Дүйсенбі, 25 қараша, 02:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Бала денсаулығы – басты назарда

03.02.2024

642 0

Фото: Н.Нұржаубай

Облыс көлемінде балаларға медициналық көмек көрсетуде көп бейінді облыстық балалар ауруханасының орны ерекше.

Аймақтағы 18 жасқа дейінгі 320016 балаға стационарлық және кеңес беру диагностикалық медициналық көмекті көп бейінді облыстық балалар ауруханасы атқарып отыр. Сонымен қатар қалада, аудан көлемінде жарақат алған балаларға жедел травматологиялық пунктте травматологтар медициналық көмек көрсетуде.

Аурухананың бас дәрігері Әбдіғабит Әбләзімовтің айтуынша, аурухана 360 төсекке арналған. Онда 13 бөлімше (30 профильді), оның ішінде 60 төсектік оңалту бөлімшесі бар. 35 неврологиялық, 15 ортопедиялық, 5 нейрохирургиялық, 5 кардиологиялық орынға негізделген. Сонымен бірге бiр ауысымда 300 бала қабылдайтын кеңес беру диагностикалық бөлімшесі, әкiмшiлiк, шаруашылық бөлiгi бар шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттiк коммуналдық қазыналық кәсіпорын. Емдеу орны заманауи медициналық құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілген.

2023 жылы ауруханаға 17775 науқас келіп түссе, оның 13176-на шұғыл түрде және 4985- не  жоспарлы түрде ем жүргізілген.

Дәрігерлердің жыл сайын білімін көтеріп отыру жолға қойылған. Өткен жылы 47 дәрігер, «Қамқорлық» оңалту орталығы бойынша 18 маман кәсіби біліктілік деңгейін көтерген. 5040 балаға хирургиялық ем жүргізілсе, 4207 науқасқа ота жасалған.

Ауруханадағы неонатальды хирургия бөлімшесі 9 төсекке арналған. Онда туабітті жүйке жүйесінің аурулары – гидроцефалия, жұлын жарығы бар нәрестелер емделген.  Соңғы жылдары балалар арасында осындай аурудың жиі кездесіп отырғанына дәрігерлер де алаңдаулы.

Емдеу орнында кеңес беру диагностикалық бөлімше де облыс тұрғындарына қызмет көрсетеді.  Бөлімшеде невропатолог, кардиолог, логопед, лор, окулист, хирург, ортопед, нефролог, педиатр, онко-гематолог, гастроэнтеролог, пульмонолог, аллерголог, уролог, бет-жақ хирургы, нейрохирург жалпы 24 тар буынды дәрігер жұмыс атқарады.

Сонымен қатар ЭКГ, УЗИ, ЭХОКГ кабинеттері үздіксіз қызмет көрсетеді. Науқас балалардың түрлі талдамасын зерттейтін клиникалық және бактериологиялық зертхана бар.

Былтырғы жылы 280 телемедициналық кеңес жасалынып, республикалық емдеу орындарына 50 науқас жіберілген. Аурудың күрделілігіне байланысты ауруханадан республикалық емдеу мекемесіне 25 науқас медавиациямен  жолданған

Алдағы уақытта балаларға көрсетілетін медициналық көмек аясын кеңейту мақсатында жетіспейтін дәрігерлермен қамтамасыз ету жұмысын жалғастыру, хирургиялық күрделі ота жасайтын  маманды көбейту, хирургиялық қызметті кеңейту және дамыту,  колопроктологиялық қызметті дамыту, педиатрия және балалалар хирургиясы ғылыми орталығының мамандарының қатысуымен шеберлік сабақтарын өткізу, ауруханадағы дәрігерлерді тар буынды мамандар (пульмонолог, нефролог, фармаколог, анестезиолог-реаниматолог, гастроэнтеролог, эфферентолог) бойынша қайта даярлау және тағы басқа мәселелер жоспарланып отыр, – дейді аурухананың бас дәрігері.

Балалар ауруханасының дәрігерлер қауымының жұмысы өте күрделі. Себебі ақ халаттылар жаңа туған сәбилерге де қиын оталар жасап, ем жүргізеді. Ал бала болса қай жері ауырып мазалайтынын айта алмайды.  Кеселді дәл тапса, ол –дәрігердің жеңісі. Аурухана ұжымындағы білікті ақ халаттыларға емделген науқастардың ата-анасының алғысы да дәрігер-мамандарды қанаттандырып, жұмысына қолдау болатыны сөзсіз. Емделушілердің ризашылық тілегін де жеткізуді жөн көрдік.

«Мөлдір Жұмағалиева бастаған НХИТ бөлімшесіне ерекше ыстық алғысымды білдіргім келеді.

Балам ауырып, жанымды қоярға жер таппай,  дәрігерге мұқтаж болып көпбейінді облыстық балалар ауруханасына жүгіріп келгенімде  қабылдайтын қыздар жылы қарсы алып, дәрігерлер тексеріп баламды шұғыл отаға алып кетті. Сол уақыттағы жылылықпен қарсы алған медбике,техқызметкер және дәрігерлерге мың алғыс!

Осы уақытқа дейін қанша рет ауруханаға жатып жүрсем де, дәл осындай керемет адамдардың ортасын бірінші рет көріп мен шын жүректен риза болдым. Әуелі Алла, екінші сіздердің арқаларыңыз! Алла әркез ауызбіршіліктен айырмай, барлығыңыздың отбасыларыңызға  амандық, дендеріңізге саулық берсін.

Әлі талай сәбилерге және олардың ата-аналарына қуаныш сыйлайтындарыңызға әркез сенемін. Себебі мен өз мамандығына жан дүниесімен берілген білікті, мейірімді Мөлдір Жұмағалиевадай, Надира Болатқызындай, Серік Кеңесұлындай дәрігерлерді көрдім. Алғыс пен тілектен басқа айтарым жоқ. Басымды иіп рахмет айтамын.

Құрметпен Ахметтің мамасы» депті әлеуметтік желімен алғыс айтқан ана.

Ал баласын осы ауруханада емдеткен Әмина Балтабаеваның да алғыстан басқа айтары жоқ. «Көпбейінді облыстық балалар ауруханасының анестизиология және реанимация бөлімінің дәрігерлеріне, меңгерушісі Айгүл Аманқызы бастаған медицина қызметкерлері өз істеріне тиянақты, жылы сөз, ізгі лебіздерімен адам жанын жадыратады. Әрі жасаған ем-домы да көңілге қонымды. Әрбір маман емделуші адамдардың жағдайын жасап, олардың тез жазылуына ықпал етеді. Осындай абзал мамандардан ем алып, сырқатымыздан айықтық. Барлық жаны таза, ақ халатты жандарға шын көңілден алғыс айтамын» деп ақ батасын жаудырыпты.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: