Жексенбі, 22 желтоқсан, 21:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Балам әлсіз демеңіз…

08.10.2022

1203 0

Адам бойындағы барлық асыл қасиет атаулы әкенің қанымен, ана сүтімен даритыны анық. Ал алпыс екі тамырын идіртіп, мейірімінен төгілген қасиетті ана сүтінің орны тіптен бөлек.

   Бүгінде жас аналар бала емізуді машақат көріп, жасанды сүт беруді оңай санайтынын көзіміз көріп жүр. Ал ғылыми зерттеулер

сәбидің дені сау болып өсуі үшін екі жыл толық емізу керектігін дәлелдеп отыр. Балаға ең қажет, ештеңемен алмастырмайтын

ана сүті сан түрлі дәруменге толы. Айтар болсақ,  ана сүті ақуыз, май, түрлі дәрумендер, минералды тұздар мен өмірлік маңызы бар микроэлементтерге бай болып келеді. Өз мезгіліне жете емген сәбиде дәрумендер молынан болары сөзсіз. Демек, жасына сай, дені сау болып өседі.  Қазақтың «Ана сүті бой өсіреді, ана тілі ой өсіреді» деген

қанатты сөзі бекер айтылмаса керек. 

Облыстық перинаталдық орталықтың неонатология бөлімінің басшысы Лейлә Хайдарованың осы мәселе төңірегінде пікірін білген едік.

–  Медицинада нәрестеге уыз берудің пайдасы зор екенін дәлелдеген. Сондықтан жарық дүние есігін ашқан шақалақты бірден анасының омырауына жат­қызады. Анасына емізуді міндеттейді. Себебі ананың сүті жас нәрестені қоректендіретін, кез келген жұқпалы аурулардан сақтайды. Ол шақалақтың ми жасушасының көбеюін және жүйке жүйесінің дамуын жеделтетін қоректік заттарға өте бай. Сондай-ақ аллергиялық аурулардың, диабеттің, артық сал­мақтың, қаназдықтың алдын алады. Ана сүтін толық емген баланың ақыл-ой зеректігі жоғары болады, әрі анаға жақын, бауырмал болып өседі. Ғалымдардың соңғы зерттеулері бала үшін ана сүтінің маңызды екенін күн сайын дәлелдей түсуде. Өйткені баланы емізу бала мен ана өмірі үшін пайдалы, нәрестені тамақтандырудың ең қауіпсіз тәсілі. Ана сүті – сәби үшін алғашқы вакцина. Бұл – ауруларға қарсы ең тиімді күрес. Ананың нәрестені туған сәтте бірден құшағына алуы сәбиді жылытады, иммундық жүйесін нығайтады, ана мен бала арасындағы сүйіспеншіліктің пайда болуына ықпал етеді, ананың сүтін молайтады. Ана сүті – балаға арналған тамақ ғана емес, сонымен қатар әр баланың қажеттіліктерін ескере отырып жасалған, түрлі аурулардың алдын алуға арналған күшті дәрі. Ему кезінде баланың бүкіл ағзасы жұмыс істейді. Бастағы қан айналымы жақсарып, жақ сүйектері мен ауыз, ерін бұлшық еттері тез жетіледі Алғашқы сүт немесе ақ уыз нәрестені аурулар мен өлімнен қорғайтын элементтерге бай. Уыз құрамы сәбидің әл жинауына, тез ширауына қажетті витаминдерге өте бай. Бала өскен сайын баласының қажеттілігіне қарай әр әйелде ана сүті құрамындағы қоректік заттар да қоса өзгеріп отырады. Қазақтың әлсіз, әлжуаз балаларды көргенде «уызға жарымаған» деп жататыны осыдан. Сол себепті ана сүті – нәрестенің дұрыс өсуінің негізі. Ана сүті нәресте миының дұрыс дамуына, инфекциялардан қорғауға ықпал етеді, – дейді маман.

Иә, әлемдегі ең тәтті дәм – ананың сүтінде. Оның құнарлығы мен нәрлігіне күмән келтірмек түгілі, ерекше құпиясына ғылыми дәлелдеме қажет емес. Ана сүті таптырмайтын қорек, барлық ауру – індеттен қорғаушы адамзаттың теңдессіз әуелгі асыл тағамы. Осыны жадына ұстаған төрт баланың анасы Нұргүл Сыздықова баланы екі жасқа дейін емізуді жөн санайды.

– Мен үшін баланың денсаулығы бәрінен маңызды. Бүгінде балалар аурушаң, әлсіз. Себебі жас сәбиге түрлі қоспасы бар сүттерді береді. Олардың ешқайсысы ана сүтімен салыстыруға келмейді. Қазіргі уақытта жас аналар түрлі жағдайларға байланысты жұмысқа ерте шығып кетеді. Балалардың көп ауыратыны да  балаға көп көңіл бөлмеуден деп ойлаймын. Ана сүтіне жарымаған бала өмірде де жарымайтыны бекер айтылмаған,  – дейді ол.

Сондай-ақ  бала емізу ананың денсаулығы үшін де маңызды. Акушер мамандардың сөзіне сүйенсек, баланы емізу – сүт безінің қатерлі ісікке шалдығу қаупін он есеге, жатырдың қатерлі ісікке шалдығу қаупін екі есеге төмендетеді. Ал психологиялық тұрғыдан алғанда ана жүрегінің соғысы баланы тыныштандырса, баланың емуі анасының шаршағанын басады.

Қай жағынан алып қарағанда да ана сүтінің орнын ешқандай тағам алмастыра алмайтынын байқап отырмыз. Кез келген ана сәбиін бір жасқа дейін тек қана ана сүтімен қоректендіріп, одан кейін қосымша тағамдар қосып отырып, екі-үш жасқа дейін емізген дұрыс. 

Қорыта келгенде, ана сүтінің бала денсаулығы үшін маңызы зор. Сол арқылы нәзік жандар ұрпағының  ширақ, денсаулығы мықты болуын қамтамасыз етеді. Дені сау ұрпақ – ертеңгі ұлт болашағы, келешектің тұтқасы. Атаның қанымен, ананың сүтімен келетін тектілікті жоғалтпағанымыз жөн. Ұрпағымыз уызына жарымаған әлжуаз емес, кемел болашақтың иесі, дені сау, рухы мықты азамат болып өсуі бесік тербеткен аналардың қолында екенін естен шығармаған абзал.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: