бөлумен шектелмеуі тиіс. Бүгінде ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлерге бері­летін түрлі субсидиялардың мақсат­сыз пайдаланылуы, тіпті жымқыру факті­лерінің жиілеуі үлкен мәселеге айналды. Мұндай тәсіл көлеңкелі экономиканың үлесін арттыра түсетіндіктен, оның ор­нына бизнеске салықтық жеңілдіктер ұсынып, инфрақұрылымдық қолдау көрсету қажет.

Бизнестің дамуына электр қуаты­ның тапшылығы, желілердің тозуы, жол сапасы мен су мәселесі тікелей кедергі келтіруде. Егер мемлекет осы инфрақұрылымдық шығындарды өз мойнына алса, бұл кәсіпкерлер үшін әлдеқайда тиімді көмек болар еді. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығына триллиондаған қаржы бөлінгенімен, оның нақты нәтижесі көрінбей отыр. Мәселен, жуырда Қостанай облысындағы мал шаруашылығына қатысты жағдай статистикадағы мәліметтердің шындық­қа жанаспайтынын көрсетті. Сондықтан бәріне бірдей субсидия бере беру жемқорлық қаупін тудыратын қате тәсіл деп есептеймін.

– Сіздің ойыңызша, Қазақстан эко­номикасындағы ең өзекті мәселе қандай және алдағы жылдары ең үлкен тәуекелдер туралы айтсаңыз…

– Қазақстанның алдында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі ретінде климат­тың өзгеруін атап өтуге болады. Еліміз­дің энергетика саласы әлі күнге дейін көмір жағуға негізделгендіктен, бұл жағдай экологиялық ахуалды қиындата түсуде. Әсіресе, деректерді өңдеу орталықтары сияқты заманауи бағыттардың энергия­ны көп тұтынуы және ескірген техно­логиялардың қолда­нылуы қоршаған ор­таға айтарлықтай зиян келтіріп жатыр.

Климаттық сын-қатерлердің ішінде су мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді. Қазақстан қазірдің өзінде су ресурстарына тәуелді мемлекет ретінде ауыл шаруашылығындағы тапшылықты сезініп отыр. Осы орайда еліміз үшін ең маңызды екі басымдық айқындалады: оның біріншісі – климаттың өзгеруі болса, екіншісі – инфрақұрылымның әбден тозуы. Егер бұл мәселелер уақытылы шешілмесе, алдағы уақытта ұлттық эко­номиканың, соның ішінде өнеркәсіп пен өндіріс саласының әлсіреуіне әкеп соғуы мүмкін.

Сондықтан бүгіннен бастап су ресурс­тарын тиімді пайдалану, жерді ұқыпты игеру және тозған инженерлік жүйелер мен электр желілерін шұғыл жаңарту қажеттілігі туындап отыр. Бұл бағытта атом электр станцияларын салу мәселесін жеделдету және қоқыс өңдеу, қоқыс жағатын зауыттарды іске қосу қажет. Себебі жақында Атырауда полигондағы қоқыс өртеніп, экологияға үлкен зиян келтірді. Ал Еуропа және Азияның дамыған елдерінде қоқыс жағатын зауыттар бар. Олар қоқысты өртеп, одан энергия мен жылу алады, сол арқылы маңайдағы үйлерді электр қуатымен және жылумен қамтамасыз етеді. Ал шыққан күл құрылысқа, жол салуға пайдаланылады. Өкінішке қарай, бізде бар ресурстар әлі де тиімді қолданылмай отыр, деген­мен Қазақстанның бұл сын-қатерлерді еңсеруге толық әлеуеті бар.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: