Дүйсенбі, 07 қазан, 07:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№79-2089
05.10.2024
PDF мұрағаты

Балалар неге ауырды?

16.11.2021

906 0

Елімізде коронавирус инфекциясы белең алғалы түрлі оқиғалар орын алды. Жасыратын несі бар, індеттің алғашқы кезеңінде кемшіліктер көп болды. Кем-кетігіміз білініп, вируспен күресу оңайға соқпады. Бұл ауру ең алдымен үлкендерді қойдай қырды. Енді міне, балаларға да жетті.

Шет елдерде коронавирустың бесінші толқыны басталды. Бейресми дерекке сүйенсек, оған біздің ел де дайындық үстінде-мыс. Әрине, алғашында керекті дәрі тапшы болып, ел қажет дүниесін таппай сандалды. Одан кейін құлағымыз да, көзіміз де, етіміз де үйренді ма мән бермейтін болдық. Кейде тіпті «халық бұл дертке бірте-бірте үйренеді» деген сөз рас па деп қаласың. Өйткені екінші жыл осы инфекцияның уын қайтара алмай отырмыз. Шынында оған әлем медицинасы дәрменсіз бе? Әлде «қолдан жасалған ауру» деген халық арасындағы алып қашпа сөз рас па?

Соңғы уақытта балалар жаппай ауырып жатыр. Халық арасында «далаға бір нәрсе сепкен екен. Баланы үйден шығармаңыздар» деген сөз желдей есті. Расында, бүкіл баланың диагнозы бір. Бәрі де жаппай қызуы көтеріліп, жөтелуде. Бір жағынан дәл қазіргі уақыт салқын тиіп, тұмау жұқтыратын кезең. Десе де жылда осындай мезгілде балалар жаппай ауырып, ауруханалар лық толғанын естіген емеспіз. Алайда биыл жөтел мен тұмаудың ауыр өтіп жатқаны айдан-анық. Бейресми дерекке сүйенсек, облыстық балалар ауруханасы мен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына күніне кем дегенде 70-80 бала келіп түсуде. Тіпті, олар бос палата болмаған соң, аурухананың дәлізінде жатыр. Өзі ауырып барған балаға қолайлы жағдай жасалмаса қиынның-қиыны. Не дегенмен дәліз салқын болатыны белгілі.

Осыған дейін дәрігерлер бұл инфекцияны жұқтырған балалардың ауруы жеңіл өткеретінін айтқан еді. Бірақ биылғы дерекке сүйенсек, пневмония болған бала көп. Шынымен солай ма?

– Өздеріңізге белгілі ауа райының тұрақсыз­дығына, күннің салқындауына байланысты ЖРВИ, тұмау ауруы өршіп тұр. Биылдың өзінде қыркүйек айында жедел-жәрдем бойынша 18 жасқа дейінгі балалардан 11475 шақырту түссе, қазанда 32,9 процентке (17105) жоғарылап отыр. Ал ауруханаға жатқызу бойынша екі айды салыстырғанда 24 процентке артты. Оның ішінде ЖРВИ диагнозымен ауруханаға жатқызу 54 процентке жоғары. Ал 5 жасқа дейінгі балалар арасында 54,5-ке өсті. Сонымен қатар пневмониямен қазан айында ауруханаға 100 бала түсіп, оның 84 процентін 5 жасқа дейінгі балалар құрады. Жасыратыны жоқ, қазір балалар арасында ЖРВИ өршіп тұр. Сондықтан барлық ата-анаға ескерте кетерлік жайт, егер балада тұмауға ұқсас белгілер анықталса, дереу дәрігерге хабарласқаны жөн.  Ал тұмаудың жеңіл түрі болса, үй жағдайында емес емханаға барып емдеген абзал. Мұндай аурулардың алдын алу үшін баланы көп шоғырланған жерлерге апармау қажет. Ең бастысы тазалық сақтаған жөн. Сонда ғана бұл ауру түрінің таралу жолын азайтамыз, – деді Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жө­ніндегі орынбасары Мая Мирзанова.

Иә, баланың жиі ауруына бір ғана себеп болмайды. Оның бір­неше себебі бар. Сол үшін ең алдымен бала­ның иммундық жүйесіне мән беруіміз керек. Бәріміз де ата-анамыз. Дәл осы кезде әрбір отбасының баласы ауырып жатыр. Тіпті балабақшада бір күнде 5-6 ғана бала барған күндер де кездескен. Сонда қалған балалардың бәрі ауырып жатыр немесе ата-анасы көпшілік жерге жіберуге қорқып отыр. Бүгінде ата-анасының екеуі де жұмыстағы балалар ауырса да амалсыздан балабақшаға барып жүр. 

Жалпы үлкендер баланы қалың киіндірме, ыстыққа ұстама деп жиі айтады. Алайда қазіргі жастар баланы қалың киіндіріп, жылы ұстауға тырысады. Дегенмен бұл әдіс иммундық жүйеге кері әсер етеді екен. Сондықтан мейлінше баланы салқын ауаға үйреткен дұрыс. Сонда олардың ағзасы кез-келген температураға бейім келеді.

– Бүгінде балам бір апта балабақшаға барса, бір апта үйде ем алады. Мұндай жағдай көпшілік ата-ананың басынан өтіп жатыр. Қазір бәрінің көкейінде бір сұрақ. Неге балалар жаппай ауырып жатыр? Осы сауалдың жауабын білгіміз келеді. Бала ауырғанша өзіміз ауырғанымыз артық. Ауруханалар да лық толы екенін күнделікті әлеуметтік желі арқылы біліп отырмыз. Біз үшін ең бастысы баласының амандығы. Сондықтан үш баламды балабақшаға жібермей, үйден шығармай отырмын, – деді қала тұрғыны Самал Мырзағалиева.

Қарап отырсаңыз, бүгінде дәрігерге емес, өзіне сенетін ата-аналар көп. Баланың қызуы көтерілсе де үйден ем-дом қабылдайды. Алайда дәл қазіргі уақытта ақ халаттылар оны құптамайды. Өйткені әлі күнге дейін әлемді алаңдатқан індеттің беті бері қарамай тұр. Сол себепті бала ауырса, дереу емханаға хабарласқан жөн.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: