Конституция

Бейсенбі, 02 шiлде, 13:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№49 (2261)
30.06.2026
PDF мұрағаты

Сібір жарасы – қауіпті ауру

02.07.2026

35 0

Фото: Ашық дереккөз

Қызылорда облысында 2008 жылдан бері сібір жарасының нақтыланған немесе оған күдікті жағдайлар адамдар мен ауыл шаруашылығы жануарлары арасында тіркелген жоқ.

Облыста сібір жарасы ауруынан 51 стационарлық-қолайсыз нүкте және 57 сібір жарасы ауруының топырақтық ошағы тіркелген. Аталған ошақтардан сынамалар тұрақты алынып, «Ұлттық сараптама орталығы» Қызылорда облыстық филиалының аса қауіпті инфекциялар зертханасында бактериологиялық және ПТР әдісімен жүйелі зерттеліп отырады. Сібір жарасы ауруының алдын алуда 2026 жылдың 5 айында 201 890 мүйізді ірі қара мал, 382 720 ұсақ мал, 130 650 жылқы, 450 бас шошқа, 28750 түйе ауруға қарсы екпемен қамтылды.
Сібір жарасының алдын алуда санитариялық қорғаныш аймағында топырақты қазуға және ауыстыруға, іздестіру, гидромелиоративтік жұмыстар жүргізуге, құрылыс жұмыстарына, жалға беруге, жеке меншікке сатуға, бау-бақшаға немесе өзге мақсатта пайдалану үшін жер учаскелерін бөлуге жол берілмейді. Сібір жарасының топырақтық ошақтарын бүкіл периметрі бойынша ормен және биіктігі кемінде 1,5 метр және диаметрі 5 шаршы метр болатын қоршаулармен қоршалып, «сібір жарасы» деп жазылған тақтайшалар ілінеді, қауіпсіздік үшін кіруге тыйым салынады.
Сібір жарасы – жұқпалы аса қауіпті ауру. Ол дене қызуының көтерілуімен, лимфа жүйесінің зақымдалуымен және ағзаның ауыр түрде уланумен сипатталады. Сібір жарасы терілік формада жиі кездеседі, сирек жағдайда ішектік, өкпелік және сепсистік формада өтуі мүмкін. Аурудың қоздырушысы – таяқша пішінді аэробты бактериялар. Ол адам немесе жануарлар ағазасынан тыс жерде споралар түзіп, қоршаған ортада топырақта ұзақ жылдар бойы сақталады.
Сібір жарасын адамға жұқтыру көзі – үй жануарлары. Адамға ауру малды сою кезінде, терісін өңдеуде және бактерия спораларымен ластанған тағамдар мен ауыз суды тұтыну және ластанған топырақты егістікте қолдану кезінде жұғуы мүмкін. Инкубация кезеңінің ұзақтығы бірнеше сағаттан 14 күнге дейін, сепсистік формада 6-8 күнге созылады. Қоздырғыш енген жерде алдыменен диаметрі 1-2 см, қызыл-көкшіл түсті ауырмайтын дақ пайда болады. Бірнеше сағаттан кейін дақтың орнында мыстың түсіндей папула шығады. 12-24 сағаттан кейін серозды, соңынан қанды сұйықтыққа толы везикулаға айналады. Ол жарылғаннан кейін жиектері көтеріңкі, түбі қоңыр түсті жара пайда болады. Жараның айналасы қызарып, ісіп 1-2 аптадан кейін қызыл шоқтың ортасындағы көмір тәрізді көрінеді. Оның айналасында сезімталдық мүлде болмайды. Карбункулдың ең көп орналасатын жері – аяқ-қол, мойын және желке аймағы. Науқаста әлсіздік, шаршағыштық, бастың ауыруы болып, дене қызуы 39-40-қа дейін көтеріледі. Дер кезінде емделмеген жағдайда өлім-жітім қаупі арта түседі. Осы ретте Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау депаратменті ауру белгілері байқалған сәтте уақытылы дәрігерге қаралуға кеңес береді. Бұдан бөлек, мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындар үй жануарларына сібір жарасына қарсы екпе жүргізуге аса жауапкершілікпен қарауы маңызды. Мал ауырған жағдайда ветеринар мамандарынан кеңес алып, ауру мал жатқан, сойған жерлерге басқа жануарлардың жіберілмеуін, адамдардың сол жерде болмауын қатаң қамтамасыз етуі керек.

Г. Сыздыкова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: