Сенбі, 27 сәуiр, 00:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Дархан пейілді ДАРХАН

19.06.2021

1382 0

Мемлекеттің басты байлығы адам десек, әрбіріміздің саулығымызды бақылайтын ақ халатты абзал жандар. «Еңбексүйгіш елдің еңсесі биік» дейді халық даналығы. Бұл тұрғыдан келгенде біліктілік пен шыдамдылықты қатар талап ететін жауапты мамандық иелерінің бәсі биік. Әсіресе, медицина жүгі ауыр саланың бірі. Оның ерекшелігі сол, дәрігердің жұмыс барысында ешқашан қателесуге болмайды. Сондықтан олар ұдайы тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болады.

Аурудың жақсысы жоқ. Жаныңа батқан сәтте емін іздеуге кірісетін қасиет бізге ғана тиесілі. Адамның өмірі мен денінің саулығына тікелей қатысы бар дәрігерлер қауымының алдына сырқат жандар емімен қоса қамқорлықты сезінгісі келіп, сеніммен барады. Сананы ақша билеп, соған ғана тәуелді болып тұрған мына алмағайып заманда денсаулықты ғана сатып ала алмайсың. Ағзада кінәрат туындап, денсаулыққа шипа іздесең тек дәрігерге ғана барып, еміне жүгіне аласың.

Медицина күні қарсаныңда сөз еткелі отырған кейіпкеріміз Дархан Әлкенов өз міндетіне жауапкер­шілікпен қарайтын мейіргер. Ол Қызылорда қаласында «Өркениет» медициналық колледжін бітіреді. Уақыт жоғалтпай әкесінің «Отан алдындағы борышыңды өтеп кел» деген сөзіне қарсы шықпай Шымкент қаласына әскерге аттанады. Ел қорғау ердің ісі екенін түсінген Дархан бір жыл әскерде болып, әскер еліміздің берік қалқаны оны нық ұстап тұру қасиетті борыш қана емес, сондай-ақ зор мәртебе екенін түсінеді.

Әскерден оралған сарбаз арман қуып Нұр-Сұлтан қаласына барады. Бас қалада Ұлттық онкологиялық орталыққа жұмысқа орналасады. Онда жүріп шетелдік дәрігерлермен тәжі­рибе алмасады. 2019 жылы Мәскеу қаласындағы Блохин университетінің ғалымдарынан дәріс алады.

– Дәрігер мамандығының қыр-сырын қанығып, анық сол жолды таңдау үшін үлкен жүрек керек. Ақ халатты киіп алу шарт емес, әрбір дәрігер адам өмірінің арашасы екендігін білуге тиіс, – дейді Дарханның өзі.

Нұр-Сұлтан қаласында еңбек етіп жүрген жас маман өткен жылы елімізде пандемия ушыққан тұста туған жерге келіп, қызмет етуді мақсат етеді. Ол «Diaverum» гемодиализ орталығына жұмысқа орналасады. Бүгінде осын­да аға мейіргер. Гемодиализ орта­лығы 2011 жылы ашылған. Орталық залы шетелдің заманауи құралдарымен жабдықталған. Мұнда 60 аппарат бір мезгілде ем алушыларға қосылады. Аппарат көмегіне облыс бойынша 200-ден аса науқас жүгінеді. Орталықта 75 медицинаның білікті мамандары қызмет көрсетеді. Мейіргер Дархан емделушілерге әрдайым мерейін төгіп жүреді.

Қашанда жүзінен шуақ, жүрегінен мейірім төгіліп жүретін мейіргер Дарханға емделушілер үлкен сеніммен қарайды. Бір көргеннен-ақ оның бол­мысынан қарапайымдылық, кіші­пейілділік тәрізді қасиеттерді көріп, тәнті боласың.

Дәл қазіргі таңдағы қиын шақ­та дәрігерлер мен медицина қыз­меткерлерінің қайсарлығына тәнті болып қана қоймай, оларды жан-жақты қолдай білуіміз де ауызбіршіліктің белгісі.

– Дәрігерлер үшін әрбір нау­қастың өмірі қымбат. Мәселен, індет жағдайында жұмыс режимі, ем-дом шарасында үлкен өзгерістер орын алды. Тәуліктің басым бөлігін ауруханада өткіздік. Науқастардың пандемияны ауыр өткеруі, қиналуы бізге де оңай емес. Сол үшін күні-түні еңбек етіп, қолдан келген көмекті жасадық. Пандемия ме­дицина саласы қызметкерлеріне үлкен сынақ әрі кәсіби мектепке айналды. Аймақ тұр­ғындарын сақ­тық шарасын сақ­тауға, өзінің және жақындарының денсаулығына мұ­қият болуға ша­қырамын, – дейді жас маман.

Қанша сын айтылса да халық дәрігерлер қауымын ерекше құрмет тұтатыны шындық. Дәрігер болуды армандайтындар да көп. Алайда кез келген жан дәрігер бола алмайтыны анық. Себебі, олардың адам өміріне жауапкершілігі, жанашырлығы мен адалдығы маңызды. Дәрігер болатын жанға үлкен жүрек керек-ақ. Міне, бүгінгі біздің кейіпкеріміз – Дархан осындай үлкен жүректің иесі. Өмірдің талай өткелдерінен абыроймен өтті. Отбасында екі қызды тәрбиелеп өсірді. Өз ісіне шын берілді, сол мақсатта абырой биігінен түспей, қызметке адалдығын дәлелдеп келеді. Алдағы уақытта да халық арасында сыйлы болып, мамандығын мақтаныш ете беруіне бізде тілек білдірдік. Тәжірибелі дәрігердің еңбегі еселене берсін.

Суретті түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: